Кеңестің алғашқы отырысы

Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-да Қарағанды облысының Ғылым және технологиялар кеңесінің отырысы өтті.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысында: «Бүгінде ғылыми прогреске сүйенетін елдер әлемде көшбасшы орынға шықты. Біз осындай елдердің қатарына кіруіміз керек. Сондықтан ғылымды дамыту сөзсіз басымдық болуы керек», – деп атап өтті. Сонымен қатар, ол: «Ғылымды мемлекет дамуының өзекті мәселелерінен бөле-жара қарастыруға болмайды. Оны ел мен қоғам игілігі үшін тиімді пайдалану қажет. Ғылым дерексіз, яғни абстрактілі емес, нақты қолданбалы, күнделікті өмірде пайдасы мол сала болуға тиіс», – деп баса айтты.

Осы мақсаттарды басшылыққа ала отырып, облыс әкімдігінің тиісті қаулысымен Қарағанды облысының Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңесі құрылды. Оның құрамына облыс әкімдігінің, мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының, даму институттары мен ұйымдарының өкілдері кірді. Кеңестің бірінші, ұйымдастырушылық отырысын оның төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов өткізді.

Өзінің кіріспе сөзінде ол Кеңеске ғылыми-техникалық әлеуетті пайдалану тиімділігін және тұтастай алғанда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыруға әсерін ескере отырып, ерекше назар аударуды қажет ететін мәселелер шеңберін айқындау қажеттігін айтты. Және де Кеңес мүшелерінің пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып, жұмыс жоспарлары әзірленетін болады. Осылайша, ол шынайы табыс әкелетін нақты және маңызды істерге назар аударуға шақырды.

Облыстың өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Молдакәрімов отырысқа қатысушыларды кезекті отырыстың күн тәртібін алдын ала талқылай отырып, тоқсанына бір рет жиналуды ұсынып, Қарағанды облысының Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңесі жұмысының ережелерімен және тәртібімен таныстырды.

Отырыс барысында бірқатар қызықты ұсыныс айтылды. Мысалы, әртүрлі пилоттық жобаларды сериялық өндіріске енгізер алдында оларды сәтті сынақтан өткізетін инновациялық технопарктер құрудың шетелдік тәжірибесін немесе қызметтің перспективалық бағыттарын көрсете отырып, өңірлік ғылыми-техникалық атлас құру мәселелері назарға алынды. Жалпы, Кеңес мүшелері мойындағандай, облыс ең батыл идеяларды жүзеге асыра алатындай жеткілікті ғылыми және техникалық әлеуетке ие. Бұған «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығының қажеттіліктері үшін отандық қолөнершілер жасаған экстракторлардың мысалы қосымша дәлел бола алады.

Тұтас алғанда, отырысқа қатысушылар бірауыздан мойындағандай, қазір Қарағандыны бұрынғыдай көмірмен ғана байланыстыруға болмайды. Бүгінде Қарағанды – ірі өнеркәсіптік және мәдени орталық, мұнда бірінші орында көмір өндірісі емес. Қазіргі таңда өңдеу өнеркәсібі табысты дамуда, оның үлесіне жалпы өндіріс көлемінің 40 пайызға жуығы тиесілі, басқа салалар да табысты даму үстінде. Мұның бәрі ғылым мен өндірістің тығыз байланысын қажет етеді.

Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-дың Басқарма төрағасы-Ректорының баяндамасында университетіміздің ғылыми-техникалық қызметі баяндалды.

Атап айтқанда, университетте ғылымды қаржыландыру көлемі жыл сайын өсіп келе жатқаны айтылды. 2023 жылы университет  ҒЗТКЖ-ға 1,5 млрд теңге тартты, ал 2024 жылы қаржыландыру көлемі 84 жобаны іске асыру есебінен 1,8 млрд теңгеге дейін өсті. Оның ішінде 46 жоба гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде, ал 38 жоба өндірістің неғұрлым сұранысқа ие мәселелері бойынша кәсіпорындардың тапсырысымен шаруашылық-шарттық қаржыландыру арқылы жүзеге асырылды.

Құрамына «Қазақмыс» ЖШС, «Qarmet» АҚ, «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ, «Жәйрем КБК» АҚ, «Шұбаркөл Көмір» АҚ және басқа да ірі ұйымдар кіретін «Корпоративтік университет» инновациялық-білім беру консорциумы негізінде әртүрлі деңгейдегі ұйымдармен өзара әрекеттестіктің оң тәжірибесі жинақталған.

Отырыста Сауле Саветовнаның университетті басқаруына көп болмаса да өте нәтижелі жұмыс атқарып жатқандығы аталып өтілді.

Жалпы, бірінші ұйымдастырушылық отырыс ғалымдар да, өндірушілер де ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және нығайтуға мүдделі екенін көрсетті.

Екі апталық мерзімде өз ұсыныстарын, тілектерін ұсыну, тіпті тиісті бағытта жылжуға кедергі келтіретін немесе қозғалысты тежейтін қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізу және Кеңестің жұмыс жоспарын бекіту туралы шешім қабылданды.

Құралай КӨБЕНОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *