Ұлттық мерекемізге арналды

Өткен сенбі күні Ақадыр кентінде ең басты ұлттық мерекеміз Тәуелсіздік күніне арналған Дәстүрлі садақ атудың «Жамбы» нысанасы бойынша ересектер арасында ашық турнир өткізілді.

Аталған жарысқа Астана, Көкшетау, Павлодар, Екібастұз, Қарағанды, Жезқазған қалаларынан, Павлодар облысының Баянауыл ауданынан, Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданынан, облысымыздың Осакаров, Қарқаралы аудандарынан, Ақжал және Ақадыр кенттерінен барлығы 60-қа жуық спортшы қатысты.

Салтанатты ашылу шарасында Шет ауданы әкімінің орынбасары Кәрсембаев Д.Қ., республикамыздың Дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті, ұлттық құрамамыздың бас бапкері Ахметов Д.Б., кент әкімі Қойшыбаев М.Ж., Ұлытау облысының Дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті және облыстық құраманың бас бапкері Қалманбай Ғ.Қ. жарысқа қатысушыларға құттықтау сөздерін арнап, спортшыларға сәт сапар тіледі.

Соңынан жарыстың бас төрешісі Жунусов А.М. жарыстың өту тәртібі мен ережесін таныстырып өтті.

Қызықты әрі тартысты өткен жарыстың нәтижесі бойынша ерлер арасында І орынды Көкшетау қаласының спортшысы Нұртаев Азамат жеңіп алса, екінші орынға Астана қаласынан келген Қанат Қасымхан тұрақтады. Ал үшінші орынды өзара ұлытаулық Жолдыбаев Мейрамбек және ақжалдық Шахмұрат Нұрым екеуі бөлісті.

Әйелдер арасында да көкшетаулық Нашарбекова Ақмаралға ешкім тең келмеді. Екінші орынға қарағандылық Сархытхан Жанар ие болса, үшінші орынды қарағандылық Қойшыбайқызы Ботагөз бен Ақжал кентінің спортшысы Кәдірман Әйгерім жеңіп алды.

Ашық турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері кент әкімі және жарыс демеушілерінің тағайындаған арнайы кубоктарымен, медальдарымен, дипломдарымен және ақшалай сертификаттарымен марапатталды.

Кентімізде өткен садақ атушылардың жарысына демеуші болған мекемелерді айтып өтуіміз абзал. Олар кент әкімінен басқа «INTEGRA CONSTRUCTION KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, KEGOK Акционерлік қоғамының Орталық ЖЭТ филиалының кәсіподағы, Шет ауданының жастар ресурстық орталығы. Жарысты ұйымдастырушыларының атынан оларға алғыс айтылып, берген көмектеріне ризалықтары жеткізілді. Сонымен бірге әрбір өңірден келген өкіл мергендерге естелік сыйлықтары табысталды.

Жарыс соңында Қазақстан Республикасының Дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті Ахметов Д.Б. шараны ұйымдастырушыларға зор алғысын білдіріп, федерация атынан естелік сыйлығын табыстады.

Қ.БЕКҚОЖИН,

Ақадыр кенті