2025 жылғы 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел дамуының негізгі басымдықтарын айқындап, алдағы жылдарға арналған нақты міндеттерді белгіледі. Бұл стратегиялық құжат – мемлекеттігімізді нығайтатын, халықты ортақ мақсатқа жұмылдыратын тарихи бағдар.
Президентіміздің Жолдауы қоғамның саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани дамуын жаңа сатыға көтеруге бағытталған. Әсіресе, ұлттық қауіпсіздік, жастарға қолдау, цифрлық технологияларды енгізу, білім мен ғылымды дамыту, әділетті қоғам құру мәселелеріне ерекше мән берілді.
Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығы жеке құрамы бұл бастамаларды зор ықыласпен қабылдады. Біз үшін құқықтық тәртіпті сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халыққа адал қызмет ету – қасиетті борыш. Мемлекет басшысының айтқан әрбір тапсырмасы біздің күнделікті жауынгерлік қызметіміздің маңыздылығын айқындай түседі.
Президентіміз атап өткендей, жас ұрпақ – елдің болашағы. Бүгінгі сарбаз – ертеңгі офицер. Сондықтан жас буынға патриоттық тәрбие беру, оларды отансүйгіштікке, тәртіп пен адалдыққа баулу біздің басты міндетіміздің бірі. Қолбасшылық құрам жеке құрам арасында тұрақты түрде тәрбие жұмыстарын жүргізіп, олардың кәсіби және моральдық деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөледі.
Сонымен қатар, Жолдауда көтерілген цифрлық трансформацияға сәйкес, Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде заманауи технологияларды енгізу, байланыс пен басқару жүйелерін жетілдіру бағытында жұмыстар күшейтіледі. Бұл – әскери қызметтің тиімділігін арттырып қана қоймай, жауынгерлік дайындықты жаңа деңгейге көтереді.
Ұлттық ұланның басты күші – халықпен бірлікте болуында. Біз азаматтардың сенімін ақтап, ел ішіндегі тыныштықты сақтау жолында аянбай еңбек етеміз. Мемлекетіміздің тұрақтылығы мен тәуелсіздігі – әрбір әскери қызметшінің жүрегінде қасиетті ұғым ретінде орныққан.
Жолдау еліміздің болашағына деген сенімді нығайтып, әрбір азаматты жаңа белестерге жетелейді. Біз, Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері, Президенттің тапсырмаларын орындау жолында бар күш-жігерімізді жұмсап, Отан алдындағы абыройлы міндетімізді лайықты атқара беретінімізге сендіреміз.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы “Орталық” өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы
генерал-майор С.Шекарбеков