КҮЛКІДЕН КҮМБЕЗ, СЫҚАҚТАН САРАЙ ТҰРҒЫЗҒАН

Осекеңді, Оспанхан Әубәкіровты білмейтін қазақ кемде-кем шығар-ау
деп ойлаймын. Оның әзіл-оспақ, сын-сықағын оқып, күлкісіне көміліп,
шексілеміз қатып, қалжыңына қарық болмаған кезіміз болған жоқ шығар,
сірә. Ол кезде әке-шешем ауылда мал бағады, апталап, кейде одан да кешіігіп
құшақ-құшақ газет-журналдар келеді үйге. Соның ішінде әсіресе асыға күтіп
жүретініміз, көлемі жұқалау болса да біз үшлін қыызық, қызық болғанда
іішімізді басып, айызымыз қанғанша күлетін, күлкіге кенелтетін «АРА» әзіл-
сықақ журналы еді. «Ара ара болады, шаққан жері жара болады» деген деген
сөзі мәтелге айналып кеткен Оспанхан Әубәкіровты сол кезден, оқушы
кезден бастап біле бастадық десек артық болмас.

Оның жазғандарын тез жаттап алатынбыз, мектеп сахнасында скетчтерін қойып, сықақтарын оқитынбыз. Көрермендер күлкіден қыран топан болатын. Жазғандары жеңіл,
ойда тез жатталып қалады, ұмытылмайтын, күлкі шақырып тұратын. Асқар
Тоқмағаммммммбетов, Сақтапберген Әлжіков, Жүсіп Алтайбаев, Садықбек
Адамбеков, Мыңбай Рәшев, Қалтай Мұхамеджанов, Шона Смаханұлы,
Үмбетбай Уайдин, Сеит Кенжеахметоа, Көпен Әмірбеков және т.б.
сықақшылардың жазғандарын оқысақ та, әлі күнге дейін Оспанхан
Әубәкіровтың сатирасы қазақ әдебиеті сатирасында оқшауланып,
басқалардан оқ бойы озық тұратынын мойындауымыз керек. Сатирик
Мыңбай Рәшевтің: «Жүз сықақшы жиылса да,
Оспанхандай бола алмас», – деуі кезінде айтылған орынды баға десек
болады.

«Ара» журналын, Жас алаш» (кезіндегі «Лениншіл жас») газетіндегі
«Сүзеген сөз» мүйісін, «Тамаша» ойын-сауық отауының сахналық
қойлымдарын Осағаңсыз елестету мүмкін емес. Журналистер қауымының бір
парасы «Шерханның шекпенінен шықтық» деп жатады. «Өлеңге әркімнің-ақ
бар таласы» деп Абай атамыз айтпақшы, Оскеңнен кейінгі қазақ сатирасына
таласы барлардың Оспанханның әзәл-оспақ отауынан шықтық деп айтуға
толық хақысы бар деп ойлаймын.

Осекеңінің сатираға келуі де қызық. Құрманғазы атындағы Қазақ
мемлекеттік консерваториясының театр бөлімін тәмамдаған жас өнер иесі
Қуыршақ театрында еңбек жолын бастайды. Өнерді таңдауы да кездейсоқтық
емес еді. Замандастарының айтуына қарағанда, бала кезден, мектептегі
шағынан гармон, баян тартып, аспаптың құлағында ойнап өскен бала
Оспанхансыз ол кезде ауылдың той-думан қызығы өтпейтін көрінеді. Ән
салып, баян тартып, елді қыран топан күлкіге қарық қылатын талапты жас
«сегіз қырлы бір сырлы» өнерлі болып өседі. Өнерге, театрға келуінің де бір
себебі осы еді. Солай өнерден өз орнын тапқан болар ма еді, кім біледі. Бір
күні қуыршақ тетрындағы қойылымына, өзінің жерлес ағасы, көрнекті
балалар ақыны Әнуәрбек Дүйсенбиев өнерін көруге келеді. Осекеңнің
тілінің сөйлегенде быдықтығы бар екен. Соны сахнада байқаған белгілі
балалар жазушысы, Оспанханға әлгі «кемшілігін» айтып, сен оданда сатираға
бет бұр деп жерлес інісіне ақыл-кеңес береді. Қамқорлық танытқан ағасының ақылын құп көрген Осекең осыған дейін сахнаға арнап азды-көпті
шығармалар жазса, енді сатираны серік етіп, әдебиеттің қиын да, ауыр
жанрына бірыңғай ден қояды. Сөйтіп, алғашқы тырнақалды сатираалары да
жарық көріп, елге таныла бастайды. Әнуәрбек ағасы болса, өзін қасына ертіп
жүріп, атақты ақын-жазушылармен, інісін сатирик деп таныстырып, белгілі
болуына көп ықпалын тигізеді. «Мен, — деп еске алады, сол кезде «Ара»
журналының бөлім редакторы болған Мыңбай Рәшев өзінің естелігінде, –
Оспанханның алғашқы тырнақалды туындысы туралы. – Сатира жанрына
керегі нақтылық пен дәлдік. Нысанасына дәл тигізу. Әрі сатира қысқалық
пен нұсқалықты қажет етеді. Тілі ылпып тұрған ұстарадай болуы ләзім.
Жазғанын алып келген жас жігіттің қолжазбасын көріп, не жаза қойды деген
сияқты алғашқыда күмәннің де болғаны сөзсіз. «Шаштараз» деген шағын
ғана шымшыма шумақ.

Өсіп кеткен шашқа араз,

Ол кім десең шаштараз.

Тілі лыпып тұр.

Екі жол әзілмен-ақ шаштараз ұғымын сыйғызып
жіберген. Талабына ақ жол тіледік, риза болып. Содан бастап Оспанханның
жазғандары шыға бастады».

Ең алғашқы кітабы «Қоңырау» деген атпен 1960 жылы жарық көрген.
Одан кейінгі жылдары «Бытпылдақ», «Солақай», «Жасыратын не бар»,
«Күлкіңіз келе ме?», «Сүзеген сөз», «Ымды білесіз бе? және т.б. кітаптары
жарық көрді. Осекең сатира жанрында өндірте жазған қалам иесі. «Қағаз
қалпақ» деген тұңғыш сатиралық жинағы шыққан кейін, оқырмандардың
үлкен ықылысына ие болған.

Заманымыздың ұлы суреткері Мұхтар Әуезов: «Сатира әсте өмір
шындығынан тыс тұрған жағдайдан тумайды. Қайта өмірдегі мол міннен, сан
сорақыдан, көп көргенсіздіктен туады…» – дейді. Оспанханның өз заманының
шындығын шымшымалары арқылы жеткізген шығармалары, осып түсер
сарказмдары, мысалдары, әзіл әңгімелері әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ,
ұзақ уақыт жасай бермек. Сатира сардарының шығармаларында
әсірелеу(гротеск), тұспалдау (аллегория), юмор (достық рәуіштегі күлкі)
ирония (жеңіл әжуе, сарказм (ащы мысқыл) т.б. бейнелеу тәсілдері кеңінен
қолданылады. Бір ерекшелігі, Осекең тақырып таңдап, әуре болып жатпайды.
Тіпті болмашы, елеусіз нәрсеге үлкен мағына беріп, керемет шығармалар
туғызады. Жасырған жұмбағына зер салыңыз:

Бер жағынан қарасаң,

Аржағы көрінеді.

Ар жағынан қарасаң,

Бер жағы көрінеді.

Қарапайым ба, қарапайым. Тілге ұғымға жеңіл ме, жеңіл. Шешуі: терезе.
Бірде өзі күнде келіп жүрген, үйінің жанындағы гастрономға кіріп,
көптен өтпей жатқан балыққа тағы көзі түсіп кеткен сатирик:
Ставрида,

Мұздап-семіп жатсың ба мыстан рыба? – деп қоя берген екен.

Айта берсек ел аузында жатталып, сақталып қалған мұндай шумақтардың мыңын
келтіруге болады.

Осекең туған тілінің тазалығына, оның бай құнарлығына аса керемет
мән берген, күрескен сатирик. Бір-ақ мысал. Өзінің керемет шәкірті, кейіннен
қазақ сатирасында Оспанханнан кейін ойып тұрып орын алған, «Көпен келе
жатыр» болып елге тарап кеткен Көпен Әмірбектің «Ара» журналына
келген алғашқы кездері болса керек. Осекең бірде мынаны қазақшала деп, бір
мәтінді тәжірибесі аздау жас Көпеннің қолына ұстата салады. Ойында дым
жоқ Көпекең «стол пустой» деген сөзді «үстелдің үсті бос» деп аударып
береді. Атақты сатирик болса, әлгі сөз тіркесін белден бір сызып, «үстелдің
үсті жылан жалағандай» деп түзетіп, қайтарып беріпті. Міне, шеберлік, ана
тіліне уызынан жарып өскендіктің нышаны, тілге деген жауапкершілік,
құрмет. Осекең сөзді шұбарламай, оның дұрыс жазылуына, сақталуына, ана
тіліміздің қаймағының бұзылмауына да қатты жауапкешілікпен қараған
сыңайлы. Атақты «Ңөң» деген сықақ өлеңін білмейтін қазақта жан жоқ
шығар-ау. «Н» мен «ң»-ді ажырата алмайтындарды әліпке таяқ ұстатқандай етіп түсіндіріп берген, қазақта «ң»-нен басталатын сөз бар екенін, «Айсберг» сөзінің қазақшасы «ңөң» екенін айтқанда осы Осекең.
Оспанхан Әубәкіров сатиралық шығармаларынан басқа, балаларға арналған көптеген өлең, ертегі, пьеса, әңгіме жазған. «Құдаша», «Біздің ауыл осындай» және тағы басқа ел арасына көп таралып кеткен, ондаған сүйікті әндер сөзінің авторы. Қазақтың классик сатиригі Оспанхан Әубәкіровтың туғанына 80 жылдық мерейтойына 4 томдық шығармалар жинағы жарық көріп, оқырмандарына жол тартқан болатын. Осы төрт
томдықтың бір томы сатириктің қытай, түрік, неміс және тағы басқа тілдегі әлемге белгілі сатириктері шығармаларының аудармаларынан тұрады. Осекеңнің аударма саласында да қыруар еңбек тындырғанын осыдан-ақ
көруге болады.

Осекең өмірде өте қарапайым адам болған. Қазақтың Қадыры, Қадыр Мырза-Әли Осекең туралы «Барып тұрған сатирик, көзі тірісінде классик атанған жазушы», — десе, өзінің жерлес інісі, жазушы Нағашыбек Қапалбеков: «Ахаң аңқылдақ, өмір бойы күліп жүретін адам еді», — деп еске алады. Актер Алмас Сақатов: «Қазақ сатирасына жаңадан келгендер үшін Осекең – әліппе», – дейді. Ал, өмірлік жан-жары Нұрсұлу апамыз: «Оспанхан
өте аңқылдақ, ақкөңіл еді. Кейде бірдеңеге ашуланып қалсам, «маған ұрыспа, мен халықтың адамымын», – деп, әзілдеп үндеместен душқа кіріп кететін. Ол шыққанша менің ашуым да тарап кетуші еді», – еді деп жазады.

Осекең мәрт болған . 50 жасқа толғанда туған жеріне келіп, аудан басшысы қабылдап, атақты сатириктің мерейтойына арнап «Москвич» көлігін сыйлап, қасына жүргізуші қосып беріп, жеті совхозды аралап шығып, жүргізуші әлгі машинамен үйіне әкеліп салады. Машинадан түскен Осекең, «неше балаң бар?»  деп сұрайды. Жүргізуші болса «алты балам бар» дейді.

Ендеше былай болсын. Мен жүргізсем біреуді қағып өлтіремін, немесе біреу мені қағып өлтіреді, сен мініп кет», – дейді жолсерік болған жүргізушіге.

Жүргізуші болса, әзілдеп тұр деп сенбеген соң, нотариусқа ертіп апарып, сол жерде мәшинені жүргізушіге табан астында рәсімдеп, мінгізіп жібереді.Осекеңнің осындай таңқаларлық қылықтары аз болмаған. Бірде атақты сатирик қоғамдық көлікпен үйіне қайтып келе жатады. Жолай бір автобус аялдамасынан өзінің ұлы мінеді. Әкесін көріп қасына келіп, «әке» десе, баласының бетіне бажырая қараған Осекең, «мен сені танымаймын, әкең емеспін», — дейді. Баласы абдырап, сенерін сенбесін білмей дал болады.
Бірер аялдамадан кейін атақты сатирик автобустан түсіп қалады. Сөйтіп, такси ұстап мінеді де, үйіне баласынан бұрын жетіп, киімдерін шешеді де, Нұрсұлу апаға, «балам мені сұраса, ешқайда шыққан жоқ, демалып жатыр деп айта сал», – дейді. Сәлден кейін үйге келген баласы, ұйықтап жатқан әкесін көріп, өз көзіне өзі сенбей таң қалып, анасына «жаңа автобуста әкемнен аумайтын бір адамды көрдім, – деп айта беріпті таңқалып.
Қызмет бабында, жұмыс ортасында да думандатып жүретін әйгілі сатирик туралы әдемі әзіл-қалжың әңгімелер аз емес. Жұмысқа келмей қалған Осекеңе басшысы ашуланып, «Түсініктеме» жаз дейді. Ақ қағазды ала салып, «Жұмысқа келмеген соң келмедім» деп қысқа ғана жазып, басшысына алып барыпты. Оқып, езу тартып күліп жүрген басшысы, «бара бер» деп үндемей жымиған қалпы қала берген ғой.
Өмірде осындай әзіл-қалжыңы аузынан түспеген, мірдің оғындай әрбір айтқан сөзі ауыздан-ауызға елге тарап кеткен, бар-жоғы 52 жыл ғана ғұмыр кешкен Оспанхан Әубәкіров қоғам өмірінің қалтарыс-бұлтарысын, адам мінез-құлқының жағымсыз жақтарын, ұңғыл-шұңғылын, кемшіліктерін көре біліп, сатира жанры арқылы тезге салған, әзіл әлемінің әйгілі өкілі, қазақтың күллі күлкісінің королі. Осекең қазақ сатирасын өрге сүйреп, жаңа бір белеске шығарып кетсе, қазақ сатирасы Осекеңмен оқшауланып озық тұр.
Қазақ сатирасын Оспанхансыз елестету мүмкін емес. Оның жазғандары уақыт өткен сайын өзінің өзектілігін арттырып, әлі ұзақ-ұзақ жасай беретініне күмән жоқ. Қазақстан Жазушылар одағының мұрындық болуымен осыдан бір-екі ай бұрын өзінің туған жері – Алматы облысының Жамбыл ауданында қазақтың сатирик классигі Оспанхан Әубәкіровтың туғанына 90 жылдық мерей тойы басталып кеткен болатын. Осындай іс-шаралар Қазақстанның барлық облыстарында жалғасын тапса құба-құп болар еді.
Өйткені, Оспанхан қазақққа ортақ, оның шығармалары қазақ жұртының мол қазынасы, игілігі. Осы орайда, үздік сатиралық шығармалар үшін елімізде Оспанхан Әубәкіров атындағы арнайы сыйлық тағайындалса, сатириктер еңбегін бағалаудың бір жолы болар еді. Жыл сайын сатиралық шығармаларға арналған атақты сатирик атындағы байқау өтіп тұрса, қазақ әдебиетінің сатира жанрын дамытуға үлкен қолдау, ынталандыру, қаламгерге деген құрмет, болатынына сөз жоқ. Елімізде жұмыс жасайтын және жаңадан ашылып жатқан әзіл-сықақ театрлары бар. Солардың біріне Оспанхан Әубәкіров аты берілсе нұр үстіне нұр болар еді. Түркиялықтар Әзиз Несинді төбелеріне қалай көтерсе, Оспанханды да біз төбемізге көтерсек несі айып.

Өзінің өмірдегі негізгі мұратын қазақ сатирасынан тапқан, күлкіден күмбез,
сықақтан сарай тұрғызған Оспанхан Әубәкіров бұған әбден лайық.

Бекәділ СЕМҚҰЛ
Журналистер одағының мүшесі, сатирик

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *