Ұлттық ойындар ұлықталды

Ресурстық тіл орталығы мамандарының мұрындық болуымен Наурызнама онкүндігі аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тағылымды шара өтті. Талғат Бигелдинов атындағы әскери колледжде ұйымдастырылған «Дәстүр сабақтастығы – ұлттық ойындар» атты командалық сайыс жас ұрпақтың бойында ұлттық рухты қалыптастыруға серпін берді.

Салтанатты жиында колледж директорының орынбасары, полковник Тоқаров Қанат Манашұлы сөз сөйлеп, ұлттық ойындардың тәрбиелік мәніне тоқталды. Ұлттық ойындардың халқымыздың рухани қазынасының бір бөлігі екенін атап өтіп, спорттық жарыстар арқылы жастардың бойында батылдық, төзімділік, отансүйгіштік қасиеттер қалыптасатынын тілге тиек етті.

Одан әрі колледж ұландары қазақ күресінің әдіс-тәсілдерінен көрініс көрсетіп, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Іс-шара барысында ойындар бойынша өзара бақ сынасып, ептілік, мергендік және күштілігі жағынан сынға түсті. Командалық ойын болғандықтан, қатысушылардың белсенділігі жоғары деңгейде болды.

Сайыс төрт кезең бойынша өтті. Атап айтқанда, ләңгі тебу, асық ату, садақ ату және қол күрес. Әр кезеңде қатысушылар өз мүмкіндігін толық көрсетіп, тартысты бәсеке өрбіді. Әсіресе, асық ату мен садақ ату кезеңдері мергендігімен ерекшеленсе, қол күресте күш пен жігердің айқын көрінісі байқалды.

Сайыс қорытындысында жеңімпаздар анықталып, марапатталды. Қорытынды сөз сөйлеген 1-рота командирі, аға лейтенант Хамзин Тұсын-Бейбіт Байтемірұлы қатысушылардың дайындығына жоғары баға берді. «Бүгінгі сайыс ұландардың тек физикалық дайындығын ғана емес, ұлттық құндылықтарға деген құрметін де көрсетті. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табуы тиіс», – деді ол.

Сонымен қатар Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі Жұпар Жақан колледж ұжымы мен қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, орталық басшысының атынан алғысхат табыстады. Ол өз сөзінде: «Ұлттық ойындарды жаңғырту – рухани жаңғырудың маңызды бөлігі. Жастардың осындай шараларға белсенді қатысуы – болашаққа деген сенімімізді арттырады», – деп атап өтті.

Тағылымы мол шара ұлттық мұраны дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды. Ұлттық ойындар арқылы жас ұрпақтың бойында елжандылық пен дәстүрге деген құрмет қалыптасып, сабақтастық жалғасын таба беретіні анық.

Жақан Жұпар,

Қарағанды облысының тілдерді дамыту

жөніндегі басқармасы жанындағы

Ресурстық тіл орталығының бөлім басшысы