АДАМ ТАНУ
Әй, өзім, кінәлі бәріне,
Қолыңды бәрі бір, кеспейсің.
Бармаған сегізден әріге,
Бұл қасқа сабазға, не істейсің.
Бассам да жерге нық, қадамды,
Тұрса да шоқ шашып көзімде от.
Айырмай адамнан наданды,
Шатасып жүретін кезім көп.
Көнбейтің ерікке, ырыққа,
Кісіге әр ісің таңулы.
Жалғар ем құрықты, сырыққа,
Оқысам мен «Адам тануды».
Қосумен оқыдым алуды,
Соншалық ақымақ емес ем.
Оқысам мен «Адам тануды»,
Тағдырдан таяқты жемес ем.
Болмаса тек ілу, шалуда,
Шатасу адамға тән екен.
Білгенге бұл «Адам тану» да,
Өмірде ең қажет пән екен.
ӨТІНІШ
Шығарып әптер-тәптерін,
Көшіріп ғайып сәттерін.
Жүрмісің тізіп, толтырып,
Періштем амал дәптерін.
Аңқаны алып шөл іштен,
Заһар у көп қой, мен ішкен.
Күнәммен кешіп кінәмді,
Өшіре салшы періштем.
Өшіре салшы кінәмді.
Кешіре салшы күнәмді.
Қылмысым жоқ періштем,
Аса ауыр күмәнді.
ЖЫЛАП АЛАМ
Аспан да жылайды,
Жүзін кеп бұлт басқанда,
Тастар да жылайды,
Мүктерін шық басқанда.
Мұңайып табанда,
Жүзінен шуақ ұшқан.
Жылайды адам да,
Қайғыдан, Қуаныштан.
Жас тұнып көзінде,
Кім бар ей, жыламаған?
Жеңілдеп өзім де,
Баз базда жылап алам.
МЕН
Жұмыр жер жүдеу – жүрегім,
Тағдырым ауыр – зілзала.
Өзекті жанға бір өлім,
Жанымды жеме мұң-нала.
Үйренген ноқта-жүгенге,
Пендемін пәлек басты мен.
Періште болсам жүрем бе,
Пақыр боп жердің астымен?
Пендемін көп қой менде мін,
Қайтемін босқа ақталып.
Желігіп жиі желдедім,
Сезімді сүзіп ақ мамық.
Періште емес пендемін,
Өмірді жүрген малданып.
Жандарға адал сенбедім,
Аярға арам алданып.
Тағдырым ауыр – зілзала,
Жұмыр жер – жүдеу жүрегім.
Жанымды жеме мұң-нала,
Өзекті жанға бір өлім.
Білемін…
РАЗЫМЫН ӨТКЕН КҮН
Күндеріме разымын кешегі,
Сайран салып, жібергем жоқ есені.
Өтті дурен, көшті дəурен басымнан,
Дуылдаттық, шуылдаттық көшені.
Бүршік атып сезім гүлі көктеген,
Өтті бастан қызық сəттер көптеген.
Сүйіп қалып, күйіп қалып сұлуды,
Жүрегімді қарыдым сан, отпенен.
Тəтті ерінді, сəттеріңді сағынар,
Əр адамның қимас асыл шағы бар.
Сүйіп қала, күйіп қала беретін,
Жүрегімнің осалдығы тағы бар.
Жібергем жоқ өткен күнге есемді,
Жан емеспін кісəпірлі, кеселді.
Жүрегім бар сүйіп қала беретін,
Көңілім бар қалдырмайтын меселді.
Қилы жайды бастан кешіп өткердім,
Содан бəлкім көрешекті көп көрдім.
Қызығы да шыжығы да ғанибет,
Разымын өткен күн.
ҚАЙДА КЕТІП БАРАМЫЗ
Парламентте «орыс тілін айрықша қорғау туралы заң қабылдапты» деп естігенде.
Дау тудырмай, екі арада өршіген,
Тату тұрған жақсы шығар, көршімен.
Шенділердің өзге тілді қорғаштап,
Түсінбейсің шекелерін тершіген.
Құжаттарды тәржімадан, көшіріп,
Жұрт алдында сайрайтындар, көсіліп.
Тұншықтырып жатыр ана тілдерін,
Өзге тілдің мәртебесін, өсіріп.
Шүлдірлейді өзге тілде, баламыз,
Ау, ағайын қайда кетіп, барамыз.
Ажыратып кіндігінен ұрпақты,
Кеуде керіп несіне мәз, боламыз.
Кімге дәрі, кімдерге бұл, үлгі еді,
Төрлерінде тайрандатқан кірмені.
Қазақ пенен қазақ сайрап, жат тілде,
Осы ма еді, миы жетіп, білгені.
Балпаң-балпаң бай-батша да, шора да,
Талтаң-талтаң билерің жүр, жорада.
Бодандықтың қайта іліп қамытын,
Қазақ барып кіріп отыр қораға.
ШАТАСТЫМ
Негізі өкілі едім, басқа өмірдің,
Шатасып бұл қораға, босқа кірдім.
Бәрі бір қашып кетем бұл жалғаннан
Есігін өзге әлемнің, ашса бір күн.
Бұйрат қыр малға толы, қасқа белі,
Сөз бенен сертке берік асқан ері.
Сағым кешіп, самалмен көшіп жүрген
Негізі өз әлемім басқа еді.
Әлемім азат еді, бостан еді,
Жауы жоқ тек жанашыр дос бар еді.
Қатыгез, қайыры жоқ жат әлемге
Кім әкеп тастап кетті, босқа мені.
Бұл жақтың көріп, білдім, сойқанын бар,
Құдайға датым менен, айтарым бар.
Отырған иықтағы қос періштем,
Өтінем, әлеміме қайтарыңдар.
ЖЕТПІС ЖАЙЛЫ
Орындалмай талай арман кетті іште,
Қызық шақтар кірер енді тек түске.
Зымырандай ағып өтіп уақыт,
Келдің дейді, сенейін бе, жетпіске.
Уақыттың бұрқ еткізіп шаңдағын,
Арта қалды алып ұшқан арда күн.
Жүргенімде желік қуып желпініп,
Іште қанша өліп кетті арманым.
Тәңір берген аманаттап кепілге,
Жастық желік қалды желдің өтінде.
Өткен күндер оралмайды айналып,
Енді оған өкін мейлі, өкінбе,
Солай!
ЕСКІ ӘУЕН, ЕСКІ ӨЛЕҢ
Жазғырма, ей, жас ұрпақ, сөкпе мені,
Шешеді реніш пен өкпе нені.
Кезеңде кеңес деген аты шулы,
Адамдар жақсы-жайсаң, өткен еді.
Жаны ашып, бір-біріне көмектесіп,
Жатқа да, жақынындай, өбектесіп.
Боз торғай қой үстіне жұмыртқалап,
Күндерін көрген еді, ел ептесіп.
Шет демей, түбі шикі, шетін демей,
Жоқ-жітік, жарымаған, жетім демей.
Бір ауыл, бір атаның баласындай,
Күн көрді шоқ көсемей, от үрлемей.
Адамы ойлаған жоқ қара басты,
Бөле ішіп, бөле жеді, шалап-асты.
Бір ауыл, бір адамның баласындай,
Шек-қарын, ыдыс-аяқ араласты.
Бір кезде кезең болған кеңес деген,
Бөлінбе, бай-кедей боп, теңес деген.
Уақыт «корзинаға» сала салған,
Ескі әуен ұмытылған, ол, ескі өлең.
ЕРТЕГІЛЕР ӘЛЕМІ-ІІ
Айтпа жұртқа сенгісіз, қисыны жоқ, тыс жайды,
Ертегінің есегі енді алтын құспайды,
Тік ұшақ бар, ұшақ бар, «Ұшар ханның баласы»,
Самұрыққа отырып, көкке самғап ұшпайды.
Ішіп-жесе әлі де, қалдырмайтын түгін де,
Көлтаусар мен қомағай табылады бүгін де.
Жегендерін желкеден шығаратын құстырып,
Бір «Ұр тоқпақ» бізге де, керек шығар түбінде.
Елге өткен танымал, Ертөстіктің есімі,
Төстік жеген балаңыз өзгелерден көш ірі.
Жыландардың елінде жақсы болса тұрмысы,
Біз де барып қайтайық, қайда жердің тесігі?..
СИПАТ
Болмаса жігер, дәрмені,
Не қайыр таудай тұлғадан.
Тобырға жүріп пәрмені,
Отырса тақта, құл да адам.
Жуа берсең ақыры,
Торқа да тозып шуады,
Патшаның болса қатыны,
Күңнің де аузы дуалы.
ЕРТЕГІГЕ СЕНЕМІЗ
«Ерте, ерте, ертеде» деп келетін ертегі,
Ертегіге сенетін болған бүгін ел тегі.
Жылдан жылға жаңарған Отанымды көргенде,
Бір сұрапыл алапат, дерт ішімде дертеді.
«Ерте, ерте, ертеде» ертегіге ел сенген,
Өзгермеген дүние сол баяғы теңселген.
Аяп кетем мән әлгі, байғұс Алдаркөсені,
Теуіп жүрген құлақтан, көкелерді көрсем мен.
Биік біздің басқадан, ойымыз бен өреміз,
«Елу жылда ел жаңа» өркендейміз, өнеміз.
Бәрі жақсы болады «сабыр түбі сары алтын»,
Ертегіге отыз жыл, сеніп келдік, сенеміз.
ҚҰЛДЫҢ ҚҰНЫ БОЛА МА?!
Жігеріңді жіберетін құм қылып,
Қастерлейтін қалмады түк құндылық.
Құлға айналып бара жатыр адамзат,
Құдай бізді жаратты деп құл қылып.
Тәңір өзің сорлы халге түсірген,
Жиі шошып оянамын түсімнен.
Шыр-пыр етіп шыбын жаны шырқырап,
«Құл емеспін» дейді бір үн ішімнен.
Тағдырының құрсап жүрген сынығын
Жаратылған хайуанның бірімін.
Шұрқыраған шығып құлын дауысы,
«Құл емеспін» дейді іштегі бір үнім.
Топырақтан жаратылған жан бітіп,
Күнәһар деп Адам атаң арғы түп.
Неге мені дүниеге әкелдің.
Қадамымды басқан елге аңдытып.
Болады деп жұмыр жерде тұрағың,
Не үшін мені жан бітіріп сынадың.
О, Жаратқан қияметте өзіңе,
Қоятұғын менің де көп сұрағым.
Ананы да, мынаны да күнә деп,
Тиым салдың түсініксіз жүдә көп.
О, Жаратқан қай әзәзіл, азғырып,
Ақыл қосқан біз байғұсты сына деп.
Көре алмайтын күнін қарын, құрсақсыз.
Болмысымды нәпсіменен құрсапсыз.
О, Жаратқан ең сүйікті құлыңа,
Неге бердің қу құлқынды ынсапсыз.
Қисыны жоқ, келетұғын жобаға,
Құлақ асқан сөзге адам оңа ма?
Мал секілді айдағанға көнетін,
Бас еркі жоқ құлдың құны, бола ма?
Періштеге сай сипатты пішінмен,
Тәңір, өзің құдіретті күшіңмен.
«Адам етіп жаратты» деп шырылдап,
«Құл емеспін» дейді бір үн ішімнен.
БҰЛАҚПЫН ЖАТҚАН БҮЛКІЛДЕП
Қылығын аусар кеш ұлдың,
Бетіне салмай құр салық.
Қияға қанат кеш ұрдым,
Жамағат жырды құрсанып.
Өріңе өтсем екпіндеп,
Ұлыңды аусар сөкпе елім.
Кешігіп барып тек гүлдеп,
Кешігіп барып көктедім.
Тұмса бір буып от-өнер,
Кеш ауды жырға құмарым.
Бабында тұрса көтерер,
Бағымды өлең пырағым.
Дауыл боп соқсам таңдан ба,
Жыр сүйер қауым бұл кім деп.
Еркелеп келіп арнаңда,
Бұлақпын жатқан бүлкілдеп.
Кәусарын жырдың атқылап,
Тас жарып шыққан қайнармын.
Арнаңда аунап шапқылап,
Өлеңнің өрін жайлармын.
Қылығын аусар ұлыңның,
Жамағат ерсі санама.
Жырымның жауқар бұрымын,
Тарқаттым дархан далаңа.
АЛАШЫМ – АНАШЫМ
Алашым дейін анашым,
Анашым менен сырт берме.
Табады қайтіп жарасым,
Сенімен өңшең қырт пенде.
Сілтесем алмас тілімді,
Жағыма жанып қайрап ап.
Қырттарың шала бүлінді,
Мінімді теріп майдалап.
Бетіне айтып жақпадым,
Аяр мен топастарыңа.
Жанымды жалын қақтадым,
Өмірдің от астарына.
Әділет деппін шырылдап,
Жоғыңды іздеп бекер мен.
Жолымды кесті ырылдап,
Әбілет кіл бір мекермен.
Анашым дейін Алашым,
Алашым менен сырт берме.
Жанымның жазып жарасын,
Көзімнің жасын сүрт кел де.