ӘКЕЛЕРДІҢ ІЗІМЕН ҚИЫР ШЫҒЫСТА БОЛҒАНБЫЗ

Қиыр шығыс атауы біздің елге ежелден таныс. Мына тұрған Ақшатау төңірегінен қаншама адам тайганың аязында өмір сүріп қайтты. Онда бару жер аударғанмен бірдей еді. Ең алғаш «халық жауларының» табаны тиді. Ондаған жылдар бойы қатал табиғат аясында, мәңгі мұздақтар құрсауында жүріп қайтпай қалғандары қаншама, елге оралғандары да баршылық, бірақ оларға жергілікті өкімет жандайшаптары жақсы өмір сүруге мүмкіндік бермеді. Әр басқан ізін аңдып, жоғарыға хабарлап отырды, сол арқылы ұпай жинап, қызметте өсіп отырғандары тағы шындық. Ақталғандарына қарамастан, мүмкіндігінше қаралауға жандарын салды, біразы осы құқайға көнді, мүмкіндіктері бары басқа аймақтарға қоныс аударды, тіпті Ресей асып кеткендері бар. Қиыр шығыс деген аймақ барын халық осы адамдар арқылы білді.

Одан кейін 1939 жылы біздің елден бір топ жас жігіт отан қорғауға аттанды. Олардың да барып түскен жері осы Қиыр шығыс аймағы еді. Сол аймақтан хат жазды, топталып түскен суреттерін салып жатты. Түсірілгеніне 87 жыл болған суреттер елдің қолында әлі де сақтаулы. Өкініштісі сол, әскерге аттанған боздақтардың сорына екінші дүниежүзілік соғыс басталып, біразы туған жеріне қайтпай қалды. Баласының жолын тосып, талай ана батысқа қарай-қарай өмірден өксіп өтті. «Қара кемпір әр ауылда болған» дейтінім сол. Қиыр шығыстың айтылмай жүрген құпиясы көп. Алғашқы мобилизация кезінде 18-25 жас аралығындағы 100 мың қыз-келіншек әскери-әуе қорғаныс бөлімдеріне, 30 мың қыз-келіншек әскери әуе күштерінің байланысшылар қызметіне, 40 мың қыз-келіншек әкімшілік-шаруашылық қызметіне алынған…

Атын естісе ел үркетін Қиыр шығыс еліне 1976 жылдың 19 мамыры күні біздің де табанымыз тиді. Ел аузында Қиыр шығыс атауы жағымсыз сөз тіркесі болып қалыптасқан. Соған қарамастан біздер жаңа басталып жатқан алып құрылыс алаңына табан тіредік.

БАМ – КСРО тарихындағы ең қымбат инфрақұрылымдық жобалардың бірі болатын. Бұл теміржол – осындағы  аймақтардың табиғи байлығын игеру үшін салынған магистраль. Салуға жобаланған өнеркәсіптік кешендердің көпшілігі теміржолдан алыс салынған. Елді мекендер теміржол бойына орналасып, мыңдаған шақырым елсіз мекендерде тіршілік нысаны бой көрсете бастады.

Байкал-Амур магистралінің жалпы ұзындығы 4324 шақырым, Шығыс Сібір мен Ресейдің Қиыр шығысы арқылы өтеді. Жолдың көп бөлігі мәңгі мұз құрсауында. БАМ 11 өзенді, 7 ірі тау жоталарын кесіп өтеді. Магистраль құрылысының негізгі кезеңі 1974-1984 жылдар болып есептеледі, біз осы кезеңге тап келдік.

Ургал стансасынан 60 шақырым жердегі Нальды разьезіне келіп түстік. Қаптаған тұрғын үйге лайықталған палаткалар. Сұрай келе қыс айларында осы палаткада тұратынымызды білдік. Естіген бетте бойымызды тайганың ақырған аязы қарып өткендей болды. 45 күндік карантиннен кейін роталарға бөлді. 4-ші рота кеңестік техникалармен жарақтандырылған болып шықты. 3-ші ротада бірыңғай жер қыртысын таситын шетелдік «Magurys 290» самосвалы шоғырланған екен. БАМ құрылысы үшін 1975-1976 жылдар аралығында ФРГ-ден осындай көліктердің 10 мың данасы сатып алынған. Мұқашев Серікбол, Төлеуқұлов Марат, Даткин Қуаныш және Смағұлов Аңғар 3-ші ротаға баратын болдық. Немістің иномаркасын жүргізуге біздің жүргізушілік куәлігіміз жарамсыз болып шықты. Содан Хабаровск қаласына 45 күндік курсқа кеттік.

Көзді ашып-жұмғанша уақыт зыр ете қалды. Оқуды аяқтаған соң, әскери бөлімге келдік. Мұнда тағы сынақ мерзімінен өтіп, жеке дара көлік айдайтын дәрежеге жеттік. Көздің жауын алатындай жарқырап тұрған көлігіміз шынында адам қызығарлықтай еді. Түртіп қалсаң гүр ете түседі, жанар май құямыз да жүре береміз. Жұмыс екі сменамен. Бірнеше күн болды, «шалдардың» тарапынан ешқандай бөтен қимыл байқалмады. Ауылдағы дембельдерден естіген нешетүрлі оқиғалардың ешқайсысын басымыздан өткермедік. Кейбір роталарда стариктерге түскі тамақ тасу әрекеті болғанын кейін естіп жатырмыз. Ал ұрып-соғу, балағаттау, кемсіту дегенді көрмедік. Бастысы өтірік айтпау, ұрлық жасамау, сөз тасымау керектігін түсіндік. Адамгершілік нормадан ауытқығандар өз жазасын алып жататын. Қазақ жігіттері ондай бейбастық жасамағанын айту керек. Оның үстіне бір көліктегі екі жүргізушінің бірі жоғарғы шақырылымнан болатын. Ол өзінің қарамағындағы жүргізушіні біреудің себепсіз жазалауынан қорғап жүретін.

Украин, орыс, армян, чуваш, якут, өзбек ұлттарының өкілдері ішінде қазақтардың жағдайы жаман болмады. Көлікте жүргендіктен, екі жыл жылдам өтіп кетті. Екі жылдық мерзім тыныш өтті десе болады. Оның үстіне Шеттен барған үшеумізді бөлімше командирі етіп тағайындады. Соныңда әсері болған шығар, әскери қызметіміз оңды өтті. Жаңаарқалық Әбүйір Боранбаев деген азамат комбаттың жүргізушісі болды. Орысшасы да керемет еместін, бірақ басқа ұлттардың ішінен командир соны таңдап алды. Ақадыр ауданындағы «Өспен» совхозының жігіті Төкен Сүйеубаев талайдан бері жүрмей тұрған «ГАЗ 66» көлігін қатарға қосып, рота командирінен алғыс алғаны бар. Үшінші взводтағы бөлімше командирі Даткин Қуаныш ефрейтор дәрежесін иеленді. Бұл жақта әскери атақ беру мәселесі жолға қойылмаған, бүкіл ротада сол бір адам ғана осындай жетістікке жеткен болатын.

Бір байқағаным, Қазақстан мектептеріндегі білім басқа республикаларға қарағанда сапалы болып шықты. Өз қаласын картадан көрсете алмайтын бейбақтар барын көрдік. Рота кезекшісінің міндетін жатқа айтатын едік. Мектепте өткен алғашқы әскери дайындық сабағының әсері өте күшті болды. Содан барып біз ерекшелендік. Офицерлердің ұлтқа бөлмейтіндігін, солдаттарды адамгершілік қасиет бойынша бағалайтынын түсіндік. Ұзын сөздің қысқасы, екі жыл бойы теміржол құрылысында жұмыс істедік. Бірақ әскери қалыптан ауытқымадық, тамаққа саппен барып, саппен қайтамыз. Солдатқа тиісті әскери ережелерді, тәртіпті сақтау міндетін ойымыздан шығарған емеспіз. Бірінші ротада Сартаев Тұрбек болды, бесіншіде Омаров Егінбай. 5-ші рота бұрғылау-ату жұмыстарын (БВР) орындайтын. Тұрбектің түскен ротасында Ақсу-Аюлыдан Меңісов Қайрат деген бір жарым жыл міндетін атқарған, жауынгерлер арасында беделді жігіт бар екен. Тұрбекті елдің қолы жете бермейтін блатной жұмысқа орналастырды, өзі кеткенше қамқор болды.

Қыстың күндері -40 градус аяз тұрып алатын. Бір күні термометр бағаны -56 градустық межені көрсетті. Ауа тығыздалатын, бірақ жылы киім берілетін, тамақ мөлшері басқа бөлімдерге қарағанда артықтау болатын. Ургал стансасында Мұрат Әбжанов, Мейірман Жәшкеев, Желдібай Досымбеков әскери борышын атқарды. Мейірман су жаңа «ЗИЛ 130» көлігімен аудан көлеміндегі әскери бөлімдерді азық-түлікпен қамтамасыз ететін. Біздің бөлімге келгені мейрам, біраз дүние беріп кетуші еді. Өзіміз де жаман тұрған жоқпыз, жасаған рейсімізге байланысты ақша алатынбыз. Басқа ротадағы жағдайды білмеймін, біздің ротадағы ересек солдаттар ақшамызға тиіспейтін еді, өзіміздің керегімізге жарататынбыз. Тәртіп мықты болғандығын мойындау керек. Қазақстандықтардың бәрі таза жүрді десем артық айтқандық емес. Басқа республикалардан келгендердің ішінде өзін-өзі күте алмайтындар болды. Волгаградтан бір қазақ жігіті келді, қазақша мүдірмей сөйлейтін. Балқаштан Зайцев, Хорошилов, Жәйремнен, Жезқазғаннан, Жаңаарқадан, Ақтоғайдан, Ақшатаудан Р.Ким, В.Югай, Ақжалдан, Ақсу-Аюлыдан К.Рақышев, М.Әлкеев, Мойынтыдан Б.Құмарбаев, Ақадырдан Нұғыманов, В.Левыкин, «Шет» совхозынан Шолпанбаев деген жігіттер болды, мүмкін көп болғандықтан біздің жағдайымыз оңды болды деп ойлаймын.

Бүгіндері сол күндерімізді еске алып жатырмыз. Енді біраз уақыттан кейін 50 жылдың жүзі болады екен. БАМ-ның күшіне еніп, табысты жұмыс істегеніне де жарты ғасыр болыпты. Негізі БАМ құрылысы ертерек ойластырылса керек. 1932 жылдары 6 еңбекпен түзеу лагерінен тұратын Бамлаг салынды, онда ГУЛАГ тұтқындары жұмыс істеді. 1938 жылы тұтқындар саны 150 мыңға дейін көбейген. Сол кезде талай қазақстандықтар осы лагерьде мерзімдерін өтеген. Оған куә Дуссе-Алиньдегі екі шақырымдық теміржол туннелінің ішінде жазылған қазақша есімдер. Оның құрылысын 1939-1953 жылдар аралығында мыңдаған Бамлаг тұтқындары бастаған. Содан бірнеше рет консервацияға қойылған. 1975-1976 жылдар аралығында теміржол әскерлерінің күшімен мұздан тазартылып, құрылыс жұмысы қайтадан басталған. Осындай ауыр жұмыстың ортасында Ақсу-Аюлының жігіті Омаров Егінбай мен ақжалдық Жексенбаев Серікбай болды. Ол кездің жастары шынайы, ашық-жарқын жүзді еді, қандай жұмыс болсын жапырып істеп тастайтын, еңбекке деген көзқарас тым ерекше болатын. Соның арқасында қазақстандық жауынгерлер өздерінің отаншылдық рухтағы нағыз азамат екенін көрсетті, қазақ жігіттері ата-баба тегінен нәр алған жауынгер халықтың намысшыл ұлдары екенін паш етті.

Кезінде ғасыр құрылысы деп есептелген Байкал-Амур магистраліне 50 жыл болғандығын ресейліктер тойлап өтті. «Осы марапаттаулардан шет қалдық» деп павлодарлықтар жазып жатты. Айтса айтқандай, осы құрылысқа 1981 жылы Павлодардан 84 адам БАМ құрылысына аттанған екен. Біздің Шет ауданынан барған БАМ құрылысшылары ұмыт қалмады, бүкілодақтық екпінді құрылысқа қатысқан, ел алдындағы азаматтық және әскери міндетін адал атқарған он ардагерді Шет аудандық «Аманат» партиясы «БАМ құрылысына 50 жыл» төсбелгісімен марапаттады. Марапатты партия жетекшісі Б.Баданов Шет аудандық әкімдігінің «Ақ залында» табыстады. Марапаттау рәсіміне аудандық мәслихат төрағасы С.Социал, аудан әкімі аппаратының жетекшісі Н.Төлеуқұлов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі А.Ахметов, аудандық «Шет шұғыласы» газетінің редакторы М.Сәдуақасов, аудандық мәслихат депутаты А.Егінбайұлы, аудандық құрылыс бөлімінің қызметкері А.Даткин, ішкі істер саласының ардагері Т.Сартаев қатысты. Жиын соңында мерекелік дастарқан жайылып, жылы лебіздер мен шынайы тілектер айтылды. Осы іс-шара жөнінде аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласының басшысы Азамат Омаров әлеуметтік желі бетінде: «… Аталған игі әрі мазмұнды шараның жоғары деңгейде өтуіне ұйтқы болған Шет аудандық мәслихатының төрағасы Социал Саятқа, сондай-ақ Шет аудандық «Аманат» партиясының төрағасы Баданов Бауыржанға алғысымыз шексіз. Осындай бастамалар ел бірлігін нығайтып, ардагерлерге деген құрметті арттыра түсері шексіз», — деп жазды.

Шын мәнінде айта жүрерліктей мәдени іс шараның куәсі болдық, ел ішінде ардагерлерін еске алып, құрметтейтін тәлімді тәрбие тезінен өткен азаматтардың бар екенін көрдік. «Ел іші – алтын бесік» деп атам қазақ текке айтпаған. Мәдениет қайраткері, Арқа күй өнерінің дамуына маңызды үлесін қосқан Сәдуақасов Дәулетбек ағамыздың немересінің шертпе күйлерінен сусындадық, шет өнерпаздарының тамылжыта салған әндерін тыңдадық. Мамыражай рухани ортадан ләззат алып қайттық. Бәрінен бұрын осыдан 50 жыл бұрын ну орманды тайга өңірінде бір кісінің баласындай өмір сүрген достарымызбен қауыштық, бір-бірімізді қимай-қимай қоштастық. Сағынышты күндерде кездескенше!

Аңғар СМАҒҰЛ,

Журналистер одағының мүшесі