ӘЛЕМДІ ТАҒЫ МОЙЫНДАТТЫ

Маусым айының 17-24 күндері аралығында Норвегия елінің Драммен қаласында штанганы жатып сығымдап көтеруден әлем біріншілігі өтті.  Дүниежүзілік зілтеміршілер жарысына 54 елден 1400-ден астам адам қатысты. Аталған додада Қарағанды облысынан еліміздің намысын ақадырлық әкелі-балалы Оспановтар қорғады.

70 жастан асқан ардагерлер арасында өткізілген сайыста Оспанов Дәрібай Қараманұлы 93 кг салмақ дәрежесінде классикалық түрінен қола медальға қол жеткізсе, арнайы жабдықпен көтеруден алдына жан салмай, чемпион атанды.

Дәрібай ақсақал осымен халықаралық жарыстардағы медальдардың санын 22-ге  жеткізіп отыр. Атап айтсақ, әлемдік жарыстарда 5 алтын, 4 күміс, 1 қола медаль иеленсе, Азия құрылығының біріншіліктерінде 10 алтын, 2 күміс медальдарын жеңіп алды.

Ақсақалдың ұлы Қараман Абдулкәрім Дәрібайұлы ерлер арасында 66 кг салмақта сайыстың екі түрінен де жеңімпаз атанды. Жарыстың классикалық түрінен 190 кг көтерсе, арнайы жабдықпен 245 кг  көтерді. Абдулкәрім де халықаралық жарыстардағы медальдар санын 20-ға жеткізіп отыр. Оның ішінде әлемдік біріншіліктерінің 7 алтын, 7 күміс медальдары, Азияның 6 алтын медальдарын қосып қойыңыз.

Тағы бір қуантарлық жағдай: ол Қараман Абдулкәрімнің  халықаралық  төрешілер қауымдастығының қатарына кіріп, осы әлемдік біріншілікте әділ төрешілік жасауы. Бұл дегеніміз спортшымызды дүние жүзінің пауэрлифтинг қауымының мойындағаны деп түсінуге болады.

Жалпы командалық есепте Қазақстан елінің құрамасы биіктен көрінді. Ерлер арасында абсолюттік чемпион болып Ақтау қаласының өкілі Шоқанов Асқар атанды.

Норвегия елінде өткен зілтеміршілер сайысында Қазақстанның Әнұранын ойнатып, Көк Туын желбіретіп әлемді кезекті рет мойындатқан әкелі – балалы чемпиондарымыз Оспановтарды құттықтай келе, биіктен  көріне берулеріне тілектес болайық! Жеңісті күндеріміз көп болсын!

Қ.БЕКҚОЖИН,

Ақадыр кенті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *