Әлеуметтік әріптестік туралы үшжақты келісім жасалды

Қарағанды облысында өңір әкімдігі, кәсіподақ бірлестіктері мен жұмыс берушілер қауымдастықтарының басшылары арасында 2024–2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы үшжақты келісім жасалды. Құжатта халықты жұмыспен қамтуға, лайықты жағдай жасауға және еңбекақы төлеуге көп көңіл бөлінген.

Келісім үш жыл сайын жаңартылып отырады. Бұл жолы мәтінде жұмыс істеген жұмыс тобы жеке міндеттемелерді нақтылады.

Мәселен, ауылдық елді мекендерде және аудан орталықтарында тұрып жұмыс істейтін мемлекеттік білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, ветеринария, спорт ұйымдарының мамандарын әлеуметтік қолдауға қатысты қосымша пункттер қабылданды.

Сондай-ақ, толықтырулар еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бақылауды қамтамасыз етуге және әлеуметтік-еңбек дауларының, жанжалдар мен ереуілдердің алдын алу және шешу жөніндегі іс-шараларға қатысты болды.

2021–2023 жылдары жұмыс комиссиясының 47 отырысы өткізілді, онда еңбек қатынастарының, даулардың, жанжалдардың алдын алу бойынша 82 мәселе қаралды.

– Өндірістегі қауіпсіздікке назар аударғым келеді. Біздің ойымызша, ешкім өзін, бала-шағасын асыраймын леп жұмыс орнында өлмеуі керек. Еңбек адамды өлтірмеуі және мүгедек етпеуі тиіс, оның денсаулығына зиян тигізбеуі керек. Әрбір басшы мен қызметкердің санасына өндірістік жарақаттанудың өсуіне және соның салдарынан үлкен адами, сондай-ақ қаржылық шығындарға ұшыраудан гөрі, төтенше және штаттан тыс жағдайлар туындаған кезде өндірісті тоқтата тұру тиімдірек екенін жеткізуіміз керек, – деп атап өтті Қарағанды облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Болат Жұмабеков.

Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев келісім комиссиясына жұмысы үшін алғыс айтып, келісімге қол қоюдың маңыздылығын атап өтті.

– Қабылданатын келісім жұмыс берушілер мен қызметкерлердің еңбек өнімділігін арттыруға, денсаулықты сақтауға және сауықтыруға, өркениетті және әлеуметтік бағдарланған әріптестік қатынастарды құруға, тұрақты жұмысты, жалақыны, ертеңгі күнге деген сенімділікті және қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге ортақ жауапкершілігін күшейтуге бағытталуы тиіс. Тараптар өкілдерінің назарын келісім міндеттемелерін қабылдау және оларды орындау міндеттілігі үшін жауапкершілікті арттыру керектігіне аударғым келеді. Ең бастысы, бұл тек қағаз жүзінде қалмауы керек, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыстың барлық қалалары мен аудандарында әлеуметтік әріптестер арасындағы осындай үшжақты келісімдерге қол қойылады.

Манас Ақсары

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *