Мәдениет үздігі – Қархабат

Қай кезеңде де, қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Мәдениеттің өсуі – елдің өсуі, ұлттың өсуі. Тәуелсіздігіне тәубе етіп, Мәңгілік Ел болуды мұрат тұтқан халқымыздың рухани бай дүниесінің өлшемі мен өресі де осы мәдениет пен өнер шоқтығында жатыр.

Ауданымызда осынау мәдениет саласына бүкіл саналы өмірін беріп, еңбегін сіңірген адамдар аз емес. Солардың бірі осы салада қырық жылдан астам еңбек еткен Сарғасқаева Қархабат Кеңесбайқызы.

Қархабат Кеңесбайқызы  1961 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Мойынты кентінде дүниеге келген.

Әкесі Кеңесбай Сарғасқаұлы Үлы Отан соғысының ардагері,  басынан бастап 1944 жылдың аяғына дейін майдан кешкен. Отан алдындағы борышын өтеу үшін 1940 жылдың аяғында әскер қатарына шақырылады. Жарты жылдан соң сұрапыл соғыс басталып кетеді. Ленинград қаласын қорғауға қатысады, Әуе-қорғанысы әскерінің зениттік-артиллериялық дивизионының 20-шы отрядының зеңбірек командирі болады.

Майдан шебінде Кеңесбай әкеміз 3 неміс ұшағын атып түсіріп, жаудың жаяу әскерінің взводына дейінгі жауынгерлерін және зеңбіректің тікелей атысымен 2 тұрақты атыс позициясын жойып жіберген. Осы ерліктері үшін жоғарғы әскери басшылары оны екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады. Алайда, өкінішке орай ұсыныстары өтпей қала береді. Дегенмен майдангер атамыз «Қызыл Жұлдыз», «Әскери Қызыл Ту», «Майдандағы ерлігі үшін», «Ленинград қаласын қорғағаны үшін», «1941-1945 ж.ж Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін», тағы басқа мемлекеттік орден, медальдарымен наградталған. Екі рет жараланып, екі рет контузия алған. Соғыс кезінде жас командир, батыр сержанттың ерлігі туралы Мәскеуде шығарылатын «Правда», Алматыда шығатын «Социалистік Қазақстан» газеттерінде мақалалар жарияланған. 1995 жылы Ұлы Отан соғысының 50 жылдығына орай майдангер Сарғасқаев Кеңесбай туралы жарты сағаттық деректі фильмі де түсірілген.

Жараланған жауынгер соғыс мүгедегі ретінде еліне қайтып келеді. Туған өлкесі Мойынты станциясының темір жол саласында жұмыс істейді. Көп ұзамай поселкелік атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. Осы қызметті ол 32 жыл бойы атқарып, сол жерден зейнеткерлікке шығады. Көзкөргендердің айтуы бойынша Кеңкең кең адам болған. Адам баласына көмегін аямайтын, алдына келгендердің бетін қайтармайтын, барынша мейірімді, айналасына шапағаты мен нұрын шашып жүретін, діндарлыққа жақын болып, бес уақыт намазын тастамайтын ерекше адам болған.

1993 жылы аудан орталығы Ақадыр кентіне қоныс аударып, бұл жерде де қолын қусырып отырмаған. Бірнеше жыл аудандық Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлері, еңбек ардагерлері Кеңесін басқарды, ауданның барлық қоғамдық шараларына белсене араласты.

Қархабат Кеңесбайқызының анасы Табираш Сәуірбекқызы елімізге танымал болған Ақпановтар әулетінен шыққан. Ағасы Ақпанов Нөкеш Ішкі істер (қазіргі кезде полиция) генерал-майоры, Жезқазған облыстық ішкі істер басқармасының басшысы болған.

Сіңлісі Гүлбаршын Ақпанова қолынан ұлтымыздың қасиетті домбырасын тастамаған, қазақтың белгілі жезтаңдай әншісі. Оның бірнеше әндері Қазақ радиосының Алтын қорына жазылған. Апамыз біраз жылдар мектепте ұстаздық етіп, мектеп директоры болды. Мемлекеттік қызметке ауысып Ақшатау поселкелік кеңесінің төрайымы, Қаражал-Жәйрем еркін экономикалық аймағының басшысы қызметтерін атқарды.

Қархабаттың анасы көп сөйлемейтін, тұйық адам болған. Балаларын да, немерелерін де жақсы көріп, балажандық қасиетімен ерекшеленген.  Тазалыққа қатты қараған. Ал енді аспаздықта одан асқан адамдар кемде-кем шығар. Қыз балаларына таза тағам дайындау үшін астарын дайындағанда бастарына орамал таққанын қалаған. Әжесінің немерелері әлі күнге дейін бауырсағының, етінің, басқа да тағамдарының дәмділігін ұмыта алмай, жиі естеріне алып жүреді екен.

Қархабат Кеңесбайқызы отбасындағы 8 баланың бірі. Ағайындарымен бірге өсіп-өніп, балалық шағын Мойынты кентінде өткереді. Сол кенттің мектебінде оқиды. Ол оқушы болып жүргенде мектеп директоры республикамызға, облысымызға белгілі білікті ұстаз, әдебиет саласында өзіндік орны бар Көккөзов Мұрат Көккөзұлы болады. Онымен бірге оған тәжірибелі мұғалімдер Мұқашева Гүлсім, Дүйсенов Мұқтар, Қисықова Есенбала тағы басқалар сабақ береді.

Анасы мен нағашы апаларынан дарыған дауысымен мектептегі айтулы мерекелерде ұйымдастырылатын концерттерде үзбей ән орындап жүрген. Есінде қалғаны – ең алғашқы әні композитор Нұрғиса Тілендиевтің әніне, ақын Нұрсұлтан Әлімқұловтың сөзіне жазылған «Алатау» болған екен.  Кейін «Ақ көгершін», «Менің Қазақстаным», «Куә бол» әндерін орындап жүреді. Осы әншілік өнері оны мектеп бітірген соң Жезқазған мәдени-ағарту училищесіне оқуға түсуге жетелеп апарады. Арнаулы оқу орнының «мәдени қызмет көрсету» мамандығын меңгере бастайды. Студенттік кездерінде училищенің хорына қатысып, музыкалық мекеме жанындағы халық аспаптар оркестрінің сапында асатаяқ, сылдырмақ, тастұяқ, сырнайларда ойнайды. Оркестр жетекшісі Төлешов Сәндібектен, хормейстер Қыдырбаев Азаттан, нотаны үйреткен фортепианошы Жанысбекова Әлиядан дәріс алады.

1979 жылы музыка маманы болып қалыптасқан Қархабат Кеңесбайқызы арнайы жолдамамен Ақадыр кентіне келеді. Бірден аудандық Мәдениет бөліміне  автоклуб меңгерушісі болып жұмысқа қабылданады.

Кеңес заманында мәдениет бөлімдеріне қарайтын автоклубтар жұмыс жасады. Олар шалғайда орналасқан кеңшарларға, бөлімшелерге, қой-ешкі бағылатын жазғы жайлауларға, қыстақтарға, жылқы қостарына, егін алқаптарына барып ауыл еңбеккерлеріне қызмет көрсететін.  Аудан бойынша 10 кеңестік шаруашылықтары (совхоздар) ауыл шаруашылық өнімін шығарумен айналысты. 7 кеңшар қой малын өсіріп жүнін, етін тапсырса. үшеуі сүт өндіріп, егін өсірді. Осындай қиын да, мәртебелі істерде жүрген жылқышы, малшы, қойшы, механизатор, комбайнер, жем-азық дайындаушыларға автоклубтар шығып қызметтерін ұсынатын. Оларға медициналық көмек көрсету, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, газет-журналдарды жеткізу, кинофильмдерді және концерттік бағдарламаларды қою шаралары жүргізілетін. Автоклубтар бір жорыққа шықанда апта бойы керуендеп, жүздеген километрлерді жүріп қайтатын.

Көп ұзамай аудандық Мәдениет бөліміне басшы болып Бектұрсынов Қуанышбек Бектұрсынұлы келеді. Жұмысын жақсы игере бастаған маманға әдіскерлік жұмысын ұсынады. Сенім білдіріп отырса басшыға қалай қарсы шығасың?

Қархабат Кеңесбайқызы бұл қызметті де домалатып әкетеді. Аудан көлемінде 17 кент, ауылдар бар. Олардың әрқайсысында мәдениет ошақтары қызмет атқарады. Солардың бәрінің жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Жұмыс болған соң нақты іс-шаралар жоспарын құрасың, олардың орындалуын қадағалайсың. Ондаған музыкалық үйірмелердің жұмыстарын да жүргізу керек. Бір сөзбен айтқанда, аудан орталығындағы Мәдениет үйінен бастап барлық елді мекендердегі мәдени ұйымдардың жұмысына жауап бересің.

Сол кездегі мәдениет саласында атқарған жұмыстары туралы Қархабат Кеңесбайқызы былай әңгімелейді:

– Аудандық Мәдениет бөлімінде еңбегіміз қызу жүріп жататын.  Жұмысымызды қадағалайтын аудандық партия, атқару комитеттері бар, одан қалды облыстық мәдениет басқармасы тағы бар. Қызметімізді, бекітілген міндеттерімізді үлкен жауапкершілікпен атқарамыз.

Солардың ішінде ең үлкен шаруамыз «Ақадыр әуендері» фольклорлық ансамблін құру шарасы болды. Аудан басшыларының көмегімен сол кездегі еліміздің астанасы Алматыдан музыка және хореография мамандары Питерцев Владимир мен Райбаев Зауырбекті шақырып алдық. Олар оркестріміздің ойынын, әншілеріміздің дауыстарын, би қойылымдарын реттеді. Дарындылардың бәрі өз арамыздан шықты. Сол ансамбльмен концерттерімізді Қазақ телевидениесінде қойдық. Облыс орталығы Жезқазған қаласы және басқа елді мекендерге гастрольмен шығып жүрдік. Сол кездегі ансамбльдің құрамында мәдениет майталмандары Бектұрсынов Қуанышбек, Бесимов Тұрсын, Мұсанова Күлән, Аманжолова Рысты (халық арасында оны Людмила Зыкина деп атайтын), Көрікбаев Хамит, Мұсабекова Ақмарал, тағы басқалар болды. Қазіргі кезде кентімізде солардан Қуанышбек ағамыз бен Күлән апамыз тұрып жатыр.

1997 жылы еліміздің Президентінің Жарлығымен Ақадыр ауданы жабылып, Шет ауданының құрамына кірдік. Азын-аулақ санат бірліктері ғана қалып, жай Мәдениет үйіне айналдық. Басшым Бектұрсынов Қ. музыкалық мектептің директоры болып ауысса, мен сол Мәдениет үйін басқаруға қалдым.

Атқаратын жұмысымыздың аумағы азайса да, шараларды өзіміз тауып жатамыз. Сол баяғы аудан кезіндегідей Ақадыр өңіріндегі ауыл, кенттермен қоян-қолтық жұмыс жасап жүрдік. «Жігіттің сұлтаны», «Қыз сыны», «Бүлдіршін ханшайымы», «Кішкентай ханзада», «Келіндер сыны», «Нашақорлыққа жол жоқ», «Жас қанат», т.б байқаулар мен шараларды әрбір демалыс сайын өткізіп отырдық. Осы үрдіс бүгінгі күнге дейін сақталып келеді.

2008 жылы Шет ауданының әкімі Әбдікеров Рысқали Қалиақбарұлының пәрменді көмегімен Мәдениет үйіміз қайта құрылып, мәдени-сауық орталығына айналдық. 2014 жылы оған Қазақстанның Халық әртісі Шабал Бейсекқызының есімі берілді.

Қызмет барысында халық театрының жұмысын да қолға алдық. Лидия Егембердиеваның «Алдамшы үміт», Советхан Ғаббасовтың «Айтылмаған сыр», Ерсін Төлеубайдың «Тендерге түскен келіншек», Мұрат Қолғанаттың «Жалған түс», тағы басқа спектакльдерді халықтың назарына ұсындық. Мерекелерді атап өткен шараларда Ұлы Абайдың, Ақжолтай Ағыбай батырдың, алашордашы Әлихан Бөкейханның, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфулиннің образдарын шынайы сомдадық.

2004 жылы менің жеке бастамаммен Моңғолия елінен көшіп келген қандастарымыздың арасында «Алыстан жеткен ән» атты кеш өткіздік.

Ол кезде кентімізде сол жақтан көш аударған 69 отбасы болды. Алдымен солардың ішінен өнерге жақын адамдарды іздеп, тауып алдық. Шарамызға 40-тан астам адам қатысты. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында сахнаға қолөнер шеберлері де, әншілер де, күйшілер де, бишілер де шықты. Әсіресе, 102-ге келген әжеміз көрермендердің көзінше іс машинаның инесіне жібін сабақтап елдің бәрін тәнті етті.

Сол кешке белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Өмір Кәріпұлы мен сазгер, Қазақстан және Моңғолия елдерінің Композиторлар одақтарының мүшесі Тәукей Ысқақ «Сарыарқам» әнін дүниеге әкеліп, халық алдында тұсауын кесті. Осы кештің өтуі жайында Өмір Кәріпұлы облыстық газетке көлемді мақала жазды.

Сол жылдың қорытындысы бойынша біздің мекеме облыс бойынша «Ауылдың ең үздік Мәдениет үйі» атағын жеңіп алды, – деп сөзін аяқтады.

Қархабат Кеңесбайқызы мамандығы бойынша білімін жетілдіру үшін Алматы, Қарағанды, Жезқазған қалаларында курстарда оқып, арнайы сертификаттардың иесі атанған.

Еңбегі де әрдайым еленіп келді. Қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт Министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, «Қазақстан Конституциясына 15 жыл» мерекелік медалімен, облыстық және аудандық Мәдениет басқармасы мен бөлімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен, Шет ауданы және Ақадыр кенті әкімдерінің «Үздік маман иесі» номинацияларымен және басқа да марапаттарымен құрметтелді.

Көп жылдар бойы сайлау науқандарына белсене қатысып, № 735 сайлау учаскесінің төрайымы міндетін атқарды. Ол еңбегі де бағаланып, биылғы жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Е.Қошановтың қолынан Алғыс хат алды.

Қазіргі кезде зейнеткерлікке шықса да, Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының жанынан құрылған «Ақ әжелер» ансамблінің белді мүшесі, әрі оны ұйымдастырушыларының бірі. Оның құрамында өзі сияқты мәдениет саласының ардагерлері халыққа өнерлерін ұсынуда. Ансамбль мүшелері аудан және облыс орталықтарында байқауларға қатысып, кентте өтетін шараларда бой көрсетіп жүреді.

Сұхбат барысында кейіпкеріме жеке сұрақ қойдым.

– Қархабат Кеңесбайқызы, сіз қызметіңіз жайлы толыққанды  мағлұмат бердіңіз. Енді жұмыстан тыс өміріңізде есте қалған бір оқиғаны айтып бере аласыз ба? – дегенімде:

– Иә,  ондай  қызықты  сәттер болды. 1996 жылы арнайы жолдамамен  Бурабайға демалуға баратын болдым. Ақадырдан пойызға міндім. Жолда Жамбыл облысының Қарлығаш деген бір келіншегімен таныстым. Жолымыз бір екен, ол да мен баратын санаторийге бара жатыр екен. Щучинскіге (Шортандыға) келгенімізде кеш батып кетті. Екеуміз түн ішінде «Жеке батыр» саяжайына баруға жүрексініп, ертеңге қалдырдық. Ал оған дейін сол жерде қонақ үйіне барып демалайық деп уағдаластық. Вокзалдың маңайында бір келіншек «қонып шығуға бөлме бар» деген жазбамен тұр екен. Сонымен бағасына келістік те, күйеуінің сары «Москвичімен» үйіне жеттік. Үй иелері «шай қайнағанша альбом көре тұрыңдар» деп фотолар жинағын ұсынды.  Бір уақытта Қарлығаш мені түртіп, «мына фотода сіз емес пе?» дегені. Жақсылап қарасам шынында да мен екенмін. Үй иесі келіншекті шақырып алып сұрасақ, «мен Жезқазғанның училищесінде оқығанмын. Сонда түскен фотолар ғой?», – деп тұр. «Ой, Гүлнар сенсің бе?» деп мен шықтым. Сол жерде екеуміз мәре-сәре болып қауыштық. Он жеті жылдан соң кездесуіміз. Ол кезде Гүлнардың ұзын шашы болатын, қазір қиып тастаған. Содан түрі мүлдем өзгеріп кеткен. Мен оны, ол мені танымай қалғанбыз. Сол альбом болмаса, екеуміз аяғына дейін бір-бірімізді танымай кетер ме едік? Қазіргі уақытта біреудің үйіне барсаң ешкім ондай альбомын ұсынбайды ғой. Ертеңіне тағы сол сары «Москвичпен» санаторийімізге аман-есен жетіп, орналастық, – деп оқиғасын айтып шықты.

Қархабат Кеңесбайқызының өмірлік жары Сейітжан Шөркейұлы техниканың құлағында ойнаған, бесаспап автокөлік жүргізушісі болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын 59 жасында кенеттен өмірден озды.

Ерлі-зайыптылар 4 бала, екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді.

Тұңғыш ұлдары Қанатқа да бұл жарық дүниеде небәрі 25 жыл өмір сүруге жазыпты. Артында Балжан есімді қыз баласы қалды. Биылғы жылғы мектеп түлегі қазіргі уақытта Қытай Республикасының Чэньчжоу қаласында студенттік өмірін кешіп жатыр.

Екінші балалары Ләззат есімді қыз бала. Қарағанды қаласының «Болашақ» университетін «қазақ тілі және әдебиеті» пәндері бойынша бітірген. Бүгінгі таңда кенттегі М.Мәметова атындағы жалпы орта білім беру мектебінде ұстаздық етеді. Жұбайы Қасым Еркебұлан Шет ауданындағы «Алмалы» кенішінде вахталық әдісімен жұмыс істейді. Екеуі Нұрдәулет, Бексұлтан, Айсәуле есімді мектеп жасындағы балаларын тәрбиелеп өсіріп отыр.

Одан кейінгі қыздары Бекзат та басында Қарағанды қаласының «Болашақ» институтының экономика факультетін бітірсе, кейін Е.Бөкетов атындағы Ұлттық Зерттеу университетінде оқып, «мәдени шараларды ұйымдастырушы» мамандығын алған. Қазіргі кезде Қарағанды қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы мектепте хореограф болып жұмыс атқарады. Жолдасы Садықов Дәурен полиция саласының қызметкері. Бекарыс, Ахмет есімді ұлдары бар.

Үйдің кенжесі Шалқар «Болашақ» университетінде оқып, заңгер мамандығына ие болған. Қарағанды қаласының Төтенше жағдайлар саласында қызметте. Сүйген жары Аманкелді Айым бастауыш сынып мұғалімі мамандығын таңдаған.

«Мәдениет ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты» деп дана халқымыз тегін айтпаса керек. Қарап отырсақ, жер бетіндегі өркениетті елдер ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанып, тек өздерінің төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылып жатады. Осындай халықтардың қатарында өзімізді, яғни қазақ халқын да жатқыза аламыз.

Ендеше бүкіл саналы өмірін мәдениет саласына беріп, оның үздігі атанған Сарғасқаева Қархабат Кеңесбайқызының үлесі бар екенін нық сеніммен айта аламыз.

 Қалижан БЕКҚОЖА, 

Ақадыр кенті