Қазақстанда дамудың жаңа дәуірі басталды. Осыған сай қоғамдық сананы жаңғыртуда еліміз осы тарихи кезеңге тән қауіптер мен сын-қатерлер жан-жақты бағаланып, болашаққа деген терең көзқарас негізделуі керек. Бұл дәл қазіргі кезеңдегі ақпараттар ағыны ғаламат өріс алып тұрған шақта, халықтың медиасауаттылығын барынша кемелдендірумен тығыз байланысты. Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының қолдауымен облыс кәсіпкерлерінің ассоцациясы «Жаһандық құзыреттіліктер және медиасауаттылық» аталатын танымдық және тағылымдық жобаны жүзеге асыруда. Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!» деген шақыруын қолдау жөніндегі шараларды танымал ету және іске асыру, өз мәдениетін, өзіндік ұлттық кодын сақтау, жеке тұлғалардың БАҚ құралдарымен жұмыс жаасай білу дағдылары мен белсенділік қасиеттерін қалыптастыру – жобаны ұйымдастырып өткізудің басты жүйесін қамтитын басты міндеттер.
Медиабілім беру – жоба бойынша білім алушылардың бұқаралық байланыс заңдылықтарын оқуын жақтайтын бағыт. Негізгі міндеті – жалпы жұртшылықты, оның ішінде жас ұрпақты казіргі ақпараттық заман талаптарына, түрлі ақпаратты қабылдау мен талдауға дайындау, адамды оны түсінуге, оның психикаға әсерін білуге үйрету, байланыстың вербалдік емес формалары негізінде, техника құралдар мен қазіргі акпараттық технологиялар көмегімен қарым-қатынас жасау тәсілдеріне үйрету. Әлеуметтің маңызы зор медиасауаттылық туралы білім беру мен тәрбиелеудегі атқарылатын жұмыстар жүйесіне әр түрлі алаяқтық қауіп-қатерлерден сақтандыру жолдарымен таныстыру басты нысанаға алынған. Медиасауаттылыққа тәрбиелеудің негізгі қағидаларына сәйкес, қазіргі кезде орын алып отырған қаржы пирамидаларының зияны туралы дәлелдермен сабақтастыра қарастыру жалпы бағыт-бағдарын құрайды. Медиасауаттылық білім берудің өміршеңдігін жаңғырту арқылы, оның танымдық және тағылымдық табиғатынмен таныстыру бағытындағы деректер мен дәйектер бір жүйеде жүргізіледі.
«Медиа» термині біздің елімізде қолданыста жиі аталмағанымен, өміріміздің ең маңызды бөлігіне айналып кетті. Ол қазіргі жаһандық ақпараттар ағынында қоғамымыздың дамуына, тұлғаның қалыптасуына зор әсер етуші қару болып отыр. Медиа тек тұлғаның қалыптасуына әсер етіп қана қоймай, оның теріс ықпалы белгілі бір деңгейде халықтың және жас буынның санасының дамуына өз әсерін тигізуде. Сондықтан да заманауи, жылдамдығына көз ілеспейтін ақпаратты ажырата білуге, ондағы жақсы мен жаманды пайымдап түсінуге, тұлғаның сыни ойлау қабілетін дамытуға атсалысу – осы медиа-білім берудің басты міндеті. Медиасауаттылыққа тәрбиелеу арқылы – барлық жастағы адамдарға қазіргі қоғамда сыншыл тұлға, тиімді коммуникаторлар және белсенді азаматтар болу керек екендігі туралы іздену және сөйлеу дағдыларын дамытуға көмектесу. Мамандықтың қай саласында болсын бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру.
Медиасауаттылыққа тәрбиелеудің негізгі қағидаларында анықталғандай, бұл салада білім беруді балалық шақтан бастап, сыни тұрғыдан ойлау және тұжырымдамалар мен мәтіндерді тереңірек талдап, сұрақ қою бойынша педагогиканы дамытудан бастауға болады. Қоғамда медисауаттылықтың төмендігі үрейге, сенімсіздікке, денсаулық саласындағы жобалардың сәтсіз болуына, әлеуметтік поляризацияға, жек көрушілікке алып келетіні қазіргі кезде белең алып бара жатыр. Бәрімізге айқын күнделікті көріністің бірі – халық алаяқтардың алдында қорғансыз қалады. Былтырғы статистиканың өзінен алаяқтардың арбауына түскен адамдардың қаншалықты көп екенін көруге болады. Алаяқтар келтірген залал 2019 жылмен салыстырғанда 180 млрд теңгеге артқан. Бұл құқық қорғау органдарына шағымданғандардың үлесі ғана, ақшаға алданғанын айтқысы келмейтіні қаншама. Қоғамда медиасауаттылықтың төмендігінен туындайтын ең қарапайым мысал осы.
Пирамида – жұртты тақырға отырғызып кетіп жүрген қаржы саласындағы үлкен қатердің бірі. Қанша алданса да, соншама сақтандыру мақсатында ақпараттық талдаулар жасалса да, пирамиданың қақпанына түсіп қалып жатқан қазақстандардың қарасы өте көп. Оның екі себебі бар. Біріншісі – тез баюдың жолын іздеу. Екіншісі – қаржылық сауаттың болмауы. Екіншісінен біріншісінің әсері басым. Себебі, сауаты бар кісілердің өзі тез баюдың жолын іздеп, алаяқтардың құрығына қалай түсіп қалып жатқанын білмей қалып жүр. Өкінішке қарай, қатардағы көп адамның бойында бұның екеуі де бар. Шындап ойлансақ, екеуін де шешуге болады. Макроталдаушы Аякөз Ханетова: «Біздің қоғамда пирамида екенін біле тұра өз ақшасын қатерге тігетін адамдар бар. Қазіргі таңда пайда болып жатқан қаржы пирамадаларын шынайы компаниялардан ажырату өте қиын. Ол үшін міндетті түрде белгілі бір деңгейде қаржылық сауаттылық керек. Алайда, кей жағдайда сауатты болу да жеткіліксіз. Себебі өте сауатты адамдардың да ақшаларын өз қолымен алаяқтарға бергенін көрдік те, естідік те. Өйткені қазір адамдарға «бұл жаңадан ашылған компания, сіз міндетті түрде басында кіргеніңіз үшін ұтасыз» деп ақылға қонымсыз пайда сомаларын айтып қызықтырады», – дейді.
Қаржы пирамидаларының көбейіп кетуіне жалған блогерлер жанталаса жұмыс жасауда. Жалпы, блогерлер аудиториясының ауқымы өте үлкен. Жазғандары ресми ақпараттық құралдарға қарағанда жылдам таралады. Осыны ескерсек олардың ойластырмай жасаған әрекеттері бұқараға лезде әсер ету қаупі бар екенін аңғарамыз. Заң олардың мәртебесін анықтаумен қоса ақпараттандыру жұмысында таза тәсіл мен анық деректерді пайдаланудың маңыздылығына көңіл аудартады. Құжат жалған мәліметтер тарату немесе заңсыз пайда алу үшін танымалдылықты теріс пайдаланудың алдын алады. Жауапкершілік аясы нақты белгіленетін болса блогерлер қандай да бір ақпарат жарияламас бұрын жақсылап тұрып ойланатын болады.
Медиасауаттылық туралы ақпарат кейде бұқаралық ақпарат құралдарының жағымсыз өлшемдерін, оның медиа манипуляцияларын, жалған ақпараттарды, жыныстық және нәсілдік стереотиптер және оған алаңдау, жеке өмірді жоғалтуға сенімсіздік, киберқауіпсіздік және интернет жүйесіндегі жыртқыштық әрекеттерден қорғануға бағытталады. Медиасауаттылықты қалыптастыру медиа мен технологияны пайдалану бойынша білім мен құзыреттілікті қалыптастыру арқылы халыққа медианы тұтыну әдеттері мен пайдалану үлгілері бойынша дұрыс таңдау жасауға көмектесу арқылы қорғаныс түрін ұсына алады.
Медиасауаттылық халықтың әлеуметтік желілердегі әр түрлі мазмұндағы мәтіндер мен хабарларды түсінуге және қоғамдық пікірталасқа үлес қосуына, сайып келгенде, көшбасшыларын сайлауда дұрыс шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Медиасауатты адамдар медиа хабарламаларды талдау кезінде әр түрлі позициядағы көзқарастарына қарамастан қоғам үшін маңызды позицияны қолдай және қолдана алады.
Серік САНАУБАЕВ,
Қарағанды облысы кәсіпкерлері
ассоцациясының директоры
