Облыста шағын бизнес нысандарын көбейту арқылы тұрғындарды көптеп жұмыспен қамтуға ерекше ден қойылып отыр. Бұл тұрғыдан мемлекет тарапынан түрлі қолдау көрсетіліп келеді. Кәсібін ашамын немесе жұмыс істеп тұрған бизнесін одан әрі дамытамын дегендерге қайтарымсыз гранттар, жеңілдетілген несиелер беріліп келеді. аталған бағытта осы уақытқа дейін жүздеген кәсіпкер осындай қолдауларға ие болып үлгерді.
Жаңадан кәсіп ашуда адамның сол салаға бейімі болғаны маңызды. Себебі, кәсіп түрімен кәсіби айналысқанға дейін хоббиіне айналдырғандардың шаруасын дөңгелетіп әкетуі оңай. Сондай жандардың бірі қарағандылық Дәмелі Ермекова ұлттық қолөнерге жастайынан қызыққан. Күнделікті қолөнер бұйымын жасауды хоббиіне айналдырған Дәмелі бүгінде көп-көрім табыс тауып отыр. Ол осыдан бес жыл бұрын дәстүрлі қазақ өнерін дәріптейтін Qazyna School мектебін ашты. Қазіргі уақытта осы жерде балалар мен үлкендерге ұлттық қолөнердің қыр-сырын үйретіп жүр. Шәкірттерімен бірге этностильдегі шығармашылық жиынтықтар, балаларды дамытуға арналған ойыншықтар және киізден жасалған түрлі бұйымдар шығарып келеді.
Бес жыл ішінде шағын шеберхана ауыз толтырып айтарлықтай өндіріс цехына айналды. кәсібін кеңейту үшін мемлекет тарапынан грантқа ие болды.
Мемлекеттік қолдауға оңай қол жеткізген жоқ. Былтыр күзде Дәмелі ханым «Бір ауыл – бір өнім» жобасының үздіктері қатарына енді. Соның арқасында қайтарымсыз грантты жеңіп алды. Сол қаржысына заманауи жабдықтар сатып алып, екі адамды жұмысқа қабылдады.
– Мемлекеттік қолдау үлкен көмегін тигізді. Біз тек өндірісті жаңғыртып қана қоймай, тағы екі жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік алдық. Шағын бизнес үшін бұл – зор қолдау екені сөзсіз. Жаңадан жабдық сатып алдық. Бұрын барлық жұмысты қолмен атқарсақ, қазір заманауи аппараттарды пайдаланамыз. Бұйым бөлшектерін лазерлік станокпен кесеміз. Қалың маталарды тігетін өнеркәсіптік тігін машинамыз бар. Ал бұйымдардың үлгісін ноутбук арқылы әзірлейміз. Енді әрбір тапсырыс берушінің қалауын ескеріп, жеке тапсырыстарды сапалы әрі қысқа мерзімде орындай аламыз, – дейді Дәмелі Ермекова.
Жаңа технологияларды енгізу нәтижесінде өндіріс қарқыны едәуір артқан. Мұнда сапа мәселесі де ескерілген. Яғни арнайы жабдықтармен дайындаған соң өнім сапасы жақсарып қана қоймай, тауар түрі көбейіп отыр.
Кәсіпкерлер гранттың пайдасы зор екенін айтады. Мемлекеттік гранттар бірыңғай кешенді қолдау бағдарламасы шеңберінде беріледі. Сомасы 5 млн теңгеге дейін барады. Бұл қаражатты кәсіпкер құрал-жабдық, шикізат пен материал сатып алуға жұмсауға тиіс. Жоғарыда айтқанымыздай, бағдарлама негізгі талаптарының бірі ретінде жаңа жұмыс орындарын ашу көзделеді. Дегенмен, кәсіпкерлерге тек қаржылай көмек көрсетілмейді. Оларға құқықтық, бизнес жағынан кеңес беру ісі жолға қойылған. Облыстың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Расул Қасенханың айтуынша, жан-жақты қолдау қарастырылған.
– Мемлекеттік грант – ұсынылып отырған қолдау тетіктерінің бірі ғана. Кәсіпкерлер мемлекет тарапынан тегін оқып, бизнес-жоспар әзірлеуге, бухгалтерлік және салықтық сүйемелдеуге қатысты кеңес ала алады. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының мамандары жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңінде дерлік жан-жақты қолдау көрсетеді, – дейді Расул Қасенхан.
Иә, облыста шағын және микрокәсіпкерлікті дамытуға айрықша мән берілген. Гранттар – оның бір парасы ғана. Қазір кәсіпкерлерді қолдау бойынша түрлі құралдың басын қосқан «Іскер аймақ» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Жыл сайын бағдарлама аясында шамамен 50 жоба қаржыландырылады.
Сондай-ақ биыл «Бір ауыл – бір өнім» жобасының да ауқымы кеңейді. Финалистер саны бұрынғыдай бес емес, онға дейін өсті. Бұл да өз кәсібін ашып, дамытуға ұмтылған азаматтарды көптеп мемлекеттік қолдаумен қамтуға жол ашты.
Манас АҚСАРЫ
