Мәдениет пен өнердің үздік қызметкерлеріне облыс әкімінің сыйлығы табысталды. Марапаттау рәсімі Кеншілер мәдениет сарайында өтті.
Биыл байқауға 85 өтінім берілді. Арнайы комиссия 26 жеңімпазды анықтады. Лауреаттарға сыйлықтар, дипломдар мен естелік мүсіншелер табыс етілді.
– Мәдениет және өнер саласының құрметті өкілдері, сіздерге құрмет пен ілтипатымызды білдіру үшін арнайы жиналдық. Бүгінгі таңда біздің мәдениет қайраткерлерінің туындылары Қарағанды облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның игілігіне айналды. Сізге зор денсаулық және шығармашылық табыс тілеймін! – деп мәдениет қызметкерлерін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтады.
«Мамандыққа адалдығы үшін» бас марапаты мен 2 млн теңгеге сертификат Теміртау мәдениет сарайының «Дарын» қазақ вокалдық эстрадалық ансамблінің жетекшісі Жанна Хасеноваға және Е.Рахмадиев атындағы академиялық симфониялық оркестрдің музыканты Олег Семченковқа бұйырды.
«Жылдың үздік театр режиссері» деп С.Сейфуллин атындағы театрдың көркемдік жетекшісі Айдын Салбанов танылды. Ол өзінің кәсіптегі жолы күрделі болғанын мойындады.
Бала кезінен театрда жұмыс істеуді армандаған, бірақ белгілі бір жағдайларға байланысты фельдшерлікке оқыған.
– Жедел жәрдемде бір жыл жұмыс істедім. Бірақ арманым жібермеді. Міне, соның арқасында театрға 17 жыл өмірімді арнадым. С.Сейфуллин атындағы Қарағанды театрында үш жыл еңбек етіп, 20-дан астам қойылым қойдым. Бүгінгі марапат – өнерге салған еңбектерімнің жауабы, – дейді Айдын Салбанов.
К.С.Станиславский атындағы орыс драма театрының актері Александр Тисен үшін бұл марапат көптен күткен және тосыннан берілген сыйлық болды. Ол «Үздік эпизодтық рөл» аталымының жеңімпазы атанды.
– Мен театрда 14 жыл қызмет етіп келем және бұл менің алғашқы үлкен және маңызды сыйлығым. Бұл өнердің игілігі үшін әрі қарай қызмет етуге және көрермендерді қуантуға ынталандырады, – деді лауреат.
Салтанатты рәсім жергілікті және елордалық орындаушылар мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концертпен сүйемелденді.
2024 жылы облыс әкімінің мәдениет және өнер саласындағы сыйлығының лауреаттары атанғандар:
– «Жыл әртісі» – Айдар Мұқашев, балалар мен жасөспірімдерге арналған Теміртау театры;
– «Жыл әртісі» – Гүлнара Базарбаева, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды академиялық қазақ драма театры;
–«Үздік эпизодтық рөл» – Александр Тисен, К.С.Станиславский атындағы Қарағанды орыс драма театры;
– «Жылдың үздік театр режиссері» -– Айдын Салбанов, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі;
Владимир Дроздецкий, балалар мен жасөспірімдерге арналған Теміртау театрының жетекшісі;
– «Эстрадалық жанрдағы жылдың үздік вокалисі» – Жанболат Ұзақбай, Балқаш қаласының мәдени-демалыс орталығының мәдени ұйымдастырушысы;
– «Халық әнін үздік орындаушысы» – Дәуренбек Аркенов, Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің дәстүрлі ән орындаушыларының көркемдік жетекшісі;
– «Жылдың инструменталисі» – Наталья Киндсфатер, Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің Е.Рахмадиев атындағы академиялық симфониялық оркестрінің әртісі;
Татьяна Беккер, Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының аспапшы-әртісі;
– «Солист-инструменталист» – Валентина Гончарова, Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының аспапшы-әртісі;
– «Жыл дирижері» – Игорь Андрейченко, Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің джаз оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері;
– «Жыл хореографы» – Нұрлан Мұхатаев, Қарағанды қаласы Жаңа Майқұдық мәдениет үйінің «Нұрби» хореографиялық ансамблінің жетекшісі; Айман Тойболдина, «Қуаныш» үлгілі хореографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі және хореографы;
– «Балет және хореографиялық ұжымның үздік әртісі» – Кәмилә Жағыпарова, Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің «Аққу» хореографиялық ансамблі;
– «Үздік көркемөнерпаздар ұжымының жетекшісі» – Светлана Супьянова, Саран қаласы Ақтас кентінің мәдени-демалыс орталығының «Ақ шаңырақ» қазақ әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін жаңғырту орталығы;
– «Үздік бос уақыт ұйымдастырушысы» – Еркінбек Қорабаев, Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ кентінің мәдени-демалыс орталығының көркемдік жетекшісі;
– «Ауылдың үздік мәдениет қызметкері» – Сайран Атретхан, Осакаров ауданының мәдени-демалыс орталығының музыкалық жетекшісі;
– «Ауылдың үздік кітапханашысы» – Ботакөз Рахимова, Бұқар жырау ауданының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ақпараттық-библиографиялық секторының меңгерушісі;
– «Үздік кітапханашы» – Айгүл Қарашова, Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының облыстық кітапханаларды дамыту бөлімінің басшысы;
Алтынай Ысқақова, Қарқаралы ауданы ОКЖ аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі;
– «Алтын жол» – Тұнғышбай Мұқан, Мәдениет қайраткері, өлкетанушы, Ақтоғай ауданының энциклопедиясының авторы;
– «Үздік айтыскер» – Нұрмұхаммед Байсүгіров, суырыпсалма ақын;
– «Жылдың үздік суретшісі» – Мадихан Қалмаханов, суретші, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ аға оқытушысы;
– «Үздік мұрағатшы» – Вадим Цой, Нұра ауданы мемлекеттік мұрағатының цифрландыру және мемлекеттік қызметтер бөлімінің басшысы;
– «Мамандыққа адалдығы үшін» – Жанна Хасенова, әнші, Теміртау мәдениет сарайының «Дарын» қазақ вокалдық эстрадалық ансамблінің жетекшісі; Олег Семченков, Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің Е.Рахмадиев атындағы академиялық симфониялық оркестрдің әртісі.