Мал баққанға мемлекеттен қолдау бар

Қарағанды облысында әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында ауыл шаруашылығына қомақты қолдау көрсетіліп жатыр. Егін шарыуашылығымен қатар, мал шаруашылығындағы ағайын да айтарлықтай көмеккке ие болуда. Мәселен, «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде Бұқар жырау ауданында алты шаруа қожалығы сегіз отбасына тауарлық несие түрінде 27 ірі қара берілді. Аталған жоба ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру үшін іске қосылған еді.

Тауарлық несие ауыл тұрғындарына ірі қара немесе ұсақ мал түрінде беріледі. Ал қарыз алушы бес жыл ішінде үш төлдің екеуін несие берушіге беруге міндетті. Мәселен, бес жыл ішінде бір сиырдан туған үш бұзауды борыш ретінде қайтаруы керек. Қалған төл мен сиыр өзінде қалады. Аталған шарт орындалып және қарыз алғанына бес жыл өткеннен кейін тауарлық несие жабылады. Бұл мал баққан ағайынға өте тиімді дейді ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Манат Құрманғалиев.

– Тауарлық несиенің өзге несие түрлерінен артықшылығы – шаруашылықты ашу және дамыту үшін бастапқы салым іздеп әуре болмайсыз. Несие алғандар сиырдың бес жылдағы төлінен бөлек сүтін, майын сату арқылы табыс табуына болады. Ал несиені ақшамен емес, төлмен қайтару борышкерлердің артық қаржылық шығынбауына мүмкіндік береді, – дейді бөлім басшысы.

Кәсіпкерлер де тауарлық несиені енгізудің тиімді таңдау боғланын айтады. Жергілікті фермерлер бұл бастамаға үлкен қызығушылықпен атсалысып отыр.

– Табысы төмен отбасыларға берілген жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Мен бұл істі барынша қолдаймын. Мәселен, осындағы өзіме жақсы таныс екі отбасыға жеті сауын сиырын бердім. Енді олар ол сиырлардың сүтін сатып, майын, қаймағын жинап, әл-ауқатын арттыруға ынталанады деп сенемін, – дейді «Үлкен» шаруа қожалығының басшысы Григорий Шарков.

Тауарлық несиені алғандардың қатарында көпбалалы отбасылар бар. Солардың бірі – Ақжар ауылының тұрғыны Руслан Башаев.

– Қазір балаларды асырау оңай емес. Құжайға шүкір, отбасым үлкен. Сондықтан тауарлық несиеге қатысу туралы ұсыныс түскенде бірден келістім. «Арлан» шаруа қожалығы маған үш сиыр берді. Өз басым несиелеу шарттары өте тиімді деп ойлаймын, – дейді Руслан башаев.

Тауарлық несие облыстағы аудандар арасында бірінші рет іске қосылып отыр. Бағдарлама алдағы уақытта жалғасын таппақ.

Ал Нұра ауданында 1100 сиырға арналған сүт фермасы іске қосылады. Бұл ферма Көбетей ауылында орын тепкен. Қазір фермадағы құрылыс жұмыстары аяқталды. Ал көктемде ірі қара жеткізіліп, кәсіпорын жұмысын бастайды.

Нұра ауданы Көбетей ауылында 1100 бас ірі қара малға арналған заманауи сүт-тауар фермасының құрылысы аяқталды. Көктемде ірі қара жеткізіледі, содан кейін кәсіпорын жұмысын бастайды. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Асановтың айтуынша, бұл – ішкі нарықты жергілікті сүтпен қаматамасыз ету мақсатында қолға алынған жоба.

– Қарағанды – индустриалды өңір. Дегенмен, агроөнеркәсіп кешенін дамыту – басым бағыттардың бірі. Жалпы өңірлік өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі шамамен 4 пайызды құрайды. Облыста 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 14 түрі өндіріледі. Ал алты атау бойынша ішкі сұраныс толық қамтылған. Бұлардың қатарында ұн, картоп, сиыр еті, тауық жұмыртқасы және тағы басқа өнімдер бар. Сегіз өнім түрі бойынша қамту 65 пайызға дейін барады. Сондай-ақ бес тауарды, яғни тұз, қарақұмық, күріш, күнбағыс майы мен қантты сырттан әкелеміз. Келешекте облысты сүтпен толық қамтамасыз ету мақсатында сүт фермаларын көптеп ашу көзделіп отыр, – дейді Бауыржан Асанов.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, шикізаттың тапшылығынан сүт зауыттары толы қуатымен емес, жартылай ғана жұмыс істеп тұр. Бұл бағытта арнайы жобалар қолға алынбақ. Қазір «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде ауыл шаруашылығы кооперацияларына мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Жоба арқылы 30 млн теңгеге дейін несие жеңілдікпен беріледі. Былтыр облыста 60-тан астам кооператив құрылды.

Мал шаруашылығын дамытуда жем-шөп базасын толықтыру маңызды. Бұл бағытта түрлі дақылдарға арналған егістік алаңдарын көбейту жұмыстары жүріп жатыр. Мәселен, Қарқаралы ауданының фермерлері мал азығына арналған бір жылдық шөп өсіріп отыр. Алдыңғы жылы қуаңшылыққа байланысты шөп аз шыққан еді. Салдарынан қыс кезінде қиындықтар туындады. Енді шаруалар өздері шөп егіп, оны жинап алуға кірісті.

Бұл жұмыстарды ірі шаруа қожалықтары қарқынды жүргізіп жатыр. Мәселен, Ынталы, Мамыраев, Әбдіров және Бесоба ауылдық округтеріндегі бірнеше шаруашылық судан шөбінің тұқымдарын екті. Фермерлер бұл шөптің өте құнарлы екенін айтады.

– Судан шөбі – тез өсетін және қыс айларында таптырмас жем. Біз былтырғы проблемадан сабақ алдық және кішігірім учаскеге шөп тұқымын септік. Егін жақсы болды. Сабақтары биік шықты, – дейді «Ерлан» шаруа қожалығының басшысы Қанат Мұса.

Сонымен қатар «Берік» шаруа қожалығы мал азығы үшін қарақұмық дақылын өсірді. Бұл да қыстан қысылмай шығу өте қажетті жем-шөп дейді шаруашылық өкілдері. Жалпы, ауданда 884 шаруа қожалығы, 16 ауылшаруашылығы серіктестігі бар. Қысқа қарай бұл шаруашылықтар 350 мың тонна жем қамдап алды.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *