Құмар ойын құрдымға апарады

Елімізде Бурабай мен Қапшағайдан басқа жерлерде құмаройын бизнесін ұйымдастыруға тыйым салынғаны белгілі. Дегенмен бұл дертке арбалып, букмекерлік кеңселерді жағалап жүргендер көп. Ондай мысалды Қарағанды облысында да көптеп кездестіруге болады. Олар бәске тігетін ақша табу үшін қылмыс жасайтын жағдайлар да жиі кездеседі. Мысалы, жергілікті лудоман Қарағанды қаласының тұрғынынан 14 млн теңге ұрлап, букмекерлік кеңсеге тігіп жіберген.

Қарағанды қаласының сауда ұйымының басшысы полицияға ақшасының ұрланғаны туралы шағым түсіреді. Яғни 40 жастағы тұрғын 14 млн теңгесінің қолды болғанын айтып, бұл қылмысты кімнің жасауы мүмкін екенін көрсетеді. Тергеу барысында жәбірленушінің күдіктімен жақын таныс болмағаны анықталады. Күдікті өзінің тек атын айтып, 1 млн 700 мың теңге қарыз сұраған. Өзінің алдамайтынына сендіру үшін кепіл ретінде жеңіл көлігін қалдырған. Ал келесі күні жәбірленуші 14 млн теңгені банк шотына аудару үшін өз жұмыс орнына көлігімен келген. Сол сәтте күдікті келіп, көлікте қалған ноутбукты алу үшін көлікті ашып беруді сұраған. Жәбірленуші көлікті ашып, өзі ойда түк жоқ, жұмыстарымен ішке кіріп кеткен. Біраздан кейін сыртқа шыққан ол көліктің жоқ екенін көреді. Ақша көліктің ішінде кеткен.

Полицейлер дереу із кесіп, Алматы облысының 35 жастағы тұрғынын қолға түсіреді. Тергеуде ол букмекерлік кеңселерге үнемі ұтысқа ақша тігіп жүргенін мойындайды. Басқаларға қарызын қайтару үшін жәбірленушіден қарыз алғанын, кейін көліктегі 14 млн теңгені де ұтысқа тігіп жібергенін айтады. Бірақ ұтылып қалған.

Мұндай мысалды жүздеп келтіруге болады. Тағы бір лудоман қала тұрғынының шотынан ақша ұрлап, оны букмекерлік кеңсенің шотына аударған. Тәртіп сақшылары бұл қылмысы бар деген күдікпен 21 жастағы жігітті қамауға алды. Ол ақпараттық жүйеге заңсыз кіру арқылы қаланың 43 жастағы тұрғынының шотынан 20 мың теңге жымқырған. Жымқұырғанда бірден букмекерлік кеңселердің бірінің шотына аударған. Қолға түскен күдікті өз кінәсін бірден мойындады. Ал заттай дәлелдерді жинап алған полицейлер оның басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Құмар ойынға құмарлар ақша табу үшін түрлі айла-тәсілдерге барады. Мәселен, қарағандылық алаяқ жоқ пәтерлерді жалға берген. Яғни Қарағанды қаласының үш тұрғыны полицияға арызданып барады. Олардың айтуынша, әлеуметтік желілердің бірінен Қарағанды қаласында жалға пәтер берілетіні туралы хабарлама көрген. Жәбірленуші жалға берушіге алдын ала 10 мың теңге ақша жіберген. Кейін сол үйге кірмекші болғанда ол жерде басқа адамдардың тұрып жатқаны анықталған.

Қарағанды облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы және Қарағанды қалалық полиция басқармасының киберпол қызметкерлері кешенді жедел іздестіру іс-шаралары барысында Ұлытау облысының Жезқазған қаласында 23 жастағы күдіктіні қолға түсірді.

Күдікті жалған хабарлама бергенін және жәбірленушілердің ақшасын букмекерлік мекемеде құмар ойындарға тіккенін мойындады.

Сондай-ақ облыста заңсыз құмар ойын бизнесін ұйымдастырғандармен қарқынды күрес жүріп жатыр. Мәселен, Қарағанды тұрғыны қалада казино ұйымдастырған. Мейрамханалардың бірінде покер орталығын ашқан. Және осы арқылы ол 32 млн теңге пайда тапқан. Қылмыскердің қылмысы дәлелденіп, 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Жалпы, құмар ойынды ауыздықтау мақсатында елде жан-жақты шектеулер енгізілген. Бүгінде елде 3,5 миллионнан астам адамға құмар ойын ойнауға тыйым салынған. Олардың 250 мыңға жуығы мемлекеттік қызметшілер мен күштік құрылымдардың өкілдері. Соған қарамастан жастар арасында лудоманияға шалдыққандар саны азаймай тұр. Мұның алдын алу үшін елде онлайн казино индустриясын бақылауға мүмкіндік беретін біріңғай есепке алу жүйесі енгізіліп жатыр. Енді құмар ойындарды онлайн бақылауға мүмкіндік бар. Аталған жүйе қойылған барлық ставканы тіркеп, адамның ойынға қатысу, оның ішінде екі кезеңдік биоматериалық сәйкестендіруді тексереді.

Бүгінде елде 40 мың азамат лудоманиядан зардап шеккені ресми анықталды. Сондай-ақ бір жыл ішінде құмар ойынның салдарынан қарызға батқан шамамен 200-ге жуық адам өз-өзіне қол жұмсаған. Мұның алдын алу мақсатында қарағандылық тәртіп сақшылары тұрғындармен түрлі кездесулер ұйымдатырып тұрады. Бұл жиындарда құмар ойынға құмарлықтың соңы құрдымға апаратыны туралы айтылып, оларға аулақ болудың маңыздылығы жайлы міндетті түрде түсіндіріледі.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *