Әкімшілік рәсімдік-процестік заңнама шегінде істерді қарау

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексімен (бұдан әрі – ӘРПК) реттелетін әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті – жеке тұлғалардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың жария-құқықтық қатынастардағы құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу.

Сот дауды мәні бойынша шешетін әкімшілік істі қарағаннан кейін шешім шығарылады.

Сот шешімінің мәні – бұл мемлекет органының ерікті актісі. Мемлекет атынан әкімшілік істі мәні бойынша шеше отырып, сот белгілі бір құқықтық қатынасты (немесе оның жоқтығын), субъективті материалдық құқықтар мен міндеттерді не белгілі бір фактілерді растайды.

Сот әкімшілік істің мән-жайларын тікелей зерттеу нәтижелеріне негізделген өзінің ішкі сенімі негізінде шешім шығарады.

Сот шешімінің заңдылығы заңдарды және өзге де нормативтік актілерді дұрыс қолдану, сондай-ақ сотта істерді қарау кезінде белгіленген ережелерді сақтау арқылы жүзеге асырылады, яғни сот шешімі, егер ол заңның барлық талапты сақтай отырып және заң негізінде шығарылса, заңды деп танылады.

Сот шешім шығарған кезде дәлелдемелерді бағалайды және қандай мән-жайлар белгіленгенін, осы әкімшілік іс бойынша қандай құқықтық акт қолданылуы тиіс екенін және талап қоюдың қанағаттандырылуға жататынын айқындайды. Егер әкімшілік істе бірнеше талап қойылса, онда сот барлық талап бойынша шешім шығарады.

Әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асырған кезде сот Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерден асқанын-аспағанын және әкімшілік қалауды жүзеге асыру осы өкілеттіктің мақсаттарына сәйкес келетінін-келмейтінін де тексереді.

Әкімшілік актіні немесе оның бір бөлігін заңсыз деп тану, егер соттың шешімінде өзгеше көрсетілмесе, оның күшін жоюға, сондай-ақ одан не оның бір бөлігінен туындайтын барлық заңды салдарлардың күшін жоюға алып келеді.

Сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартады.

Шешімде сол мерзім ішінде соттың шешімі орындалуға тиісті мерзім көрсетіледі.

Міндеттеменің қасиетін заң шығарушы ӘРПК -нің 18-бабында былайша ашады: «заңды күшіне енген сот актілері барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, жеке тұлғалар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуға тиіс». Бұдан басқа, Заңның бабында сот актілерін, сол сияқты сот талаптарын орындамау осы Кодексте көзделген процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға әкеп соғатыны туралы ескерту бар.

Егер талап қоюшының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіге дау айту туралы талап қою негізді болып табылса және сот оның заңсыздығын таныса, онда ол толық немесе қандай да бір бөлігінде оның күшін жояды.

Шешімді қабылдаған кезде орындалып қойған немесе орындалып жатқан, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актінің заңсыздығы танылған жағдайда, сот жауапкерді орындаудың күшін жоюға мәжбүрлеуге және талап қоюшыны шешімде белгіленген мерзімде бастапқы жағдайына қайтару бойынша әрекеттер жасауды талап етуге құқылы.

Әкімшілік актіні шығарудан бас тартудың не жауапкер әрекетсіздігінің нәтижесі болып табылатын әкімшілік актіні қабылдамау заңға қайшы келетін немесе талап қоюшы құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына себеп болған жағдайда, сот әкімшілік органға әкімшілік актіні қабылдау міндеттемесін жүктейді.

Сот жауапкерге ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдамау міндетін жүктеуге құқылы.

Сот шешімде әкімшілік актінің мазмұны мен оны қабылдау мерзімін, сондай-ақ орындылығы мәселелерін шешуді қоспағанда, әкімшілік іс үшін елеулі маңызы бар өзге де мән-жайларды айқындауы мүмкін. Соттың мұндай шешімі әкімшілік акт қабылданғанға дейін оны ауыстырады.

Әкімшілік қалау болған кезде талап қоюшының талаптарын қанағаттандыру туралы нақты шешім шығару мүмкін болмаған жағдайда, сот жауапкерге соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып, тиісті әкімшілік актіні талап қоюшының пайдасына қабылдау туралы міндеттемені жүктейді.

Әрекет жасау туралы талап қою негізді және заңды деп танылған кезде сот жауапкерді нақты әрекеттер жасауға міндеттейді және оларды орындау үшін мерзім белгілейді.

Егер талап қоюшы бір мезгілде жауапкердің нақты жасаған әрекетінің құқыққа қайшылығын тануды талап етсе, сот шешімде әкімшілік органның іс жүзіндегі әрекеті құқыққа қайшы болғанын таниды.

Әрекетке тыйым салу туралы талап қою негізді және заңды деп танылған кезде сот жауапкерге кейіннен нақты әрекеттер жасауға тыйым салады.

Әрекетке тыйым салу туралы талап қою негізді және заңды деп танылған кезде сот жауапкерге кейіннен нақты әрекеттер жасауға тыйым салады.

Сот, сондай-ақ, егер тану туралы талап қою негізді және заңды болса, ал осы мән-жайды тану талап қоюшының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін қажет болса, бұдан былай заңды күші жоқ, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні заңсыз деп тануға құқылы.

Сот, сондай-ақ талап қоюшының талап етуі бойынша, егер ауыртпалық түсіретін әкімшілік актінің күші жойылса немесе оның қолданысы өзге тәсілмен, оның ішінде оның қандай да бір бөлігінде күшін жойса, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні заңсыз деп тануға құқылы.

Бірінші сатыдағы соттың шешімі, егер ол дереу орындалмаса, егер апелляциялық шағым, өтінішхат берілмесе, апелляциялық шағым беру мерзімі өткеннен кейін заңды күшіне енеді.

Апелляциялық шағымдануға, өтінішхат әкелуге және сот мерзімді қалпына келтіруден бас тартуға мерзімді өткізіп алған жағдайларда, шешім бас тарту туралы ұйғарымға шағымдану мерзімі өткеннен кейін заңды күшіне енеді.

Жауапкер әкімшілік іс бойынша соттың шешімін заңды күшіне енген күнінен бастап бір ай мерзімде орындауға міндетті, ол туралы сотқа хабарлауға тиіс.

Егер соттың шешімінде белгіленген мерзімде ол ерікті түрде орындалмаған жағдайда, бірінші сатыдағы сот осы Кодекстің 127-бабында белгіленген мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолданады.

Соттың шешімін, ақшалай өндіріп алу туралы соттың ұйғарымын орындамау даусыз тәртіппен осы Кодекстің 127-бабының тоғызыншы бөлігінде белгіленген мөлшерде қайталап ақшалай өндіріп алуға алып келеді.

Жауапкерді ақша сомасын төлеуге міндеттейтін, ерікті түрде орындалмаған соттың шешімі атқару парағының негізінде мәжбүрлі түрде орындалады, ол талап қоюшының арызы бойынша жазып беріледі.

Реттелетін қатынастардың қатысушылары мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар болғандықтан, заңды, негізделген шешім олардың мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін жүзеге асыруға байланысты қатынастарды реттеу жөніндегі дауларын шешеді.

Б.Р.ЕСЕНКОЖАЕВА,

Шахтинск қалалық соты судьясы