«КІСІГЕ ҚАРАП СӨЗ АЛМА»

Қазіргі оқырман, турасын айтқанда, тыңдарман адамның есіміне, атақ-дәрежесіне  қарап, оның  шығармашылығын  бағалайды, тыңдайды.  Ол айтқан сөздің бәрі – сөз.  Айтарға сөз  таппай,  таң  қалудың әсерінен  айыға  алмай,  әрі  кетсе  бір-екі апта  жүреді.  Бұлар  туралы  баяғыда-ақ жазылып кеткен екен.

«Сөзіне қарай кісіні ал,

Кісіге қарап сөз алма», – дейді Абай.

«Мұны жазған кісінің,

Атын білме, сөзін  біл», –  дейді  тағы бір  жолында.

Тура қазіргі тыңдарманға қаратып айтылған сөз.

«Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,

Бұл – жұрттың сөз танымас бір парасы», – дейтін де  –  Абай.

Тыңдарманның күйі дәл  осындай.  Кісіге қарап  баға  берген заманда сөздің қадірі қашты.

***

Мектепте  оқып  жүрген  кездері  бесінші сыныптың  «Қазақ  әдебиетіндегі» барлық  өлеңді  түгелдей  жаттап  келген сыныптасым бар. Жаттау да – өнер. Бірақ онда  тұрақтылық  жоқ.  Қазір  сол  досым жаттаған  өлеңдерінің  бірде-бір  жолын білмейді. Ал одан бәрі үміттеніп еді.

***

«Сіздер осы неге пессимистік сарында өлең  жазасыздар?»  дейтін  сұрақтар  жиі қойылады.  Мұны  оқырманның  емес, тыңдарманның сауалы дер едім. Барлық кінә  өзімізден.  Өлеңді  зарлап  оқығаннан кейін, тыңдарман оны қайдан пессимистік сарын  демесін?..  Ал  сіз  Мұқағалидың өлең оқығанын тыңдадыңыз ба?! Шаттық қой. Қуаныш. Талпыныс. Құштарлық. Ал сіз  болсаңыз,  сыңсығаннан  түк  медет таппадыңыз.  Барлығы  түсінікте.  Ақын өлеңді  солай  оқу  керек  деп  түсінді, ал  тыңдарман  ақын  мұңды  өлең  ғана жазады деп түсінді.

***

Бір  ақынның  үйінде  жазған  өлеңінен алған  марапаты  көп  екен.  Ал  кітап сөресінде – тек өзінің кітаптары. Мен оған Абайдың кітабын сыйладым. Қолтаңбаға Абайдың:

«Арсыз болмай, атақ жоқ,

Алдамшы болмай, бақ қайда?» – деген жолдарын  жазып  бердім.

Мәз  болып қалды. Ақымақ!

Ерболат ҚУАТБЕК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *