КИНО ТАРЛАНЫ

Актерлік өнерге нақты анықтама беріп немесе белгілі бір формулаға бөлуге болмайды. Ешқашан. Ол сан қырлы һәм алапат күшке ие. Ойлап көріңізші, бір образ – бір адамның тұтас өмірі. Ал оны сомдау. Кешіріңіз, сомдау емес сол өмірді сүре білу. Бұл Құдай берген талант пен еңбектің жемісі ғана. Бұл ғажайып дүниені қазақтың маңдайына біткен таланты Досхан Жолжақсыновқа бере салған екен. Досханды бәзбіреумен салыстырудың еш қажеті жоқ. Ол – Досхан. Өзінше бөлек әлем. Қазақтың арман-аңсары, ішіндегі мұң-сыры, жан-айқайы. Әр қазақтың өз Досханы бар. Оның фильмдерін әр адамын өзін іздейді.

            Біз Досхан Жолжақсыновтың Тәңір сыйы Тәуелсіздікке дейінгі және Тәуелсіздіктен кейінгі жасаған образдары мен туындыларына жеке-жеке тоқталуды ұйғардық. Кеттік…

«Кез келген шығарма болсын, ол тіпті әдеби туынды, музыка болсын – ол оның автопортреті». Ағылшын жазушысы Сэмюэл Батлер айтыпты өз заманында. Ал бұл ойды Сайын Мұратбеков әдемі өрбіткен. Тарихи шығарма болсын, басқа дүние болсын онда автопортрет болмаса дүниемен сылдыр сумен тең дегенге саятын сөзі бар.

Шынымен, Әуезовтың «Абай жолы» автордың өзі. Сол сияқты Досхан Жолжақсыновтың «Біржан салы» мен «Құнанбайы» – Досханның өзі. Бұл ойыммен, толықтай келісетініне сенімдімін. Бұл туралы кейінірек.

Ең алдымен лирикалық шегініс жасайық. Досханның төлқұжатына айналған фильм ол әрине «Бандыны қуған Хамиттегі» Хамит образы. Актердің мықтылығы сол, жағымсыз кейіпкер арқылы көрерменнің көзайымына айналуында. Досхан жасаған образдардың өзі қызық. Себебі, бізде мынадай дүние бар: біз келтірген басты кейіпкер мен антагонист, яғни жағымсыз кейіпкер һәм басты кейіпкердің жолын бөгеуші. Шынтуайына келгенде, екеуіде жоқ қой. Идеал деген сөздің өзі күмәнді. Жағымсыз адамның оң шешімі мен жақсы жағы болады. Немесе керісінше, дегендей. Досхан осы ішкі механизмді терең түсіне білген тұлға. Сондықтанда оның антагонистік кейіпкерлері басты кейіпкерден де басым болып шығады. Оған мысал ретінде «Көшпенділердегі» Қалдан-Сереннің образын ала салсақ та болады. Оған да кейінірек тоқталамыз.

1979 жылы түсірілген «Бандыны қуған Хамит» немесе «Даладағы қуғын» фильмі. «Даладағы қуғын» фильмінде балалық шағын кез-келген балалардай асық ойнап, талды ат қып мінетін кезеңді басынан өткізе алмаған, Хамит сол кезеңде елім, жерім деп атқа қонған, қолына амалдың жоғынан қару ұстаған. Саясатпен уланған жастардың бірі», – деп еске алады сұқбаттардың бірінде Досхан Жолжақсынов.

Шынымен, Хамит образы қазіргі ой-санамен қарасақ мүлдем бөлек. Бірақ Хамиттің өз шындығы бар. Сол шындықты Жолжақсынов керемет жеткізе білген. Ол да өзінің шындығын қорғау барысында қарекет қылады.

Бір нәрсенің басын ашып алу керек: әдебиет пен кино мүлдем бөлек әлем. «Қаншама жауһар туындыларымыз бар, неге соны экранизацияламасқа» деп жатады көп адам. Ал киноның спецификасы басқа емес пе?! Иә, режиссер киноның дирижері. Алайда, оның процессі сан алуан шешімді қажет ететін дүние. Оператор, актер, грим, костьюм, суретші, монтаж. Түрлі саланың адамдары, түрлі пікір, түрлі көзқарас. Ал соны біртұтас дүние қыла білу – қиынның қиыны.

Досхан Жолжақсынов «Бандыны қуған Хамитті» түсіру барысындағы түрлі қиындықтар туралы айтып берген еді сұқбаттардың бірінде. Иә, кино Досханды өз биігіне әкелді, алайда сол биікке шығуда қаншама қиындық көрді. Турасын айтқанда, денсаулығын берді.

«Бандыны қуған Хамитты» түсіру кезінде оңбай жарақат алдым», – деп еске алады актер. «Каскердарлардың көмегімен жасайтын түсірілім бар еді. Бір түсірілімнен кейін кешке ақшалары қолдарына тиген каскадерлар түнімен ішіп-жеп, бір-бірімен төбелесіп, кетіп қалыпты. Ертеңінде каскадерлар жоқ. Алдында «барлық трюкті өзім-ақ жасаймын» деп едім, «Мертігіп қалсаң, кино тоқтап қалады» деп режиссер рұқсат бермеді. Бірақ, кейінірек басқа мүмкіндік болмады. Амал жоқ, «Ал, батырым, енді өзің дайындал, бір сағат уақыт берем, содан кейін түсіреміз» деді режиссер. Дайындалған болдым. Аттың ер-тоқымы да ыңғайсыз екен. «Тәуекел» деп атқа отырдым. Алдымен қос аяқпен ер-тоқымның үстіне тұруым керек, одан аттың бауырына дейін түсіп, қайтадан көтеріліп мінуім керек. Бірақ, аяғымды көтере бергенде атым кетіп қалып, екі жұдырықтай тасқа келіп құйымшақпен құладым. Арқамнан оқ атылғандай болды. Тынысым жоқ. Қатты ышқынып едім, әрең дегенде демім ашылды… Режиссер содан кейін он күн үзіліс берді. Тақтайдың үстінде жатып үйге келдім. Ол кезде де спортпен айналысып, күн сайын жүгіретінмін. Бес-алты күннің ішінде қалпыма келдім. Бірақ мұның зардабы 20 жылдан кейін білінді. Төсек тартып жатып қалдым», – дейді.

Актердің кадрдан тыс әлемі осындай. Қаншама қиындық, қаншама сәт.

Әрі қарай кеттік. Келесі шақһар дүниелердің бірі – «Гауһартас».

«Гауһартастағы» сомдаған жігітім ауылдағы ар жағында өнері бар, саңылауы бар жастың бірі. Ғашық бола білетін, әдемілікті көре білетін, бірақ іске асыру жолын біле бермейтін сонымен шатасып жүретін жігіт. Бойында ізгілік бар. Қателесу кез-келген жасқа тән нәрсе. Бірақ ар жағында өмірге деген құштарлық, сүю дегеннің не екенін бойына дарыта білген, сұлулықты, әдемілікті тани білген азамат. Сондықтан ол жігіттің ролін мен рахаттанып ойнадым», – дейді «Гауһартастағы» Әскербек образы жайлы.

Әскербек – нақты шешім қабылдай білетін, өзіне не керек екенін, бір қарағанда сұсты жігіт. Алайда, ішкі әлемі сіз ойлағандай емес. Актер айтқандай, бойында ізгілік бар. Бірақ, мұның барлығын көрсетуді қаламайды. Досхан Жолжақсынов кинодағы оқиғаның өрбуі барысында Әскербектің ішіндегі қылдай дүниені кезең-кезеңімен, уақытымен кульминацияға дейін жеткізе білді.

Досхан Жолжақсыновтың ойы, сана-сезімі, тұлғалық сипаты мүлдем бөлек. «Алаш айнасына» берген сұқбатында «Омпа» фильміндегі эротикалық эпизол туралы әңгіме болған екен. Сондағы жауабы да керемет.

«Бұл біріншіден – өнер. Қаншалықты өнер өмірден алынды дегенмен де оған ештеңе кедергі бола алмайды. Өйткені өнерде көркемдік бар. Өнерді өмірдегіден сәл жоғарылатып алу керек. Ертең эстетикалық өсиет болатын дүниелерді қалдыруымыз керек. «Омпа» деген кинода шөптің үстінде қызбен құшақтасып жату ол алғашқы сезімнің ұшқыны», – дейді.

Осыдан бір ой туындайды. Сыншылардың ең басты қателігі, киноны өмірмен салыстыруында. «Мұндай дүние өмірде болмайды». Жоқ. Мұны аспазшының жасаған дәмі тіл үйіретін бөлек ингредиент ретінде қабылдау керек. Өмірде кездеспейтін таңғажайып дүние кинодағы болуы тиіс. Бұл туралы ойын Досхан Жолжақсынов «Біржан сал» мен «Құнанбайда» да толықтырып кетеді. Иә, шынымен, тарихи фильмге келгенде, мұндай тарихта болмаған деу барып тұрған нақұрыстықпен тең. Егер фильм деректі болса бір сәрі, ал көркемдік дүние ол мүлдем бөлек. Ойымыз тағы да сол жоғарыда айтқан автопортретке тіреледі.

1990 жылы Шыңғыс Айтматовтың шығармасы негізінде түсірілген «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» туындысы. Ондағы әке образы. 5 жыл бойы түсірілген фильм өз бағасын ала білді. Жолжақсыновтың ең күрделі образдарының бірі.

Негізі киноны ұлы қылатын диалогтың көптігі емес, мимика, белгі, эмоциялардың шебер көрсетілуі. Досхан Жолжақсынов «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетте» әкенің образын осы қағида арқылы жеткізе білді. Бұл фильм адам мен табиғат арасындағы диалогты һәм күресті, адамның жігерін көрсете білген туынды.

Бұл фильм тіпті Досхан Жолжақсыновтың өмірін қия жаздаған. Алайда, Құдай оған ғұмыр берді. «Біржан сал» мен «Құнанбайды» берді. Ол енді бөлек әңгіме.

Ал «Жәбірленушілердің наразылықтары жоқтағы» тергеуші Ілияс Садықовтың образы арқылы актер шын мәнісіндегі адалдықтың не екенін және оның бағасы қандай екенін көрсете білді.

Тәңір сыйы Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 2000-шы жылдардың бергі Досхан Жолжақсынов жасаған образ бөлек әлем. Толысу, пікірлер мен көзқарастың айқындалуы, тұлғалық бейне. Мұның барлығы Досхан Жолжақсынов жасаған образдардан байқаймыз. Солардың ішіндегі ең ірі үш туындыға тоқтала кетсек. Бұл 2006 жылы жарық көрген «Көшпенділер», 2009 жылы шыққан «Біржан сал» мен 2015 жылы көрерменге жол тартқан «Құнанбай» (2015) туындысы. Соңғы екеуі әрине оның автопортреті, қолтаңбасы.

«Көшпенділердегі» – Галдан-Цэрэн. Көрермен жақсы біледі, мұндағы басты кейіпкер Абылай ханнан гөрі Досхан жасаған образы алғы шепке шығып кетті. Тағы да актердің шеберлігі. Антагонистік образбен сүйсіндіре білу кез келген актердің қолынан келе бермейді.

«Көшпенділер» – әрине көп сынға ұшыраған дүниелердің бірі. Алайда, мықты дүниенің туындауы барысында һәм кинематография саласын биіктету тұрғысынан мұндай «құрбандықтар» керек-ақ.

«Біржан сал» – ұлттың ары мен ұяты, мұң-зары. Енді бұл жердегі Досхан Жолжақсыновтың амплуасы өзгерек. Ол енді – режиссер. Сценарист. Әрине, сценарий ғаламат жазушы Таласбек Әсемқұловтың еңбегі. Алайда, сценарийге киноның мінезін бере білген Досхан Жолжақсынов. Мұны ұмытпауымыз керек. Ең алдымен режиссерлік туралы көзқарасына тоқталсақ: «Режиссура – көп синтезді дүние. Ол актер үшін де ойнауы керек, ол суретші үшін салуы керек, ол киім тігетіндер үшін тігуі керек, киім суретшісі үшін киіндіруі керек, оператор үшін көре білуі қажет. Композитор үшін жаза білуі керек. Міне бұл кәсіптің қиындығы осында. Оның барлығын қосып келгеннің өзінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратындай бас аяғы жұп-жұмыр үлкен бір көркемсуретті дүние болуы керек», – деп қалай дөп басып айтып отыр.

Тұтас ансамбль бір өзі жүргізе білу. Бұған Досхан Жолжақсынов жылдар бойғы жинаған тәжірибесінің арқасында келді.

Режиссер «Біржан сал» туралы былай дейді: «Біржанның зират басына барып айтатын: «Аяқ-табақ жалаған сарай әнші, сарай күйші етігімен төрге оза ма деп қорқам. Шын өнердің бағлан басы табалдырықта қала ма деп қорқам» – деген сөзінен-ақ қаншама дүниені аңғаруға болады?! Ұлттық өнерімізді, ұлт руханиятын төрге шығара алдық па?! Осы сауалдардың жауабын айту үшін де біз «Біржан салды» түсірдік».

Міне, кез келген тарихи материал бүгінгі күнге айтылған жан-айқай.

«Біраз адамдар «бұл сценарий емес, бұдан ештеңе шықпайды» деп те айтып жатты. Ішінде ешқандай қақтығыс жоқ дегенді алдыға тартты. Олардың да пікірілерін ескердік. Ең бастысы Қуаныш Сұлтанов ағамыз бастаған депутат ағаларымызға өтінішпен шығып, қаржы таптым. Тіпті премьерге дейін хат жаздық. Обалы не керек, бәрі құп көрді», – деп еске алады режиссер.

Біржан сал неге қапалы? Халықтың надандығына, сананың төмендігіне, шын өнерді һәм шын бостандықты, еркіндігі түйсіне білмегеніне. Біржан сал соған қапалы, содан шерлі.

«Құнанбайдың» фильмінің мықтылығы неде екенін білесіз бе? Шынайылығында. Досхан Жолжақсыновтың Құнанбайы ет пен сүйектен жаралған пенде. Ол Құнанбайды «қатып қалған ескерткіш» ретінде емес, ақ пен қарасы бар, шындығы мен қателігі бар адам ретінде көрсетті. Досхан Жолжақсыновтың ұлылығы да сонда. Өзі айтқандай, ұлы деген сөзде қадір қалмаған шығар. Алайда, осы атаққа лайық тұлға. «Құнанбай» феномені сонда.

«Құнанбайдағы» ең керемет эпизодтардың бірі – Қодар мен Қамқаның соты. Сондағы Қодардың айтатын сөзі бар: «Әй, Құнанбай, Құдай мен екеуміздің арамызға қыстырылыспа». Қодар – күнәһар, әрине. Алайда, оның да өзінің шындығы бар. Сол шындығында қалды. Ал Құнанбай өзінің шындығында.

Жалпы, Қодар мен Қамқа өмірде болмаған деген де пікірлер бар. Бұл туралы режиссер: «Қамқа мен Қодардың оқиғасының болмағаны турасында біраз адамдар сын айтты. Іздеп жүріп Шәкәрімнің «Қодар» деген поэмасын тауып алдық. Сол жерде тайға таңба басқандай етіп жазылған», – деп дауға нүкте қойған.

Фильм тарихи болғанмен, онда кино тілімен айтқандай, жалпы пландағы көріністі емес, ірі пландағы көріністі көрсете білген. Тағдыр, ішкі шайқас, сүйіспеншілік, қателік пен шындық. Бұл туралы режиссер де: «Біздің кинолардың кемшілігі сонда, киноға тек тарихты ғана әкелгісі келеді. Тарихта тағдыр болмаса ол тек жалаң баяндау болып шығады ғой. Ал тағдыр мен тарих қатар өрілсе, нағыз шедевр сол…» дейді. Ғаламат сөз.

Киноның сыртындағы тағдыр да бөлек. «Белден басып, көркемдік жағына басымдық беріп кетейін десең, Құнанбай мен Абайдың көзін көрген, аталарының сөзі жадында жаңғырып тұрған толқын бар. Сондықтан, әрбір көрініс емес, Құнанбайдың әрбір қимылына дейін ойланып-ойланып барып шешім қабылдауға тура келді.

«Құнанбай» фильмін көріп болған соң, киноның көркем тіліне таңғалғандар көп болды. Бұл – Таласбектің еңбегі. Тәкең әйгілі мұрағаттар мен кітапханалардың бәрінде отырып жұмыс істеген адам. «Осы жазып жүргендерімнің бәрі сондағы жадымда жатталған дүниелер» деп отырушы еді. Егер, Әуезов Абайды, кешегі Шер-аға Рысқұловты танытпағанда Абай мен Тұрарды дәл бүгінгі деңгейде танитын ба едік?», – деп еске алады «Құнанбай» жайлы Досхан Жолжақсынов.

Адольф Янушкевич «Қазақ даласына жасалған саяхат туралы жазбалар» сапарнамалық күнделігінде Құнанбайдың туралы: «Құнанбай өңірге аты жайылған адам, қарапайым қазақтың баласы. Ғажайып ақыл-ес және жүйрік тілдің иесі. Іскер, аталастарының игілігі туралы қам жейді, дала заңдары мен Құран қағидаларының жетік білгірі, қазақтарға қатысты ресейлік жарғыларды бес саусағындай біледі, қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Жұрт пайғамбардай сыйлайды», – деп сипаттайды.

Басқа да ғалымдар мен жазушыларды зерттей келіп, өз «Құнанбайын» тапқан Досхан Жолжақсынов: «Басқа да зерттеу еңбектерді оқи отырып аңғарғаным – Құнанбай іштей бірбеткей тұлға болмаған. Біріншіден, ол өте білімдар адам болған. Екіншіден, табиғатынан ізденімпаз, өнерпаз. Құнанбайдың өсу кезеңінің өзі үлкен прогрессивті жолда болған. Әкесі Өскенбай балаларының ішінен Құнанбайға бекер үміт артып, көзін тоқтатты дейсің бе? Өскенбай ел ісіне араласуға, билікке, тұлғалыққа Құнанбайды сүйреген», – дейді.

Кино сыншылары, 1995 жылы жарық көрген «Абайдағы» Тұңғышбай Жаманқұлов сомдаған Құнанбай мен Жолжақсыновтың Құнанбайын салыстырған екен.

«Фильмде мезгіл ауысуы, түсірілім алаңдары, қазақтың сұлу кең даласы, фильмді жандандырып тұрғандай. Фильмде қойылған музыка, түсірілім алаңы, актерлік кұрам жақсы таңдалған», – дей келе. – Құнанбай бейнесін сомдаған Досхан Жолжақсынов оны басқа қырынан көрсете алды. «Абай» және «Құнанбай» картинасындағы Құнанбай бейнесін салыстыра қарасақ, Құнанбайды екі сипатта  көреміз.  Тұңғышбай әл-Тарази сомдаған бейнелеуінде қатыгездік басым болды. Досхан Жолжақсыновтың сомдауында момынырақ болып келген. Бірақ бейнелер бір-бірінен тым қатты алшақталды десек қателесеміз. Діни көзқараста әділдік сипаты екі фильмдеде ұқсастықпен ашылып отырады», – деген.

Жолжақсыновтың «Құнанбайы» момынырақ емес, шынайы. Момынырақ деу – қате ұғым. Ақыл мен жүрек сөзін ұштастыра білген.

Қорыта айтқанда, Жолжақсыновтың жолы – сан алуан. Ішкі жігер мен тұлғалық мінез арқылы биігіне жете білген адам. Сомдаудан гөрі өмір сүруді, жасандылықтан жасампаздықты оң санайтын тұлға.

Ерболат ҚУАТБЕК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *