2025 жылдың 1—31 тамыз аралығында Қазақстанда Ұлттық ауылшаруашылығы санағының онлайн кезеңі өтеді. Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, ел бойынша шамамен 300 мың ауылшаруашылығы тауар өндірушісіне 1414 нөмірінен SMS-хабарлама арқылы санаққа қатысуға шақыру жіберіледі.
Бұл санақ БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымы өткізетін 10-шы Дүниежүзілік ауылшаруашылығы санағы бағдарламасының аясында жүзеге асырылады. Санақ еліміздің аграрлық секторындағы нақты әрі өзекті деректерді жинауға мүмкіндік береді.
– Санақтан өту үшін sanaq.gov.kz сайтына кіріп, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ), SMS-код немесе eGovMobile қосымшасындағы QR-код арқылы жүйеге кіру қажет. Қатысушыларға екі түрлі сауалнама ұсынылады: ауылшаруашылығы кәсіпорындарына және бау-бақша, бақша немесе мал шаруашылығымен айналысатын отбасыларға арналған, – деді Ұлттық статистика бюросы өкілдері. – Сауалнамалар жер пайдалану, техника, өнімді сату, жұмыспен қамту және басқа да маңызды тақырыптарды қамтиды.
– Қатысушылардың берген барлық ақпаратты қатты құпиялы болып саналады, салық және басқа мемлекеттік органдарға берілмейді және ҚР «Мемлекеттік статистика туралы» заңы талаптарына сай қорғалады, – деп атап өтті ведомство.
Интернеті тұрақсыз елдімекендерде өздігінен қызмет көрсету аймақтары ашылған. Олар әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімдерінің ғимараттарында орналасқан. Сонымен қатар, 1446 нөмірі арқылы тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығы да қызмет көрсетеді.
Ауылшаруашылығы санағының екінші кезеңі офлайн форматта 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында өткізіледі.
Өмір БАЙБОСЫН