«Кітап оқитын ұлт» : 67 мыңнан аса оқырман тіркелді

Қарағанды облысында кітапқұмарлар қатары көбейіп келеді. Мәселен «AMANAT» партиясының «Кітап оқитын ұлт» жобасына аймақта 67 мыңнан астам адам тіркелді. Ал көп кітап оқыған оқырмандар саны бойынша Абай ауданы мен Теміртау, Шахтинск қалалары көш бастап тұр.

«Кітап оқитын ұлт» жобасына облыс тұрғындары тарапынан қызығушылық күн санап өсіп келеді. Бүгінге дейін тіркелген 67 438 адамның 30 534-і оқушы болса, 7 862 студент, 17 000 педагог пен 1 439 мемлекеттік қызметші бар.

Жобаға қатысушылар арасында өзара бәсеке бар. Соның арқасында оқырмандар кітап оқуды күнделікті әдетке айналдырды. Оқырмандардың өздері де ойлау қабілеттері дамып, сыни ойлай бастағандарын да атап өтеді.

Қазір әр қала мен аудан орталығында оқырмандар клубтары құрылды. Осы жерде жобаға қатысушылар оқыған шығармаларын талқылайды. Соның арқасында өңірлік кітапханалардың жұмысы жанданды.

Отбасымен кітап оқуға машықтанғандар да бар. Мәселен Қарқаралы ауданында тұратын Сабыровтар әулеті әр кеште оқыған кітаптарын бірге талдап, қызықты тұстарын бір-біріне әңгімелеп беруді дәстүрге айналдырған. Соның нәтижесінде олар телефон мен теледидар қарауды да сиреткен.

– Жобаға қатысқалы бері телефонға мүлде қарамаймын. Бұрын үйде кешкілік уақытта әркім өз шаруасымен кетсе, қазір бәріміз бір жерге жиналып, шығарманы бойынша ой бөлісіп, бір-бірімізді тыңдаймыз, – дейді Еркежан Сабыр.

Жобаға мұғалімдер де белсене атсалысып отыр. Қарағандыдағы Мағжан Жұмабаев атындағы гимназия мұғалімі Бекзат Алтынбектің айтуынша, жоба қайтадан кітап оқуға оралуға сеп болған.

– Бала кезімнен кітап оқуды жақсы көремін. Бірақ кейінгі жылдары уақыт тапшылығы мен жұмыстың көптігіне байланысты сүйікті ісіме көңіл бөлмей кеттім. Енді қайта құлшыныс оянды. Кітап оқудың қызығына қайта дендей бастадым. Қызығушылық болса, уақыт табуға болады екен, – дейді мұғалім.

Жоба басталғанда мектеп оқушылары 15 кітапты оқу деген мүмкін емесін айтқан еді. Бірақ уақыт өте келе бұл қолдан келетін шаруа екенінен көз жеткізді. Бір маусымда 15 кітап оқу – білімді ғана емес, тілдік қабілетімізді, сөздік қорымызды және аналитикалық ойлауды дамытады дейді олар.

– Мен үшін бұл байқау ақшалай жүлде емес, жан азығына айналды. Әр кітаптан алған әсерімді қағазға түсіріп, оқығанымды пысықтаймын. Кейіпкерлер мен авторлардың ойлары терең толғанысқа жетелейді. Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде оқи отырып, көп пайда алдым, – дейді №2 «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы Назерке Нұртілеу.

Айта кетейік, партия ұйымдастырған жобаның негізгі мақсаты – кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Сондай-ақ кітап оқу арқылы білім мен руханиятқа деген сүйіспеншілікті арттыруды көздейді. Қарағанды облысында партия бастамасы үлкен трендке айналып, табысты жүріп жатыр.

Жоба биылғы жылдың қыркүйегінде пилоттық режимде Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында басталған еді. Осы күнге дейін жобаға үш өңірден 189 мыңнан астам адам қатысып отыр. Қатысушылар алты ай ішінде қатысушылар 15 кітап оқуға тиіс.

Басты мақсатымыз – қазақстандықтардың кітап оқу деңгейін жылына кемінде 10 кітапқа жеткізу. Байқау арқылы біз оқуға деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, кітапты мектеп кезінен бастап тұрақты әдетке айналдыруды көздеп отырмыз, – дейді «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қорының атқарушы директоры Аян Сақошев.

Жобаның қорытындысы келесі жылдың сәуірінде шығады. Ең үздік оқырмандар ақшалай сыйлықтарға, сертификаттар мен медальдарға ие болады.

Манас АҚСАРЫ