Материалдық емес мәдени мұраны сақтау мәселелері талқыланды

2025 жылғы 7 қазан күні Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Достық үйінің конференц-залында материалдық емес мәдени мұраны (МЕММ) сақтау және насихаттау мәселелеріне арналған өңірлік семинар-кеңес өтті.

Шараны Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты облыстық демалыс және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырды.

Семинар жұмысына шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдері, қолөнер шеберлері, этнографтар, тарихшылар, кітапханашы-өлкетанушылар, журналистер және азаматтық қоғам өкілдері – барлығы 30-дан астам адам қатысты.

Қатысушыларға құттықтау сөзін ЮНЕСКО жанындағы материалдық емес мәдени мұра жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Рустам Рахимұлы Музафаров жолдап, дәстүрлерді зерттеу, құжаттау және жас ұрпаққа жеткізу бағытындағы жүйелі жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

Семинардың басты мақсаты – Қарағанды облысындағы материалдық емес мәдени мұра элементтерін өзектендіру, ЮНЕСКО тізіміне енгізуге арналған номинациялық досьелерді дайындау және сала мамандары мен дәстүр иелерінің өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау болды.

Кеңес барысында өңірдегі МЕММ-нің қазіргі жағдайы, мәдени құндылықтардың өңірлік картасын әзірлеу, шеберлер мен зерттеушілерді қолдау жолдары, сондай-ақ мәдениет мекемелері мен қоғамдық ұйымдардың өзара ынтымақтастығын нығайту мәселелері талқыланды.

Семинар аясында облыс шеберлерінің материалдық емес мәдени мұраның номинациялық карталары бойынша әзірлеген жұмыстары көрме форматында көпшілік назарына ұсынылды.

Ерік РЫМҒАЛИЕВ