Менің алғашқы ұстазым

Алғашқы ұстаз – әр адамның жүрегінен ерекше орын алатын тұлға. Ең алғаш қолға қалам ұстатып, оқу мен жазуды үйреткен адам. Білім бұлағымен әр кішкентай шәкіртін сусындатқан, алғаш рет ілім жолының есігін ашып, оқуды үйреткен аса құрметті ұстаз.

Алғашқы ұстаз баланың өмір жолындағы білімге деген құштарлығын арттырады, сауаттылыққа баулудан ешқашан таймайды. «Әліппенің» бетін ашқызып, барлық әріпті үйретпесе қазір сауатты болу-болмауым беймәлім. Барша керемет философ, академик, ұлы тұлғалар мен лауазымды қызметкердің сауатын ашқан – алғашқы ұстаздары. Барлығымыз да осы аяулы ұстаздарымыздың алдынан өтпей өмірде орнымызды таба алмаймыз. Алғашқы ұстаз балаға толық білім алуы үшін қажетті құралдарды ұстатып, «білім» атты шексіз ғаламға ұшырады. Дәл солай зейінімді алғаш ашқан ұстаз менде де бар. Ол кісінің еңбегі мен берген тәлім-тәрбиесі маған өте бағалы.

Менің алғашқы ұстазым – Гүлден Еркінқызы. Ұстазыммен бастаумен еске аламын. Гүлден Еркінқызының бізге көрсеткен мейірімін, берген білімін, тәрбиесін жадымда әлі күнге дейін сақтап жүрмін. Ұстазымның қолыма қалам ұстатып, жазуды, оқуды, санауды үйреткені үшін алғысым шексіз. Мектеп табалдырығын аттап, қабырғасын сезінгенде қасымда ақылшы, қамқоршы, екінші анамдай болған жан Гүлден мұғаліміміз еді. Алғаш рет менің шамшырағымды жаға білген де, көзіме от, жүрегіме сенім орнатқан да  алғашқы ұстазым.

Зейінімді ашқан – алғашқы ұстазым. «Шәкірті зейінді келеді, ұстазы бейілді болса» – деп қазақта бекерге айтылмаған. Көзіме от орнатқанмен, ойыма бар зейінді аямай құйған ұстазыммен түрлі сайысқа қатысқанды ұнататын едік. Гүлден Еркінқызы алғаш рет қалам ұстатып қана қоймай, алғаш рет жеңіс дәмін сездірді. Бастауыш сынып оқушыларының арасында болатын сайыс, олимпиадаларға ай сайын қатысып, әрқашанда жүлделі орын иеленетін едік. Мұғалімім маған сахнада қалай сөйлеу мәнерін, ел алдында ұялмай өнер көрсетуді үйретті. Сол кісінің арқасында дұрыс сөйлеп, ел алдында сенімді болуды үйрендім. Алғашқы ұстазымның еңбегінің жемісі зор болып шықты. Себебі балапан кезімнен қанатымды қатайтып ұшырған соң, оқуда үздік болып, мектебімнің мақтанышы болып келемін. Жеңістің дәмін балапан кезімде сезген соң, есейіп мұзарт таулардай биік армандарымды бағындыруға бар күшімді салудамын.

Менің алғашқы ұстазым білім көзімен бірге тәлім-тәрбие көзін де аша білді. Ол кісі өзінің жүріс-тұрысымен, киім киісімен, сөйлеу шеберлігімен, дауыс ырғағымен нағыз мәдениетті адамның қандай болатынын көрсете білді. Мысалы, сыныпта түсініспеушіліктер орнаған жағдайда ешқашан дауыс көтеріп ұрысқан емес. Бізге сабырлы кейпінде ақылын айтып, татуластыратын және жағымсыз жағдай болған сәттерде ешқашан ашуланған емес. Сол кісіге қарап мен де сабырлы, байсалды, ақылды болуды үйрендім. Әр жасаған ісіне қарап бой түзеген кездер де болды. Мен үшін Гүлден Еркінқызы алғашқы ұстаз ғана емес, алғашқы үлгі болған тұлға. Бүгінгі күнге дейін бастауыш сыныпта қаланған іргетасым сынған емес және де сынбайды. Себебі бұл іргетасыма «Білім» атты зәулім сарай қалануда.

Алғашқы ұстаз – баланың өміріндегі ең маңызды адамдардың бірі. Себебі баланың бойындағы барлық жақсы қасиеттер алғашқы ұстаздан бастау алады. «Ұстаз деген  ұлағатты  атауды  естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей  сезінемін» деген Серке Қожамқұловтың сөзін өзіммен байланыстырғым келіп отыр. Мен алғашқы ұстазымды ойлағанда әлі күнге дейін сол кісінің қасындағы шәкіртіндей сезініп, алғысымды жаудырғым келіп тұрады. Мен өзімнің алғашқы ұстазымды қатты жақсы көремін. Өйткені, ол кісі менің бұлағымның көзін ашты.

Нұрдана ИБРАГИМОВА,

Жұмабек Тәшенев атындағы мектеп,

11 «а» сынып оқушысы

Қарағанды қаласы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *