Италияның Пезаро қаласында спорттық акробатикадан жастар арасындағы әлем чемпионаты өтті. Жарыста әлемнің 30 елінен келген 200-ден астам спортшы бақ сынады. Жүлдегерлер қатарында Қарағандының өкілдері Диас Жеңіс пен Дилара Байбақұшева да бар. Олар халықаралық жарыстың күміс жүлдесін иеленді.
2013 жылы туған Дилара Байбақұшева – №48 мектептің оқушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жастар арасында Қазақстан және Азия чемпионы. Оның серіктесі, 2009 жылы туған Диас Жеңіс – Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенті. Спортшылар жұптық бағдарламада өнер көрсетіп, бұған дейін де ел ішіндегі және халықаралық жарыстарда елеулі жетістіктерге қол жеткізген.
Дилара мен Диас жастар арасында Қазақстан және Азия чемпионы атағын жұптық сайыста жеңіп алған. Ал бүгінгі күнге дейінгі басты жетістіктерінің бірі – Пезарода өткен әлем чемпионатындағы нәтижесі. Қарағандылық жұп бұл додада тұғырдың екінші сатысына көтерілді.
Спортшыларды алда тағы бір маңызды дода күтіп тұр. Диас Жеңіс пен Дилара Байбақұшева Жапонияның Нагоя қаласына Азия ойындары аясындағы спорттық акробатикадан көрсетілімдік өнер көрсетуге шақырту алды. Бұл қойылым аталған спорт түрінің мүмкіндіктері мен көрерменге тартымдылығын таныстыруға бағытталған. Іс-шара спорттық акробатиканы алдағы Азия ойындарының бағдарламасына енгізу мүмкіндігін талқылау аясында ұйымдастырылмақ.
Өмір БАЙБОСЫН
