Креативті индустрия: Қарағанды әлеуеті

 баспасөз мәлімдемесі

          17-18 қазанда Астана қаласында Qazaq Creative Hub алаңында Қарағанды облысының шығармашылық мүмкіндіктерін көрсететін «CREATIVE AIMAQ» жәрмеңкесі өтті.

Еліміздің шығармашылық әлеуетін таныту, отандық бренд қалыптастыру және авторлық өнімдерді үлкен нарыққа шығаруды көздейтін  іс-шараға зергерлер, суретшілер, қолөнер шеберлері, барлығы – 55-тен астам креативті индустрия өкілі қатысты.

Қарағандылық делегацияны бастап келген облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей: «Креативті индустрияны дамыту талант пен зияткерлік әлеуетті ел игілігіне пайдалануға жол ашады. Мемлекет басшысы бұл салаға ерекше көңіл бөліп, оның экономикалық әлеуеті зор екенін айтқан. Елімізде қазірдің өзінде бұл салада 160 мыңға жуық адам еңбек етеді. Ендігі міндет – дарын иелерінің шығармашылығын табыс көзіне айналдырып, туған өлкесінде кәсібін дөңгелетуіне жағдай жасау», – деді.

Екі күнге жалғасқан шара аясында белгілі суретші, ядролық қаруға қарсы халықаралық қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіковтің «Қайсар рух» және «Жизнь без рук» кітаптарының таныстырылымы өтті. Автор өз естеліктерімен бөлісе отырып, адам өмірінің қадірі, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік туралы ой қозғайды.

Сондай-ақ, жәрмеңкеге келген жұрт назарына танымал дизайнер Гүлнұр Жарылханованың сән топтамасы, ұлттық нақыштағы зергерлік әшекейлер ұсынылды.

Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік өнерпаздары бағдарламаны ән-күймен өрнектеді. Келушілер сәндік-қолданбалы өнер туындыларын тамашалап қана қоймай, шеберлік сабақтарына қатысып, қолөнердің қыр-сырын үйренді. Қарағандылық креаторлар жасанды интеллектке негізделген жобаларын, ұшқышсыз басқарылатын құрылғылардың мүмкіндігін шара қонақтарына көрсетті.

Осылайша «CREATIVE AIMAQ» Қарағандының шығармашылық келбетін әр қырынан танытты: мұнда атадан қалған өнер де, бүгінгі буынның тың ізденістері де көрініс тапты. Креативті жәрмеңке қатысушылардың шығармашылық ізденістеріне серпін беріп, кәсіпкерлік байланыстарын кеңейтуге жол ашты.