Бүгінде қоғамда ерекше алаңдаушылық тудырып отырған мәселелердің бірі – құмар ойындарға тәуелділік. Бұл дерт тек қарапайым азаматтарды ғана емес, мемлекеттік қызмет жүйесінде жүрген жандарды да айналып өтпейді. Алайда ел сенімін арқалаған мемлекеттік қызметші үшін мұндай әрекеттерге жол берілмеуі тиіс. Себебі, олардың әрбір іс-әрекеті мемлекет абыройына тікелей әсер етеді.
Осыған байланысты ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметшілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Жуырда аталмыш департаменттің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Қайсар Акбаров Қарағанды бойынша көліктік бақылау инспекциясының ұжымымен кездесу өткізді. Кездесудің басты тақырыбы – мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау, құмар ойындарға қатыспау және қызметтік шектеулерді ұстану болды.
Шара барысында Әдеп кодексінің негізгі талаптары кеңінен түсіндіріліп, мемлекеттік қызметші мәртебесіне сай келмейтін әрекеттерден, әсіресе құмар ойындарға әуестенуден барынша аулақ болу қажеттігі айтылды. Қайсар Акбаров өз сөзінде мұндай әрекеттердің тек қызметкердің ғана емес, бүкіл мемлекеттік органның беделіне нұқсан келтіретінін баса айтты. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің жеке мүдделері мен қызметтік міндеттері арасындағы ықтимал қақтығыстардың алдын алу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мәселелері де көтерілді.
Кездесу барысында мемлекеттік қызметкерлерге олардың еңбек жағдайлары, әлеуметтік кепілдіктері мен заңмен қорғалатын құқықтары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Бұл – олардың өз міндеттерін адал атқаруға, кәсіби этиканы сақтауға ынталандыратын маңызды фактор.
Мұндай кездесулер тек түсіндіру жұмыстары ғана емес, мемлекеттік қызметшілер арасында заңдылық пен жауапкершілік мәдениетін нығайтудың тиімді тетігі саналады. Мемлекеттік қызмет – сенім мен тазалықтың жолы екенін ұмытпаған жөн.
Әділ БЕК