«Жұмыссызға балық берме, қармақ бер», деген бар. Ол «екі қолға – бір күрек» дегенді білдіреді. Қарағанды облысында да жұмыс істемей, оқымай оңай ақша тапқысы келетіндер жеткілікті. Дегенмен, оларға жұмыс ұсынушылар көп. Биыл мансап орталықтары арқылы 13 мың жас жұмысқа орналастырылғаны осының арқасы болса керек.
Қарағанды облысында еш жерде оқымайтын және жұмыс істемейтін жастармен жұмыс жалғасуда.
Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Жасұлан Хамитов түсіндіргендей, жастар мектептен кейін бірден жақсы лауазым мен жоғары жалақы алғысы келеді. Бірақ ол үшін жұмыс істеу керек.
NEET санатындағы жастардың барынша көп санын қамту үшін Ұлттық жұмыспен қамту бағдарламалары мен өңірлік сипаттағы жобалар пайдаланылады.
– Біз осы бағытта нәтижелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Биыл 23 мыңға жуық жастар мансап орталықтарына жүгінді. Оның ішінде 13 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды, – деді Жасұлан Хамитов.
Мансап орталықтарының қызметкерлері аулаларды аралайды, мектептер мен колледждерге барады, әңгімелер өткізеді, жұмысқа орналасу мәселелері бойынша кеңес береді. Өңірде жастар көп жиналатын орындарға баратын және мемлекеттік қолдау шаралары туралы әңгімелейтін мобильді топтар бар. Тұрақты негізде бос орындар жәрмеңкелері өтеді. «Жасыл ел», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және басқа да бағдарламалар жұмыс істейді, қысқа мерзімді кәсіптік курстар ашылды.
Әр түрлі деңгейдегі гранттық қолдау бар. Атап айтқанда, Jas Project бойынша биыл Қарағанды облысынан NEET санатындағы 14 адам грант алды.
Осы жылдың ақпан айында өңірде NEET-жастарды әлеуметтендіруге және жұмысқа орналастыруға бағытталған «Мүмкіндіктер марафоны» жобасы басталды. Жұмыс нақты түрде жүргізіледі және бұл жобамен 6 мың адам қамтылды. Алғашқы нәтижелер келесі жылдың наурыз айында шығарылады.
Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп Саран қаласының Мансап орталығы жастармен белсенді жұмыс істеуде. Биыл 490 жас жұмысқа орналастырылды, оның ішінде NEET санатындағы 27 адам бар.
– NEET санаты бізде ерекше бақылауда. Біз 12 адамды тұрақты жұмыс орындарына, 8 адамды қоғамдық жұмыстарға орналастырдық, екеуі қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберілді, төртеуі «Бірінші жұмыс орны» бағдарламасына, біреуі «Әлеуметтік жұмыс орны» бағдарламасына қатысады. Бесеуі Skills Enbek платформасында дағдылар бойынша алдын-ала дайындықтан өтіп, сертификаттар алды. Қазір жергілікті ірі кәсіпорындарда көптеген бос орындар бар, – деп атап өтті Саран қаласынык Мансап орталығының директоры Татьяна Черкасова.
Руслан Пегрус Мансап орталығының арқасында QazTehna зауытына жұмысқа орналасты. Бұған дейін Саран тұрғыны бейресми түрде күзет және құрылыс нысандарында жұмыс істеген.
– Мен 34 жастамын. Екі жылдан бері зауытта жұмыс істеп келемін. Орталықта маған жұмысты тез тауып берді. Небәрі 3-4 күн ғана күттім. Алдымен бірінші дәрежелі автослесарь болдым. Мен емтихандар тапсырдым, қазір үшінші разряд алдым. Жұмыс ұнайды, ұжымым да, бастықтар да жақсы. Шығармашылық топ та бар, концерттерге қатысамыз. Мен болашақ туралы ойлана бастаған соң ресми жұмысқа баруды шештім. Жұбайым, ұлым бар. Мамандықта әрі қарай дамимыз деп үміттенемін, – деп бөлісті Руслан.
Саран техникалық колледжін жыл сайын 150–170 адам бітіреді. Мұнда барлық мамандықтар жергілікті индустриялық аймаққа бейімделген. Тек жұмысшы мамандықтар бойынша оқытылады: жерасты электрослесары, тігінші, аспаз, дәнекерлеуші, автомеханик, слесарь-жөндеуші. Колледж директоры Әлішер Жұмаділдиннің айтуынша, бір жыл бойы шеберлер өз түлектерінің жұмысқа орналасуын қадағалайды. Жұмыспен қамту шамамен 100%, ал мамандық бойынша – 70%-дан асады. Сонымен қатар, NEET-жастарға жол беріледі. Жақында 22 жастағы Алина Красник жұмысқа орналасты. Өткен жылы бойжеткен Бөкетов атындағы ҚарУ-ды бітірген, сол уақыттан бері жұмыссыз болған.
– Білімім бойынша мен орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысымын. Бастапқыда мен жұмыс іздедім, содан кейін доғардым. Мен ата-анаммен бірге тұрамын, сондықтан мен көп уайымдамадым. Сонымен қатар, мен ыңғайлы болатын орынды тапқым келді. Қаңтар айында маған Жастар ресурстық орталығынан қоңырау шалып, бірнеше бос жұмыс орындары ұсынылды. Мен жұмыс істеудің не екенін түсінгім келді. Шілде айынан бастап колледжде хатшы болып жұмыс істеймін. Мансап орталығы маған көп көмектесті, – дейді Алина.
Қазіргі уақытта облыста NEET-жастардың саны шамамен 8,1 % құрайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш төмендеді.
Манас АҚСАРЫ