Әрбір өлкенің, аймақтың экономикалық дамуына, көркеюіне ерекше үлес қосқан дара тұлғалар болады. Олар үлкен өзендер секілді үнсіз жүріп талай тірлікті тындырады. Себебі ондай азаматтарда халқын сүйе алатын үлкен жүрек бар. Осындай азаматтың бірі Шет өңірінің тумасы, кезінде Ақадыр, Шет аудандарында жауапты қызметтерде болып, элеуметтік-экономикалық дамуына зор еңбегін сіңірген, жергілікті қоғам қайраткері, бүгіндері мерейлі 70 жасқа толып отырған Төлеуқұлов Бәкен Төлеуқұлұлы.
Бәкен Төлеуқұлұлы 1955 жылы қазан айының 3 күні Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген.
Әкесі Отыншин Төлеуқұл тұлғасы тау іспеттес, екі иығына екі кісі мінгендей зор денелі, бойы биік, көп сөйлей бермейтін, кеңпейілді адам болған екен. Оның алып денесі қандай болса, бойында еліне деген сонша қамқорлығы, ақжарқындығы, қолынан келген жақсылықты адам баласына жасауға дайын тұратын жан болған. Көзін көрген адамдардың айтуынша ұзақ жылдар бойы басшылық қызметтерде болып, ауданның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан абыз ақсақалдың бірі. «Қазақ ССР-і Ауыл шаруашылығының үздік қызметкері» төсбелгісінің, кез келген адамға беріле бермейтін Шет ауданының Құрметті азаматы атағының иегері.
Зайыбы София анамызбен бірге 9 бала тәрбиелеп өсірген. Балаларының бәрін оқытып, бір-бір маман иелері атануына атсалысады. Бүгінгі таңда ұл-қыздарының барлығы өмірден өздерінің лайықты орындарын тауып, республикамыздың әр түкпірінде еңбек етіп, ұрпақтарын өрбітуде.
Балалық шағын Ақсу өзені мен Аюлы тауының баурайында өткізген үйдің кенжесі Бәкен ауылдағы Ы.Алтынсарин мектебінде оқиды. Мектепте сыныптастарының алдында жүріп, үздік оқушы атанады. Білімге деген құштарлығы зор болады.
Мектепті бітірген бетте алғашқы еңбек жолын Ақсу-Аюлы ауылында орналасқан «Орджоникидзе» кеңшарында механизатор болып бастайды. 1973 жылы Алматы қаласына аттанып, Қазақ политехникалық институтының тау-кен факультетіне оқуға түседі. Бес жыл бойы жоғары оқу орнында білім алып, «Пайдалы кендерді ашық қазу технологисы және комплекстік механизация» саласының мамандығына ие болады.
Институт қабырғасынан шыққан жас маманды бірден мемлекеттің арнайы жолдамасымен Балқаш кен-металлургия комбинатына қарасты Қоңырат руднигіне жібереді. Елімізді көп жылдар бойы басқарған мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев осы жерде еңбек жолын бастағаны жөнінде тарихымыздан жақсы білеміз.
Жас маманға оқу орнында алған теориялық білімін еңбек тәжірибесінде ұштастыруға тура келеді. Ол бұл жерде тау-кен шебері мамандығы бойынша үш жыл еңбек етеді. Кеніштегі басшылары мен әріптестерінен жұмыс үйреніп, тәжірибе жинап, мамандығының қыр-сырына қанық бола бастайды.
1981 жылы өзінің туып-өскен ауданының аймағында орналасқан Ақшатау кен-байыту комбинатына ауысады. Қайрақты кен-байыту комбинатында бас инженер, Ақжал кенішінде карьер шебері, карьер бастығы болып еңбек етеді. Аздап болса да мамандығын игеріп қалған тау-кен инженері қызметтерін үлкен жауапкершілікпен атқарады. Әріптестерімен, жергілікті халықпен тіл табыса бастайды. Жұмысында абыройлы болады. Сол кезде Ақшатау кен-байыту комбинатын жалғыз республика емес, Кеңес одағына танымал бола білген Садықов Барлық Садықұлы басқаратын. Сонымен бірге кен инженеріне осы саланың майталмандары Рақымжанов Сайран Рақымжанұлы, Қойшанов Сәкен Қойшанұлы, Оспанов Кәкен Оспанұлы, тағы басқалармен қызмет істеу бақыты бұйырады. Тау-кен саласының майталмандарынан үлгі, тәрбие алады.
Бәкен Төлеуқұлұлы қызметін атқара жүріп қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Сол заманда екінің бірі өте алмайтын Коммунистік партия қатарына қабылданады. Жұмысымен қатар партия ұйымының шараларына қатысып жүреді. Жас жігіттің аяқ алысын Ақадыр аудандық партия комитетінің бірінші секретары Колбасин Иван Андреевич байқайды. Ол кезде аупарткомның жауапты қызметкерлері іссапарларда жүргенде кадр мәселесіне баса назар аударып жүретін. Келешекте өндіріс басшылары бола алатын кадрларды да, аудандық партия және атқару комитеттерінің аппараттарында қызмет атқара алатын адамдарды да таңдаумен қатар айналысып жүрді.
Сонымен не керек, 1987 жылы аудан басшысының көзіне түсе алған Бәкен Төлеуқұлұлы аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы маманы қызметіне бекиді. Оны мен осы кезден бастап жақсы танимын. Өйткені ол кезде Бәкеңмен әріптес болдым.
Аупартком аппаратында қызмет атқара бастағанда Бәкен Төлеуқұлұлы сабырлығымен, кішіпейілділігімен, өзіне жүктелген міндеттерін орындауда үлкен жауапкершілігімен, тиянақтылығымен көзге түсе білді. Жақсы адамгершілік қасиеттерінің арқасында басшылардың, әріптестерінің арасында зор бедел иесі бола алды. Ол кезде партия қызметкерлері ауданның елдімекендеріне, өндіріс орындарына, кәсіпорын, мекемелерге жиі іссапармен шығып, жұмыстарымен, әлеуметтік-экономикалық жағдайларымен танысып отыратын. Сапарларда халықпен етене араласып, шаруа барысында кездескен кемшіліктер болса соларды түзеуге бар күш-жігерін салатын. Осындай қызметте жүріп аупартком аппаратының қай қызметкері болсын үлкен тәжірибе жинайтыны анық.
1990 жылы мен Алматы Жоғары партия мектебіне оқуға кетіп, Бәкен Төлеуқұлұлы менің орнымда аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімін басқарды. Ол кезде бөлім басшысы тікелей бірінші секретарға бағынып, аудан көлемінде бүкіл кадрлық саясатты іске асыратын. Және бұл қызметке жай адамдар тағайындалмайтын.
1991 жылы заманның ағымымен «аузынан жалын атқан» Кеңес Одағы, онымен қоса саясатта дүниежүзінің көптеген еліне үстемдік жасаған Коммунистік партия құлады. Одақ ыдырады, Компартия жұмысын тоқтатты.
Партия ұйымдарындағы кадрлар жұмыссыз қалмады. Өйткені жоғарыда айтқанымдай нағыз мамандар осы жүйеге жиналған. Қоғамға, ел басқаруға керек адамдар.
Бәкен Төлеуқұлұлы Ақадыр ауданы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалады. Ол кезде елімізге нағыз қиын кезең келіп, кеңес заманында қалыптасқан экономикалық байланыстар үзіліп, көптеген өндіріс орындарының жұмысы тоқтап қалған уақыты болғаны бәрімізге белгілі.
Аудан әкімінің орынбасары өзінің тікелей қызметінде өндіріспен айналысатын кеніш орындарының, көлік қызметінің, коммуналдық жүйенің тұрақтылы жұмыс істеулеріне жауапты болды.
Сол кездегі жұмысына тоқталған кейіпкерім: «Ақадыр ауданы әкімінің орынбасары қызметінде жүргенімде үлкен қиыншылықтарға тап болғаным бар. 90-жылдары еліміздің басынан кешкендерін білетін боларсыздар. Ауданымызда өнеркәсіп қатты дамып, сол кезге дейін Ақшатау, Ақжал, Қайрақты, Жоғарғы Қайрақты, Жамбыл кеніштері жұмыстарын атқарып келген. Одаққа белгілі болған Ақшатау кен-байыту комбинатының жұмысы тоқтап қалғаны ауданымызға үлкен әсерін тигізді. Өндірілген кенді өткізетін жер болмай, комбинат бюджеттік салық төлемдері түгілі кеншілердің еңбекақысын да төлей алмай қалды. Комбинат шеңберінде еңбек ететін 1 200 адам айлап жалақысын ала алмай, отбасыларының асырауы қиындаған халықтың тарапынан наразылық туа бастады. Ақыры аяғы олар арнайы жұмыс комиссиясын құрып, ереуілге шықты. Олардың тарапынан Екатеринбург-Алматы тасжолы жабылып, автокөліктердің жүруі тоқтатылды. Ереуіл комиссиясы комбинат басшыларын қызметтерінен босатуды талап етті. Жұмысшылар толқуы шектен шықпауы үшін Жезқазған облысы және аудан әкімдіктері халықтың талаптарын қолдауға мәжбүр болды. Жекелеген басшылар орындарынан босатылды.
Осы оқиғадан кейін мені сол кездегі аудан әкімі Мұқышев Баттал Мұқышұлы кабинетіне шақырып алып, облыс әкімінің тапсырмасының негізінде қолыма өзінің шешімін табыс етті. Онда мен Ақшатау кен-байыту комбинатының жұмысы дұрыс жолға қойылғанша уақытша аудан әкімдігінің сенімді өкілі болып бекітілген екенмін. «Уақытша қызметім» 1996 жылдың қараша айынан бастап 1997 жылдың күзіне дейін жалғасты. Осы уақыт ішінде Мемлекеттік мүлікті басқару және жекешелендіру жөніндегі Жезқазған аймақтық комитетімен бірлесе отырып, Ақшатау кен-байыту комбинатының мүлкін төртке бөлдік. Ақшатау, Ақжал, Қайрақты, Жамбыл мүліктік комплекстерін жасадық. Басты мақсатымыз Ақжал кенішін аман алып қалу болды. Комбинаттың бүкіл кредиторлық, дебиторлық берешектерін өзіне қалдырып, басқаларын жекешелендіру мақсатында бөлек таза қалпында алып шықтық. Кейін Ақжал және Жамбыл кеніштерінің бүкіл мүлкін конкурсқа қойдық. Ақжал руднигін швейцарлық «NOVA Tradinq» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі конкурспен ұтып алып, тұрып қалған жұмыстары жүріп кетті», – деп әңгімесін аяқтады.
1997 жылы оңтайландыру мақсатында Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен Жезқазған облысы және Ақадыр ауданы жабылды. Кезінде ширек ғасыр бойы дүрілдеп тұрған ауданның әкімшілік-аумақтық жерлері Шет ауданына берілді.
Бәкен Төлеуқұлұлы қызметсіз қалмады. Біріктірілген екі ауданның әкімінің бірінші орынбасары қызметіне бекітілді. Бұл жерде де сол баяғы міндет. Бұрын Ақадыр ауданы Жезқазған облысындағы ең ірісі болса, енді екі аудан біріккен соң Шет ауданы Қарағанды облысындағы ең үлкен аудандардың бірі. Үлкен жер болған соң шешімін таба алмай жататын мәселелер де көп болады. Елдімекендер аралығындағы сын көтермейтін автомобиль жолдары, ауыз су, жарық мәселелері, үлкен кенттердегі жылу жүйелері күнделікті қадағалауды, орын алып жатқан олқылықтарды уақытымен шешуді керек етеді.
Бұл жерде Ақадыр кентіндегі болған оқиғаға тоқтамай кетуге болмайды. Бәкен Төлеуқұлұлы сол кездегі қиындықтарды төмендегідей әңгімелейді:
– Ақадыр кентінде Кеңес заманында «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамына қарасты КЕ-25 жылу комплексі (қазандығы) орнатылған болатын. Ол қысқы науқан кезінде елдімекендегі теміржол, бюджеттік мекемелерге, біршама тұрғын үйлерге, әсіресе бес-, төрт-, үш-, екіқабатты үйлерге (ондай үйлер кентте 100-ден асып жығылады) жылу берумен айналысты. Халық қазандықтың жұмысына ризалығын білдіріп жататын.
Алайда елімізде аумалы-төкпелі кезең басталып, мекемелердің көбі нарықтық экономикаға көше бастады. Әрбір мекеме қаражатты үнемдейтін көздерін іздей бастаған уақыт. Ең алдымен олар жылу мәселелерімен айналысып, өздеріне бөлек қазандықтар қойды. Бұл атқарылып жатқан істер оларға, оның ішінде теміржол мекемелеріне қомақты қаражатты үнемдеуге жол ашты. Осының салдарынан жылу комплексінің жұмыс жасауы қиындай түсті. Өйткені оның негізгі тұтынушылары болып теміржол мекемелері табылатын.
Жылу қазандығы тәулігіне бір вагон, яғни 60 тонна көмір жақты. Мекемелер одан кете бастаған соң тұрғын үйлердегі тұтынушыларға қиындық келе бастады. Тариф өсіп, халық оны көтере алмайтын болды. Тіпті көпқабатты үйлердегі пәтерлерін тастап, жер үйлерге көшіп жатқан жағдайлар болды. Оған қоса «жұдырық үстіне жұдырық болды» дегендей «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы КЕ-25 жылу комплексінің жұмысын жүргізуден бас тартып, ауданның иелігіне қайтарып берді. Бір жылға деп көмір де берілді. Оны қыс бойы өзіміздің күшімізбен жағып шығып, жылу беруді ұйымдастырдық. Ақыры аяғы 2000 жылы көктемде жылу комплексінің жұмысы біржола тоқтады.
Жұмыстың көкесі осы жерден басталды. Ең алдымен жаз бойы күзге дейін мектептерге, ауруханаға, балабақшаға, Мәдениет үйіне, өнер мектебіне, тағы басқа бюджеттік мекемелерге күндіз демей, түн демей жұмыс жасап автономдық жылу қазандықтарын (АСО) орнатып, жылу бердік. Қиыны, көпқабатты үйлер болды. Олардың әрбіріне бөлек АСО қою керек. Бюджетте қаражат жоқтың қасы. Амалсыздан демеушілер іздеп тауып, халықтан ақша жинап ықшамауданындағы, Тәуелсіз Қазақстан, А.Абдрайымов көшелеріндегі көпқабатты үйлерге қазандықтар қоя бастадық, үйлерінен безген халық жылы ұяларына қайта бастады. Сол қиыншылығы мол кезеңде мен жұмыстардың басы-қасында болып, ауылдағы отбасымды уақытша ұмытып, елмен бірге тіршілік әрекеттерін жасап жүрдім, – деп естелігін айтып шықты.
Бәкен Төлеуқұлұлы 2016 жылы Шет аудандық мәслихатының хатшысы болып сайланды. Мәслихаттардың басты міндеті – жергілікті бюджеттердің жобаларын бақылау және дамудың барлық экономикалық және әлеуметтік бағдарламаны бекіту. Атқару органдарында үлкен тәжірибе жинаған адамға бұл қызметті атқару қиынға соқпайтыны анық. Кейіпкеріміз бұл міндеттерді де абыроймен атқарып шықты.
Бәкен Төлеуқұлұлының еңбегі жоғары бағаланды. Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін», «Тәуелсіздікке 25 жыл», «ҚР Конституциясына 20 жыл, 25 жыл» мемлекеттік медальдарымен, Қазақстан Республикасы Сенатының Құрмет грамоталарымен, мерейтойлық «ҚР мәслихаттарының 20, 25 жылдығы» медальдарымен, Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғысхаттарымен марапатталған. Ақадыр, Шет аудандық мәслихаттарының бірнеше шақырылымдағы депутаты болып сайланып, сайлаушыларының аманатын абыроймен орындап жүрді.
Өмірлік жары Балықова Мағия Жұманқызы да Ақсу-Аюлы ауылының тумасы. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетін тәмамдаған. 44 жыл бойы Ақадыр кентіндегі Ю.Гагарин атындағы және Ақсу-Аюлы ауылындағы Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-лицейлерінде математика пәнінен сабақ берген. Ұлағатты ұстаз, «ҚР Білім саласының үздігі», «Ы.Алтынсарин атындағы» төсбелгілерінің иегері.
Ерлі-зайыптылар екі ұл тәрбиелеп өсірген. Үлкендері Ернар жоғары білімді, Қарағанды политехникалық институтын экономист-менеджер мамандығы бойынша бітірген. Жоғарғы оқу орнын бітірген бетте Қарағанды қаласының «Банкцентр-кредит» мекемесінде қызмет істеді. Кейін Астана қаласындағы осы банктің төрағасының орынбасары болды. Зайыбы Дана Тіріжанқызы да политехникалық институтын тәмамдаған. Мамандығы инженер-геодезист. «Астана ғарыш сапары» компаниясында бөлім бастығы болды. Магистр атағының иесі. 2024 жылы докторантураға оқуға түсіп, Америка Құрама Штаттарының Бостон қаласына отбасымен бірге көшіп барды. Балалары Мәриям, Жәмиля, Қайсар үшеуі сол жақта ағылшын тілінде сабақтарын жалғастыруда.
Екінші ұлдары Ғазиз Қарағанды политехникалық институтын «Ақпараттандыру технологиясы» мамандығы бойынша оқып бітірген. Институттан кейін мамандығы бойынша жекеменшік фирмада еңбек етіп, кейін ҚР Бас прокуратурасында Ақпараттандыру технологияларымен қамту департаментінде сарапшыдан бастап басқарма басшысына дейін жетті. Екі жыл Ақтөбе қалалық әкімдігінде «Даму орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Ақылды қала» бөлімінің директоры лауазымында еңбектенді. Екі жыл Түркия елінде білімін жетілдіріп келген соң қазіргі уақытта Малайзия мемлекетінде контракт бойынша «DROIT (Кипр)» компаниясында игеруші инженер болып жұмыс атқаруда. Сүйген жары Дамира Жадырабекқызы Е.Бөкетов атындағы Мемлекеттік университетінің түлегі. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» білім бағдарламары орталығында ақпараттық технологиялар бөлімінде аға менеджер болып еңбек етеді. Айша, Азалия есімді қыздарын тәрбиелеп өсіріп отыр.
Ел ісіне араласып, өңірдің, өлкенің дамуына қажырлы қызмет қылған Төлеуқұлов Бәкен Төлеуқұлының игі бастамалары, жақсы істері жетерлік. Оның бәрін бір мақалаға сыйдыра алмайсың. Қызмет барысында туралықты ту етіп, елдік мүддені жоғары қоя білген, елдің құрметіне бөленген жерлесім, әріптесімнің еңбек жолы осындай.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті