Қарағанды облысында «Тау-Кен Самұрық ҰКТ» АҚ-ның жалпы құны шамамен 750 млрд теңгені құрайтын 12 инвестициялық жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. 2029 жылға дейін 3 800-ге жуық жаңа жұмыс орнын құру көзделген.
Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев ұлттық тау-кен компаниясының жетекшілігімен және америкалық бизнес өкілдерімен кездесіп, инвестициялық әріптестікті кеңейту мәселелерін талқылады.
Келіссөздердің өзекті бағыттарының бірі – Шет ауданындағы «Солтүстік Қатпар» және «Жоғарғы Қайрақты» кен орындарын игеру жобасы. Аталған жоба америкалық Cove Capital компаниясымен бірлесіп іске асырылуда. 13 ақпанда тараптар сатып алу-сату шартына және бірлескен игеру жөніндегі құрылтай құжаттарына қол қойды. Келісім Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп патронажымен жасалып, екі ел арасындағы стратегиялық маңызды минералдар бойынша келісім аясында бекітілді.
«Тау-Кен Самұрық ҰТК» АҚ басқарма төрағасы Нариман Әбсәметовтің мәліметінше, «Солтүстік Қатпар» мен «Жоғарғы Қайрақты» – әлемдегі аса ірі вольфрам кен орындарының қатарында. Бұған дейін компания геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеген.
Келісім талаптарына сәйкес, инвестор екі байыту фабрикасы мен бір металлургиялық зауыттың құрылысына 1,1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құяды. Жоба толық жобалық қуатына шыққанда мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Бұл ретте қазақстандық кадрларды жұмысқа тартуға басымдық беріледі.
Құжатта стратегиялық қағида ретінде шикізат пен жартылай фабрикаттарды экспорттауға тыйым салу нормасы бекітілген. Өндіріс тек терең өңдеуге бағытталады. Жобаны іске асыру кезеңінде бюджетке шамамен 1,5 млрд АҚШ доллары көлемінде салық түсімдері түседі деп күтілуде.
Cove Kaz Capital Group LLC бас директоры Доминик Хитон компания жобаның ұзақмерзімді сипатын толық түсінетінін және жергілікті кадрлық әлеуетті барынша тартуға ниетті екенін атап өтті.
– Біз жобаны іске асыру барысында жергілікті билік пен тұрғындар алдындағы жауапкершілікті сезінеміз. Қарағанды облысы – өндірістік әлеуеті жоғары, кәсіби мамандары жеткілікті индустриялық өңір. Ұзақ мерзімді кезеңде жергілікті мамандарды оқытып, шетелдік қызметкерлерді кезең-кезеңімен алмастыруды жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Өз кезегінде Ермағанбет Бөлекпаев жобаны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
– Бұл – өңір үшін ауқымды әрі стратегиялық маңызы бар жоба. Жергілікті атқарушы органдарға қатысты барлық мәселе уақтылы шешіледі. Біз толық қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді облыс әкімі.
Жобаны жүзеге асыру Қарағанды облысының өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және стратегиялық маңызды минералдар саласында Қазақстан мен АҚШ арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
