Шет ауданының жер қойнауы қазынаға толы. Шетінен кертіп, ел игілігіне пайдалана бер. Солардың бірі – «Nova-Цинк». Атағы алысқа жайыл кәсіпорын Ақжал кенішінен мырыш пен қорғасын кенін өндіріп отыр.
Ақжал кентіндегі халықтың үштен бірі осы кеніште еңбек етеді. Кеніш тарихы ХІХ ғасырдан бастау алады. Кеңес өкіметі тұсында өндіріс процесі ауқыммен жолға қойылды. Ал, кейінгі отыз жылда кәсіпорын қанаты кеңейді.
Кәсіпорын жер қойнауынан қазып алған кеннен концентрат дайындайды. Мұнда негізгі төрт бөлімше бар: ірі және орташа үгіту цехы, ауыр суспензиялар цехы, ұнтақтау, флотация және концентратты қоюландыру бөлімшесі, фильтрлік-кептіру бөлімшесі. Бұл жерде өте күрделі процес жүреді. Кеніштен жеткен кен үгіту цехында үгітіледі. Бұдан кейін ауыр суспензиялар цехында кен құрамындағы металл байытылады. Цехтан түскен кен диірменде тағы ұнтақталып, флотация цехына жеткізіледі. Мұнда түрлі реагенттер қосылып, қорғасын мен мырышы ажыратылады. Ал, фильтрлік цехте насостармен әкелінген концентрат әбден кептіріледі. Сапасы тексеріледі. Кепкен концентрат қаптарға салынады.
Әр қаптың салмағы екі тонна басатын бұл қаптар кейін жүк көлігімен теміржолға жеткізіледі.
Кәсіпорынның құрамына байыту фабрикасы, автотранспорт цехы, жерасты учаскелері енеді. Жерасты учаскелері орталық және шығыс деп бөлінеді. Айта кетейік, компания қазір шахталық әдіспен кен өндіруге көшті. Бұрын карьер қазып келген-ді. Тиісінше, шахта құрылысы цехы жұмыс істеп тұр.
Жаңа техника күшін алуға айрықша мән берілуде. Шахтадан жылына 1,5 миллион тонна кен шығады. Бұл кеннен 95 мың тонна көлемінде мырыш алынады. Ақжал мырышы Лондон биржасында жоғары бағаланады. 99,99 пайыз сапасына ие.
Бүгінде компанияда мыңнан астам адам жұмыс істейді. Кадр таңдауда жергілікті тұрғындар арасынан алуға айрықша назар аударады. Техникалық маман дайындауға жіті көңіл бөлінеді. Алдымен ақжалдықтар арасынан жұмыс күшін тартады. Егер, жұмыс күші жетіспей жатса, өзге өңірлерден де адам алады.
«Nova-Цинк» – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген мәселеге ұқыпты қарайтын компания. Ақжал кентінің басты демеушісіне айналған кәсіпорын. Осы уақытқа дейін серіктестіктің қаржылық қолдауымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында, әлеуметтік салада қыруар шаруа атқарылды.
2016 жылы желтоқсанда кенттегі №5 көпқабатты үй апатты деп танылды. Қыстың көзі қырауда 77 отбасы – 300 адам көшеде қалды. Аудан билігі «Nova-Цинк-тен» көмек сұрады. Кәсіпорын басшылығы көпке созған жоқ. Дереу қол ұшын созды. Меморандумға сәйкес, 100 млн теңге бөлді. Сөйтіп, №5 үй толық қалпына келтіріліп, тұрғындар көңілі жай тапты. Және үнемделген қаржыға №3 көппәтерлі үйдің шатыры жаңартылып, жылу құбыры алмастырылды.
Компанияның бұдан өзге атқарған жұмысы жетерлік. Астана – Алматы күрежолынан бұрылатын Ақжалға кіреберіс жолдың сапасы сын көтермейтін. Ой-шұқыры көп 12 шақырым оңайлықпен жеткізбеуші еді. Рейстік автобустар 12 шақырымды әрі-бері жүріп өткенде 1 сағат жоғалтып жүрді.
2019 жылы кәсіпорын осы жолды жөндеп, асфальт төсеп берді. 439 млн теңге жұмсалды.
Кәсіпорында жалақыға қатысты дау-дамай жоқ, ымыра-бірлік бар. Ақжал жұртының жағдайы өндірісі құрдымға кеткен өңірлерден оқ бойы алда екенін мойындау керек. Кәсіпорын кентке қолдау көрсетуде. Ақжалдағы ағайын жердің астындағы байлықтың арқасында артынан ерген бала-шағасын асырап отыр. Яғни кәсіпорын кеңейіп, күннен күнге қуаты артқан сайын кент тұрғындарының әл-ауқаты арта түсетіні сөзсіз.
Манас АҚСАРЫ.