Кәсіпкерлік – берекенің көзі

Еліміздің қай түкпірінде болсын жеке бизнесін ашқан жастар жетерлік. Әсіресе шағын және орта бизнестен бақ іздейтіндер көп. Әлбетте, бұл жақсылықтың нышаны. Өйткені олар бизнеске үлес қосу арқылы елдің экономикасын демеп отыр. Дамыған елдерде экономиканың негізгі тірегі біздегідей шикізат емес, бизнес екенін ескерсек, жастардың бұл қадамы құптауға тұрарлық.

Кәсіпкерлікті дамыту – бүгінгі күннің алға қойылған маңызды міндеттерінің бірі. Кәсіпкерлік қаншалықты дамыса, экономика да соншалықты өркендеп өсе бермек. Сол себептен де, еліміздің Президенті   халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауларында кәсіпкерлікті дамыту, халықты осы салаға кеңінен тарту қажет екенін алға тартып отырады.

Кентімізде осы бағытта жұмыс істеп, өз кәсібін дөңгелетіп отырған жастардың ішінде Сұлтанов Мағзұм Сабыржанұлын ерекше атауға болады. Бүгін жас та болса өзіне қажетті, қызығушылығы бар кәсібін тауып, жасап отырған ісінен берекесін, несібесін, ризығын тауып отырған кәсіпкер туралы әңгіме тізгінін тарқатпақпыз.

Мағзұм Сабыржанұлы Ақадыр кентінің тумасы. Әкесі Сабыржан Кәрібайұлы өзінің еңбек жолында қарапайым автокөлік жүргізушісі болып жұмыс істеді. Жолаушылар тасымалдайтын мекемеде ПАЗ автобусын айдап, «Транстелеком» акционерлік қоғамының бөлімшесінде жол таңдамайтын УРАЛ көлігін жүргізген. Есіміне сай сабырлы, көркем мінезді, жүрегіне иман ұялаған жанның бірі. Ер адамға тән қолынан келмейтін іс жоқ деп айтуға болады. Техниканың қай түрі болса да, олардың қыр-сырын үздік меңгерген. Жөндеу шараларын, тіпті дәнекерлеу жұмыстарын бір өзі атқара береді. Қазіргі уақытта зейнеткерлікке шықса да қол қусырып отырмай үй ауласында бағбандықпен айналысады. Бұл бала кезінен бастап қалыптасқан әдеті екен. Үй бағында жеміс беретін алма, шие ағаштары да, теректен бастап бірнеше тал түрлері де, қыста азық болатын қияр, қызанақ, қырыққабат, қызылша, жуа мен жидектің алуан түрі жетеді.

Анасы Гүлбарам Ермекқызы нотариус ретінде Ақадыр өңіріне танымал заң қызметкері. Осы салаға 40 жыл еңбек жолын арнаған. 2003 жылы өзінің жеке нотариат кеңсесін ашып, халыққа мінсіз қызмет көрсеткен. Биылғы жылдан бастап зейнеткерлікте. Отбасы тіршілігінде мейлінше тазалықты жақсы көріп, қай іс болсын тиянақты жасалып отыруын, бала тәрбиесінде қатаң тәртіптің сақталуын талап етіп отыратын сүйікті ана, ардақты әже. Жұбайы екеуі 2 ұл, бір қызды тәрбиелеп өсірген. Олардан 9 немере сүйіп отырған жайлары бар.

Мағзұм бала кенттегі Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейіндегі гимназия сыныбында оқыды. Сабағында үздік болды. Алғашқы мұғалімі аудан, облыс көлеміне белгілі ұлағатты ұстаз, өз ісінің майталманы Рахиля Ілиясқызы болады. Білікті маман әрбір оқушысына жол таба білетін ұстаз болғандықтан оқушысы Мағзұмның да тілін тауып, білімге деген үлкен құштарлығын оятады. Шәкірті де жетінші сыныпты аяқтағанша кілең «беске» оқиды. Үздік оқушының сүйіп оқитыны ағылшын тілі, информатика, денешынықтыру пәндері болады. Әсіресе, ұстазы Айгүл Нұрлыбекқызы дәріс берген информатика пәніне ерекше ықыласы ауады. Сабағына аса ұқыпты болған оқушы компьютерді шеберлікпен меңгереді. Кейіпкеріміздің айтуы бойынша, мектепте ақпараттандыру пәнінен алған алғашқы білімі кейін жоғарғы оқу орындарында жалғасып тауып, күні бүгінге дейін  атқарып жатқан  шаруаларына пайдасын тигізуде.

Мағзұм Сабыржанұлы бала кезінде дипломат болсам деп армндаған екен. Бірақ, мектеп бітірген жылы ол райынан қайтып, Қарағанды қаласындағы Орталық — Азия университеті жанындағы колледжге оқуға түседі. Ол жерден «Мұнай және газды тасымалдау» мамандығын алып шығады. Арнаулы орта білім алған жас маман Алматы қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде осы мамандық бойынша оқуын жалғастырады.

Оқуын бітіріп келгенде алған мамандығы бойынша жұмысқа тұрудың реті келмейді.  Әке-анасымен ақылдаса келе, ауылда қалып уақытша кәсіпкерлікпен айналысуға бел буады. Ол уақытта жастардың көбі осы салаға бет бұрған.

Мағзұмның кәсіпкерліктегі алғашқы қадамы сауда-саттықтан, дәлірек айтқанда азық-түлік дүкенін ашуымен басталды. Мүндай шаруамен айналысу оңай іс емес. Дүкенді ашпас бұрын кентте тұрып жатқан халықтың қажеттілігін зерттеу маңызды болды. Яғни қандай тауарлар сұранысқа ие, бәсекелестік деңгейі қандай — жақын жерде қанша азық — түлік дүкендері бар, олардың ассортименттері мен бағалары қандай екенін білу керек. Қазір қай елді мекенінде болсын азық-түлікті елге ұсынатын сауда нүктелері баршылық. Сонымен бірге дүкеннің форматын анықтау қажет, тек ең қажет тауарларды сататын шағын дүкен, минимаркет, экологиялық таза өнімдер ұсынатын мамандандырылған дүкен болуы да мүмкін. Осы аталған қағидаттарды әбден зерттеп, басшылыққа алған кәсіпкердің жұмысы алға басып, алғашқы табыстарын әкеле бастады. Шағын дүкенде бара-бара өзінің үйреншікті жеке  тұтынушылары пайда болды. Олардың көңілінен, сұранысынан шығу үшін біраз тер төгуге тура келді.

Енді жай ғана дүкеннің жұмысы аздық етті. Сауда-саттықтың айла-тәсілдерін біле бастаған кәсіпкер мини — маркет ашсам деп талпыныс жасады. Және ол ойы іске асты да. Басқа саудаға арналған ғимараттың ішіне күрделі жөндеу шаралары жүргізіліп, минимаркетке бейімделді. Жаңадан ашылған «Ақадыр» атты сауда орнына келген тұтынушылар дүкен ішін аралап жүріп, алатын тауарларын қолымен ұстап, азықтың қайда шыққанын, құрамында қандай қосымша заттар бар екенін, қай мерзімге дейін жарамды екенін көре алатын жағдайға жетті. Әрине, мұндай жағдай кез келген қаланың сауда маркеттерінде, тіпті Ақадыр кентіндегі кейбір сауда орындарында да бар. Қалай айтсақ та, кәсіпкеріміздің жұмысы жақсы жағына дами бастағаны анық еді.

Шағын маркетте елдің сұранысы бойынша керекті тауарларын үйлеріне жеткізіп беру қызметі жұмыс жасай бастады. Бір кездері әр жұма сайын тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларына тегін нан тағамдарын тарату шаралары іске асырылып отырды.

Адамзат үшін гүл деген – сүйіспеншілікті, сұлулық пен бақытты бейнелейтін табиғаттың әдемі туындысы екенін бәріміз білеміз. Гүлсіз бірде-бір қуанышты мереке, үйлену той болсын, туған күн немесе мерейтой болсын, Жаңа жыл, Халықаралық әйелдер мерекелері болсын өтпейтіні белгілі. Осы жағынан кентіміздің халқы қатты қиналатын. Мерекелік шараларда қаладағы туыстарына, таныстарына хабарласып, гүлге тапсырыс беріп, темір жолдағы пойыздар, автобустар, таксилер арқылы әуреге түсіп алдырып жататын.

Осындай жағдайды кәсіпкер Мағзұм ескеріп, кентімізде гүл сататын дүкен ашуға ниеттенді. Өмірдің сәні алқызыл гүлдерді сатудың қиындығы да баршылық. Тұрып қалса солып қалады, тасымалдау барысында да ұқыптылықты, сақтылықты, тәуекелділікті қажет ететін шаруа. Бүгінгі таңда аталған дүкен елдің сұранысы бойынша да, күнделікті жұмыстарында да раушан, хризантема, қалампыр, қызғалдақ, үйде өсіруге арналған әртүрлі экзотикалық гүлдерін кент халқына ұсынуда. Гүлдермен қатар сауда орнынан үй тұрмысына қажет немесе сыйлық ретінде адамдардың бір — біріне ұсына алатын сувенирлерді, картиналарды, вазаларды, басқа да заттарды сатып ала аласыз.

Мағзұм Сабыржанұлының тағы да бір халыққа ұсынып жүрген игілікті ісі көңілді қуантады.  Ол дегеніміз – көлікті техникалық тексеруден өткізу және автокөліктерді сақтандыру жұмыстары. Осы шаруамен ол 8 жыл бойы, яғни 2017 жылдан бастап айналысып келеді. Қазіргі уақытта халықта не көп – ол жүріп-тұруға, жұмысқа баруға, алыс сапарларға барып — қайтуға  арналған автокөліктер. Әрбір отбасында бір – екі көлік, тіптен үш көлігі бар жағдайға жеткен заман. Өйткені техникасыз ешқайда бара алмайсыз. Кәсіпкердің осы мәселені қолға алып жатқаны кент тұрғындарына ыңғайлы екені айдан анық. Өйткені, мұндай қызмет кентімізде көрсетілмесе, аудан орталығына немесе облыс орталығына баруға тура келеді. Халық әбігерге түсіп, машақатын көреді.

Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі таңда Мағзұм Сабыржанұлының кәсіп көздерін кент тұрғындарынан басқа Ақадыр аймағындағы кент, ауыл тұрғындары да кеңінен пайдаланып келеді. Азық – түлік, гүл бизнесі болсын, көліктерді техникалық тексеруден өткізу, автосақтандыру шаралары болсын, бәрі де адамдардың өмірі үшін керек тұтынатын қызметтер. Ендеше кәсіпкердің ел игілігіне жасап жатқан еңбегінің бағасы одан сайын арта түсетіні сөзсіз.

Кәсіпкер Мағзұмның халыққа жасап жатқан еңбегі оң бағасын алуда. 2019 жылы кент бойынша өткізілген «Үздік маман иелері» конкурсында «Үздік кәсіпкер – 2019» номинациясын жеңіп алған. Кент әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталған. Көліктерді сақтандыру жұмысында «НОМАД Иншуранс» фирмасының Қарағанды облыстық филиалы бойынша «Үздік сақтандыру агенті» атағының жеңімпазы болды. Ал енді, автокөліктерді техникалық тексеруден өткізу жұмысында облыс бойынша «Үздік оператор» болып танылды.

Сұхбат барысында Мағзұм Сабыржанұлы өміріндегі қызықты сәттерге тоқталып:

– Жас кезімізде кенттегі теміржолдың арғы қабатында тұрдық. Бізбен  көрші болып тұрмыстық жағдайы төмен отбасы тұрды. Ағам Нұржанмен бірге солардың екі ұлымен араласып жүрдік. Ол кезде ЮПИ ұнтағының шыққан кезі. Жаңағы ұнтақты суға қоссаң әртүрлі жеміс-жидектің дәмін беретін сусын шығады. Біз флягтарға сусындарды дайындап, баклажкаларға, бөтелкелерге құйып алып, вокзалға барамыз. Перронда өтіп жатқан  пойыздардағы жолаушыларға сатып, тиын-сиынымызды табамыз.  Сусынымыз өтпей жатса, тіпті «Спутниктің» (Ақадыр мен Мойынты арасында жүретін шолақ пойыз солай аталады) ашық платформасына мініп алып, Босаға, Мойынты станцияларына дейін өтіп кетеміз. Жолшыбай сусынымызды сатып қайтамыз. Сонда платформаларға мініп жүргенде оның үстінде сүрініп қаламыз-ау, вагоннан құлап түсеміз-ау деген үрейіміз болған емес. Бізді іздеп жатқан ешкім де болмады. Себебі, бұл әрекеттеріміздің барлығы астыртын құпия болып, көршілес достарымыздың тұрмыстарына көмек беруге арналатын.

Сонша жыл өткен соң саралап қарасам, мен сауда-саттықтың алғашқы қадамдарын сол ЮПИ сусынын сатып жүргенде алыппын – деп жымия сөзін аяқтады.

Әңгімемізге арқау болып отырған кейіпкеріміздің қолы босап қалт етіп жатқанда айналысатын ерекше қасиеттері бар. Сол қасиеттері — аңшылығы мен балықшылығы. Әсте көп адамдар не аң аулауға, не балық аулауға үйір болады. Ал Мағзұм болса екі жағын да тепе-тең ұстайды. Аңға шықса аңшылық куәлігі, балыққа барса су қоймасы иесінің рұқсатнамасы (путевкасы) болады екен. Аңшылық құрғанда үйреншікті маршруты Ортау, Қызылтау, Қызылту жағы. Бірнеше рет Ақмола облысындағы Қорғалжын қорығына дейін барған. Қанжығасына аңдардан түлкі, қоян, елік, құстардан қаз, үйрек, құр, шілік, тағы басқалары түсіп тұрған.

Ал, балыққа Көктіңкөлі көліне, Босаға, Таңатпай бөгеттеріне, Айса өзеніне барып, қармағына сазан, карп, мөңке, шортан, алабұға, тағы басқа түрлері ілігіп жүрген.

Аңшылық пен балықшылық өнерінің қайдан шыққанын Мағзұм былай сипаттайды:

– Біздің балалық шағымыз – бақытты шақ болды деп зор сеніммен айта аламын. Ағамыз екеуміз жазғы каникулдарда бір жылы Ақжалға өзіміздің ата-әжемізге барсақ, бір жылы Қайрақтыға нағашы атам мен нағашы әжемізге барамыз. Үш ай бойы қызықты, көңілді, әсерлі демалыстарымызды өткереміз. Ақжалға барғанда әкемнің бауыры Роллан (марқұм болған) ауыл сыртына шығарып «Днепр» мотоциклін жүргізуді, мылтық атуды үйрететін. Қайрақтыға барсақ тереңдігімен қорқынышты болса да, карьердің толып тұрған суынан балық аулаймыз. Тұнық деген өзеннен шортан аламыз.

Сол балалық шақтағы ермегім өсе келе оларға қызығушылық тудырып, жақсы әдетке – менің өмірлік хоббиіме айналды деп айтуға болады – деп түсіндірді.

Аңшы және балықшы болу – қазақтың байырғы да қосалқы кәсібі әрі көңіл көтерудің бір саласы. Олардың бейнеті, еңбек шығыны аз, бірақ олжасы құнды-бағалы аң терісі, құс пен балықтың еті – қай-қайсысы да адамдардың қажетіне жараған. Мұның бәрі жалпы ата — бабамыздың көшпелі өмірінің ажырамас бөлшегіндей дүние екенін ежелден білеміз.

Мағзұмның тағы бір жақсы қасиеті – ол оның ислам жолында жүруі. Әрбір мұсылман тәрізді бес мезгіл намазын оқу, мешітке жұма намазына бару, рамазан айының оразасын ұстау, зекет беру, құрбан шалу міндетті әдетіне айналған. Анасы екеуі Мекке, Мәдинаға Умра сапарымен барып, зиярат етіп қайтқан.

Мағзұм Сабыржанұлының өмірлік жары Камила Туантайқызы Ұлытау облысының Қаражал қаласында дүниеге келген. Ғарыш айлағының орталығы — Байқоңыр қаласында бой жетіп өскен. Қарағанды қаласындағы Е.Бөкетов атындағы мемлекеттік зерттеу университетінің «Шет тілдері» факультетін тәмамдаған. Ағылшын мен француз тілін толық меңгерген. Еркін сөйлейді, оқиды және жазады. Еңбек жолында Ақадыр кентіндегі «Нұршуақ» балабақшасында, Ю.Гагарин атындағы мектеп – лицейінде ағылшын тілінен сабақ берген. Кейін еңбектен қол үзбей өзі оқыған университеттен «Заңгер» мамандығын да алып шыққан. Қазіргі уақытта кенттегі жеке нотариат кеңсесінде нотариус ретінде халыққа қызмет көрсетуде.

Ерлі-зайыптылар мектеп жасындағы Ильнара, Азиза, Айша, Әмина есімді балаларын тәрбиелеп өсіріп отыр.

Әңгімемнің соңында айтарым, кейіпкерімнен сұхбат алу барысында оның тынымсыз тірлігінің, қалтқысыз қызметінің, еселі еңбегінің нағыз қайнаған қазанын көргендей болдым. Кәсібін барынша дөңгелетіп, халқына адал қызмет етіп, берекесін көріп отырған жерлесіміз Сұлтанов Мағзұм Сабыржанұлының алдағы уақыттағы еңбегіне сәттілік, отбасына баянды бақыт тілейік.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *