Иә, ел басына қатерлі күн туғанда қолына суық қаруды ұстап, Отан қорғауға аттанбаған немесе тылда «Бәрі де Жеңіс үшін!» деп тер төкпеген адам, соғыс өрті шарпып шаңырақтары ортасына түспеген отбасы жоқ шығар.
Осындай қиын сәттерде қан мен терін төгіп, нәзік қолдарын майдан даласына құрбан етіп, үлбіреген қауырсын ғұмырларын соғыс даласына қиып, әйел деген атын ұмытып, жан-тәнімен қара жұмыс зардабын татып, қатерлі шақта ең асылы өмірлерін біздің жарқын жағдайымызға арнаған, әжелеріміз бен аталарымыздың қажырлы еңбектері бүгінгі жас ұрпақ жадында ешқашан ұмытылмақ емес!
Екінші дүниежүзілік соғыста фашизмге қарсы күресіп жеңіс туын желбіретуге қазақтың батыр қыздары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз Доспановалар үлкен үлес қосқанын барлығымыз жақсы білеміз. Осындай елі үшін, Отаны үшін жанын пида еткен батыр қыздардың портреттері біздің музей қорында да сақталған.
Батырлар ерлігі әрдайым ұрпақққа үлгі. Сондықтан да бүгінгі біздің жарқын болашағымыз үшін жан аямай, қасық қандары қалғанша күрескен батыр ерлігін ұлықтау біздің азаматтық парызымыз деп білемін.
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің қорында танымал суретшілердің қасиетті қылқаламынан шыққан Әлия Молдағұлованың төрт портреті бар, олар: Р.Есіркеев «Әлия Молдағұлованың портреті». 1961 ж. Кенеп, майлы бояу. Ә.Қайдаров. «Әлия». 1985ж. Кенеп, майлы бояу. И.Ш.Ачилов «Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың сүреңсіз жастық шағы». 1975ж. Кенеп, майлы бояу. В.Д.Тканко «Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың портреті». 1948ж. Кенеп, майлы бояу.
Мен сол портреттерге тоқталуды жөн деп санадым.
Қарағандылық суретші Райымқұл Есіркеевтің қылқаламынан шыққан «Әлия Молдағұлованың портреті» кенепте, майлы бояу техникасында орындалған тамаша туынды.
Қарағандылық суретші Р.Есіркеев Ұлы Отан Соғысының ардагері. 1942 жылы майданға аттанды. «1941-1945жж. Ұлы Отан Соғысында Германияны жеңгені үшін», «1941-1945жж. Ұлы Отан Соғысында жеңіске 20 жыл», «1941-1945жж. Ұлы Отан Соғысында жеңіске 30 жыл» медальдарымен марапатталған.

Есіркеев Райымқұл арнайы көркем, кәсіби білім алмаған, бірақ сурет салуға үлкен қабілеттілігі мен табиғат ана сыйлаған дарынының арқасында кәсіби суретші атағына көтерілді. Қарағандылық суретшінің кескіндемелік туындылары адамға, туған жеріне, халқына деген махаббатқа, сүйіспеншілікке толы. Оның шығармашылығының негізі – адам, суретші портреттерде қарапайым адамдардың образдарын әрқашан тамаша аша білген. Р.Есіркеевтің портреттері – бұл суретшінің өзі өмір сүрген кездегі замандастары жайлы дастан десек те болады.

Суретші қазақтың батыр қызы Әлияның қолында снайпері бар, көзінен жауға деген жек көру мен өшпенділікті сезуге болады.
Әлия Молдағұлова кеңес мергені, ефрейтер, Кеңес Одағының батыры. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында 2-ші Балтық жағалауы фронтында 22-ші әскердің 54-ші арнайы атқыштар бригадасында қызмет еткен.
Әлия 1925 жылы 25 қазанда Ақтөбе облысының Қобды ауданына қарайтын Бұлақ ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі Ілия. Әкесінің есімі Нұрмұхаммед Сарқұлов, анасы Маржан Молдағұлова. Әлияның Бағдат есімді артынан ерген інісі болды. Бірақ, Әлия 8 жасқа келгенде анасы қайтыс болып, әкесі екі баламен жалғыз қалады.
Әлия тағдыр тауқыметімен 12 жасында Ленинградтағы №46 балалар үйіне түседі. Балалар үйіндегі орыс достары оны Лия деп атап кетеді. Әлия өзін майдан қатарына алу туралы бірнеше рет өтініш білдіреді, ақыры дегеніне жетіп 1942 жылдың желтоқсанында, майданға аттануға деген үздіксіз өтініші бойынша Әлия снайпер нұсқаушылар мектебіне оқуға түседі. Командирлер: «Нағыз снайпер – бұл жоғары білікті маман. Қай жерде нағыз снайпер болса, жауда бір минут тыныштық болмайды» дегенді құлаққа құйды. Әлияда еш қиындыққа қарамастан жақсы оқыды. Ол әрдайым өзінің ептілік пен айлакерлік, төзімділік пен шыдамдылығын дамыту жолында көп еңбек етті.
Бірақ, негізгі міндет – дәл тигізуді үйрену болатын. Ол оқу кезінде өте мұқият болды, тәлімгерлер үйреткеннің бәрін үйренді. Ал мылтықты өте қымбат зат ретінде көріп, әрқашан оны таза ұстады. Көпшілігінен жылдам атуды үйреніп нысананы дәл көздеді. Сөйтіп, ату техникасын сәтті меңгеріп шықты. Оның достары оның төзімділігі мен мінезінің беріктігіне таң қалатын.
Әлия қолы босай қалса туысқан апасы Сапураға хат жазатын. Сол хаттардың бірінде: «Қымбатты Сапура, мен өзімді сендердің жаныңда, туған Қазақстанымда өмір сүріп жатқандай елестететін боламын. Сендермен көрісіп, туған ауылыма барғым келеді. Бірақ ештеңе етпейді, біздің кездесуімізді, отанға оралуды және жеңісті бірге атап өтетін уақыт келеді әлі» деген.
Әлия табанды қайсар алған бетінен қайтпайтын қыз болды. Ол снайперлік мектепті үздік аяқтаған кезде, оған эфрейтор атағы берілді.
Мейірімділік пен елгезектік Әлияға туа берілген болса керек. Ал ерлік пен батылдықты, сондай-ақ кеңес халқына қайғы-қасірет әкелген фашистерге деген жеккөрінішті өзі тудырды. Ол әрқашан «Жеңіске жету үшін жауды аяусыз құрту керек» деген өзіне берген антты ұстанып келді.

Әмен Қайдаров 1932 жылы 3 маусымда Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Жіңішке ауылында дүниеге келген. 2015 жылы 5 ақпанда Алматыда қайтыс болды. Қазақстандық тұңғыш телевизия аниматоры, суретші, кинорежиссер, профессор. Қазақ КСРнің Еңбек сіңірген өнер қайраткері (1974), Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығының (1980) және «Платинды Тарлан» сыйлығының лауреаты. ҚР жоғарғы мемлекеттік марапаттары «Барыс ордені» және «Парасат орденінің» иегері. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. Қазақстанның Мәдениет және Ақпарат саласының Үздігі.
Суретші қазақтың батыр қызы Әлияның қолында мылтығы, Псков қаласының маңында түнгі барлаудағы кезін бейнелеген. Кеңес әскерлері қорғаныста болғанда, Әлия көптеген фашистің көзін құртады. Оның мылтығында: «Комсомолдың Орталық комитетінен өте жақсы атыс үшін» деген метал пластинка болатын.
Әлия туысы Сапураға жазған хаттардың бірінде: «Менен ұзақ уақыт хат келмесе таңғалма. Осы мекенжайға жаз, сонда себебін білесің. Туыстарға, ағайым мен апайыма менен сәлем айт. Егер балаларды көріп қалсаң, мен үшін беттерінен сүй. Өзіңнің денсаулығың, өмірің туралы жиі жазып тұр. Мен жүрегімдегінің бәрін жеткізіп бітпейтіндіктен, қайта жаза алмаймын. Бірақ, сен жиі жазып тұр қымбаттым. Бетіңнен сүйдім, Әлия!» деген еді.
Өкінішке орай, бұл хат соңғысы болатын.
Әлия ақырғы демі таусылғанша Отан үшін жанкешті ерлік көрсетті. Осылайша, өз қалауымен 18 жасында майданға аттанған батыл қазақ қызы 85-ден 91-ге дейін немістің көзін жойды.
1944 жылы 4 маусымда СССР Жоғарғы Советі Президумының Жарлығымен Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ал 1965 жылы Ұлы Жеңістің қарсаңында Псков жеріндегі Монаковода Әлия атымен бауырластар зираты ашылды.
Ел басына қауіп қатер, алапат қайғы мен қасірет төнген сол бір ауызбен айтып жеткізгісіз ауыр уақытта оттан да ыстық Отан үшін от кешкен майдангерлердің көрсеткен өшпес ерлігі, қаһармандық өнегесі жас ұрпақ санасынан ешқашан өшпейді!
Ұлы Жеңіс миллиондардың қанымен, майдан даласынан оралмаған боздақтардың арманымен, аналарымыздың көз жасымен, әкелеріміз бен аталарымыздың өмірімен келді. Бұл батырлардың ерен еңбегі мен ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Біз музейде жыл сайын 9 мамыр Ұлы Жеңіс күніне орай музей сабақтары мен көрмелер өткізіп осындай жарқын болашақ үшін өмірін қиған ата-апаларымыздың ерлігі жайлы айтып, шаралар өткізіп тұрамыз. Бұл әрине болашақ ұрпақтың еліміздің нағыз елін сүйер патриот болып өсуі үшін маңызды.
Картиналардың фотосуреттері Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің қорынан алынды.
Мейрамгүл ЕЛУБАЕВА,
Мәдениет саласының үздігі.
Қарағанды облыстық
бейнелеу өнері музейі
басшысының орынбасары