Ұлттық құндылықтар – бір ұлттың тарихы, мәдениеті, тілі, дәстүрі, салт-санасы арқылы ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын негіздер. Оларды сақтап қалу және дамыту қоғамның тұрақтылығы мен келешегі үшін маңызды. Қазіргі жаңа дәуірде ұлттық құндылықтарды жас ұрпаққа жеткізу қоғам тұлғаларының, мектептің, әр отбасының басты міндеті.
Анығын айтсақ, Ақадыр өңірінде осы бағытта үнемі салиқалы жұмыстар жасалып келеді. Өйткені осы құндылықтардың жоқтаушысы да, насихаттаушысы да арамызда бар. Ол кісі ауылымыздың қазіргі данагөй ақсақалы – Кәріпұлы Өмір.
Ақадыр кентіне өткен ғасырдың 80 жылдары қоныс аударған Өмекең бас кезінде «Ақадыр таңы» газетінде қызмет атқарды. Сонау орыс тілінің дәуірлеп тұрған кезінде Ақадыр аудандық «Қазақ тілі» қоғамын басқарды. Кенттің көшелерінің, мектептердің көбісі орысша аталғандықтан соларды қазақыландыруда, қазақ елінің бостандығы жолында күрескен Ағыбай, Байғозы, Жарылғап, Күшікбай батырлардың, Ұлы Абай Құнанбайұлының, алашордашы, ғалым-математик Әлімхан Ермековтың, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, ақын Сәкен Сейфуллинің, композитор Сыдық Мұхамеджановтың, ақиық ақын Свет Оразаевтың, тағы басқа қазақ ұлтына еңбегі сіңген адамдардың есімін бергізуде зор еңбегін сіңірді. Бұл игілікті істе Өмкеңнің қасынан ел басқарған Исмақов Серік, Ұлы Отан соғысының ардагері Бөкенов Қоржынбай, ұлағатты ұстаздар Бимақаш Сейітжаппар Әйкенұлы, Жамбылов Темірғали Әубәкірұлы табылып жүрді.
Аудан көлемінде Наурыз мерекесін қайта «тірілткен» де, түлеткен де өзіміздің Өмір ақсақалымыз. Ал енді «Қымызмұрындық» мерекесі осы кісінің арқасында Орталық Қазақстан өңірі бойынша Ақадырда ғана сақталып қалған. Бұл мереке сары қымыздың, нан тағамдарының байқауларының, ежелден ұмыт қалған ұлттық «Бура қотан», «Иықтасу», «Түйе қоржыны» ойындарының, асық атудан ұйымдастырылған жарыстардың өткізілуімен ерекшеленеді.
Өмкеңнің дем беруімен кентімізде тұрақты түрде «Тіл мерекесі», өңірден шыққан белгілі жазушы, ақындар, сазгерлер, әнші-күйшілердің шығармашылық кештері жүйелі өтіп жатады. Бұл кісі ұлт жанашыры, туған халқының дәстүр-салты мен тілінің, дінінің жақтаушысы болып қалыптасқан тұлға ретінде жан-жақты танылып жүр.
Өмір Кәріпұлы ұйымдастырған шараларға Қарағанды қаласынан әлемнің «Ғасыр адамы» атағына ие болған, физика-математика ғылымдарының докторы Темірғали Көкетаев, жазушы, Жазушылар одағының басқарма мүшесі Кәмел Жүністегі (екеуі де марқұм болған), жазушы, журналист, өлкетанушы, этнограф Төрехан Майбас, жазушы Төкен Әлжантегі, тележурналист Әли Тойжігітов, тағы басқа белгілі руханият сарбаздары келіп қатысып, кент жастарына, жалпы халыққа ұлттық үлгідегі дамудың айшықты жолдарын көрсетіп отырды.
Бүгіндері көрнекті жазушы, прозашы, Шет ауданының Құрметті азаматы Кәріпұлы Өмір республикамыздың көрнекті қаламгерлерінің қатарында жүр. Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының белді мүшесі. Жазушының қаламынан туындаған: «Бұрқақ» (1991), «Тайталас» (1997), «Бастау» (2023) романдары, «Сарыбел сазы» (1977), «Атасының баласы» (1980), «Ескі тоған» (1985), «Серілер мен перілер» (2004), «Тамызық» (2008), «Қоңыр сарын» (2014) әңгімелер мен повестер жинақтары, «Сыбаға» (2010) атты еңбектері оқырмандарының сүйсініп оқитын шығармаларына айналған.
Ал 2012 жылы жарық көрген «Тұғыр» атты кітабы ерекше танымдық еңбек. Бұл шығармада халқымыздың салт-дәстүрін, халықтық педагогиканың тәлімдерін оқырманға оралымды жеткізген. Кітаптың өзегі – ұлттық тәрбиеге негізделген.
2020 жылы баспадан шыққан «Дала сыры» кітабы сары даланың энциклопедиясы іспеттес. Жазушының бұл жинағында Шет, Жаңаарқа аудандарының аумағындағы, Ақадыр аймағындағы жер, су атауларының тарихына терең зерттеу жүргізілген.
82 жасында жазып бітірген «Белес» атты романы жарық көріп, әдеби ортаның жақсы бағасын алуда. Аталған құнды еңбегі былтырғы жылы жоғары бағаланып, оған екінің бірінің қолы жете бермейтін «Алаш» сыйлығы берілді.
Осы әңгімемнің барысында бір болған оқиғаны айтып кетсем деймін. Ұмытпасам, 2006 жылдың аяғында Алматы қаласында ескі досымның құдалығында болдым. Үлкен астан кейін үй ішінде демалып отырғанбыз. Қарасам, үй иесі, әжептәуір жасқа келген кісі Өмкеңнің (Өмір Кәріптің) кітабын ұстап отыр. Мен ол кісінің жанына тақалып:
– Мына кітаптың авторы менің жерлесім, бір ауылда тұрамыз – деп қалдым. Ол кісі маған бажырая қарады да:
– Өзің қай жақтансың? – деп маған сұрақ қойды.
– Қарағанды облысындағы, Ақадыр деген жерденмін – дедім.
– Пойызбен Астанаға бара жатқанда басып өтетін Ақадыр деген станция ма? – деп тағы менен сұрады.
– Иә, сол станция, бұрын аудан орталығы болған. Қазір үлкен кент, – деп сауалына жауап бердім. Ана кісінің көздері шарасынан шығуға жақын:
– Қой жігітім, олай болуы мүмкін емес. Бұл кісі керемет жазушы. Мен оның кітаптарын дүкендерден іздеп жүріп сатып аламын. Ал сен түкпірдегі бір Ақадырда тұрады дейсің! – деп маған сенбеушілік танытты. Мен де ол кісіге есемді жібермей:
– Өзіңіз ойласаңызшы, ұлы Шолохов бүкіл кітаптарын бір станицада тұрып жазды. Ұлы Абай да ауылда жатып өлмес өлеңдерін жазған. Ендеше Өмір Кәріптің де өзіңіз айтқандай керемет шығармалары Ақадырда жазғаны заңды ғой! – деп беріспеймін.
Сол кісінің аты-жөнін білейін деп іздеп едім, байырғы досымның телефонын таба алмадым. Кітаптың да атын ұмытып қалыппын. Әйтеуір қазіргі заманның кітаптарындай ол кезде автордың өмірбаяны жазылмайтын.
Сол «қазақтың Шолоховы» біздің Ақадырда аман-есен тұрып жатыр.
Бүгінгі таңда абыз ақсақалымыз Өмір Кәріпұлы мерейлі 85 жасқа толып отыр. Ендеше осы қуанышты күні ол кісіге мықты денсаулық, ұзақ өмір, әулетіне құт-береке тілейік.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Журналистер одағының мүшесі,
Шет ауданының Құрметті ардагері