Көкек айының ортан беліне жетседе, ауа райы әлі ызғарлы болып тұр. Әсіресе биылғы көктем ерекше суық, күндіз түні ызыңдаған жел. Мал да жан да әбден титықтаған. Күнгірт тартқан көңілсіз бөлмеге керосин шамның жарығы үміттің соңғы сәулесі сияқты. Қарт әженің жүзіне талай тағдырдың табы тотыққан. Немересінің науқасы, әжімдері тереңдеген маңдайға тағы бір із болып батты. Бірнеше түн бұрын алғаш айқайлап сандырақтағанда үй іші аса мән бере қоймады. Шошынған болу керек деп әжесі бірнеше рет ұшықтап, үшкіріп еді. Шипа болмады. Керсінше, қызуы көтеріліп дерт демдей түсті. Ауылда қалған жалғыз мейірбике ауруға ем таба алмады. Білікті дәрігерлер қалаға кеткелі қашан. Отағасы да жұмыс іздеп қалаға жол жүргелі біраз болды. Әлі хабарсыз. Кенет сырқы есік ашылып, жана сауған сиырдың сүті бар шелекті көтеріп үйдің ортаншыс кіріп келді. Артынан іле шешесі де сөйлей кірді.
– Апа, көрші ауылдағы емші атамен хабарластым. «Құдай қаласа ертең кешке келемін» деді.
– Тұқымың өскір, тілдесе алдың ба? «Келемін, деді» деймісің? Тәубе, тәубе, – деп немересінің маңдайына салқын сүлгіні басты да, әңгімесін әрмен жалғап.
– Ақсақалдың арғы бабасы Абылай заманында асқан батыр, шебер қолбасшы болған. Өзі де өнегелі күйші, білгір бақсы деп марқұм ерім айтып отырушы еді. Аруақты кісі бір шипасын білер, – деді, үміті қайта оянып.
Келесі кешке дейінгі тәулік тым ұзақ өтті. Күндіз жел саябырсып, далада торғайлардың шиқылы естілді. Тіршіліктің белгілері біліне бастаған тысқа терезеден қарап жатып, дауысты да ұмыта бастап еді, қолқасың күйдіріп, өкпесін қабындырып, өзегінде дауыс қайта бүлкілдеді. Қанша күндік азапқа әрең төзген бала, бұл жолы шыдамады. Талықсып кетті. Үйдің іші әп-сәтте азан қазан болды да қалды. Бәрі у шу болып жатқанда, үйге бөтен адамның қалай кіргенін ешкім аңғармай қалды.
– Аман-есенсіздар, ме? Қане мен көрейін, неге сонша даурығасыздар? – деп бейтаныс адам аурып жатқан баланың тамырын ұстап, көз қарашығын қарады.
– Амансыз ба ақсақал? – деп әжесі енді амандаса бастап еді, жанағы бейтаныс адам,
– Қызыл жібектен тігілген төсек орынның тысы керек, сосын сіздер басқа үйге барып қоныңыздар, – деді, бірден.
Көп бөгелмей төсек орын тегіс ал қызыл жібек маталы тысқа ауысты. Барлығы басқа үйге кетіп, бөлме ішінде тек қария мен бала қалды. Ақсақал қолына домбырасын алып, бірәз күйледі. Еріндері әлсін әлсін жыбырлатып, күбірлейді. Бір мезетте домбыраның шанағынан айрықша әуен төгіле бастады. Домбыра сол сөйлегеннен таң шапағы білінгенше сарнады.
Сол түнгі ұйқы, сол түнгі түс тым бөлек, тым ғажайып болды. Әуезді музыкаға жан рахаттанып, тал бойы бусады. Бұрын соңды сезінбеген хәлге түсіп, күй кешті. Табиғаттың тылсым күштері түсіне еніп, келешек тағдырына әсер ететін бұрылыстарын барынша айқындап көрсетті. Перінің қызы мейлінше арбап, асқақ армандары орындалатын жолға жетеледі. Пері қызы хас сұлу, елітіп бара жатыр.
Кенет әлгі жол күрт үзіліп, аяқ асты терең орға айналды да, шұңқыр түбіне топ ете қалды. Бас айналдырған жанағы сұлудың жүзі сұстанып, жақұттай жарқыраған жанарымен ор түбіндегі балаға соңғы рет қарады да жоқ болды. Айқайлап көмекке шақырайын десе үні шықпайды. Жоғары өрмелеп шығуға тырысып көрді күш дәрмені қалмапты. Өзінің осынша әлсіздігіне қатты қапа болды. «Болды, көндім», деп өзіде іштей келісе бергенде, көктен көркем үн тіл қатып, «Ана жерде қанша жатасын, тұр, – деді.
Басын көтеріп қараса қара торы жүзді, шашы ер балаша қиылған сүйкімді бір қыз күлімдеп қарап тұр екен.
– Шыда, қәзір, – деді де зындан түбіне қарай саты түсірді. Бойындағы бар күшін жиып баспалдаққа қарай өрмелей түсті.Әр сатыны басқан сайын қуаты артып, рухы көтерілді. Ордан енді шыға бергенде оянып кетті. Таң қылан беріп атып келеді екен. Өн бойында еш сырқат болмағандай, бақбақтың мақтасындай жеп жеңіл сезінді. Басын сәл көтеріп қараса төсектің аяқ жағында тұрған кең креслода қарт Бақсы ұйқтап отыр екен. Көрші үйде болған әжесі келген. Ас бөлмеде жүріп әлденелерді айтып, мәз болып қояды. Немересінің оянғанын көріп қатты қуанып:
– Айналайын, құлыным. Тәуірмісің, – деді.
Бала басын изеп «жақсымын» деп ишарат білдірді. Көрші ауылдан келген қария бақсыда оянып кетті. Бәрі аз-кем қал жай сұрасып, түзге шықты. Сәлден кейін буы бұрқыраған самаурын келіп, дастархан жайылды. Үй іші де тегіс жиналды. Неше күндік іштегі талас-тартыс болмағандай, бетінде қан жүгіріп, бауырларымен қалжындасып отырған балаға қарап, әжесі:
– Ақсақал, балам енді ауырмай ма? Не болған? Қәуіп қатер бар ма әлі, – деп еді,
– Бәйбіше, бала қалың күйзеліске түскен. Пенденің көбі білмейтін жалғанның құпияларымен ерте танысып қойыпты. Жан дүниесі үшін қатты тартыс болды. Әлемдер арасы ашылып ақ пен қара айқасты, – деп шай құйып отырған шешесі мен қарт енесіне қарады. Бәрі бірәз үнсіз отырды да, бағзы бақсы қайта екеуіне қарап:
– Енді еш алаңдамаңыздар, рухы берік екен. Жүрегі толық күресіп шықты. Құдай қуатын аямады. Аруақ жар болды, – деп сөзін түйіндеді.
Енді әңгіме басқа арнаға ауып, біраз шай ішілді. Қарт бақсыны ақ әже бар ыстық ықыласымен алғыс айтып, ақысын беріп мәре сәре болып жүріп шығарып салды. Бәрімен қоштасып тұрып қарт бақсы:
– Жүректі әр нәрсеге толтыра берме, сабыр қыл! Жалғыздықтың емі ақыл, білім. Бақытты бол, – деді де қария ескі Уазына мініп, жүріп кетті. Ақсақалдың айтқан сөздерін санаға сақтап алды да, сыртта ойнап жүрген балаларға қарай жүгіре жөнелді. Көкте күн күліп, табиғатта жадырап тұр екен.
Жасұлан ЖАКЕЕВ