Өнерім – өмірім

Бар өмірін өнерге арнаған Сарыарқаның саңлақ суретшісі Мыңғыш Әбілқасовтың еске алу көрмесі үстіміздегі жылдың ақпан айында Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің көрме залында ашылды.

Бұл көрменің басқа көрмелерден ерекшелігі көрермендер шебердің туындылары барлығы 66 болса, соның 63-і отбасы қорынан алынды, кейбірі алғаш рет көрермендер назарына ұсынылып отыр.

Мыңғыш Мәуленұлы Әбілқасов 1943 жылы 26 ақпанда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында дүниеге келді. 17 жасында Алматы көркемсурет училищесіне түсіп, оны тәмамдаған соң көмірлі қаламызға қайтып оралып еңбек жолын бастайды.

Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищесінде оқып жүрген кезінде суретші бүкіл әлемге танымал белгілі кескіндемеші суретшілерден дәріс алып, басқан қадамы сәтті болды. Бірінші курста қазақ халқының тұңғыш суретші қызы Айша Ғарипқызы Ғалымбаева сабақ беруден бастаса, одан әрі Әубәкір Ысмайылов, Молдахмет Кенбаев, Алексей Ильич Бортников сынды Одақ пен Республика көлеміне аттары танымал суретшілерден тәлім-тәрбие алды. 1970 жылы Суретшілер Одағына мүше болып қабылданады.

Мыңғыш Мәуленұлы ерен еңбегі үшін 1990 жылы Қазақ ССР-іне Еңбек сіңірген Өнер қайраткері атағын алды.

Көптеген аймақтық, республикалық, облыстық, халықаралық көрмеге қатысқан қылқалам шебері.

Экспозицияда көбіне суретшінің табиғаттың сұлулығын бейнелеген тамаша туындыларын көреміз. Мыңғыш Мәуленұлы түс таңдаудың хас шебері еді. Ол бейнелеген табиғаттың кереметтілігі сол мысалы, «Қайырлы таң! Баянауыл» деп аталатын туындысына қарап елі – ақын, жері – шежіре қасиетті өлкеде тамаша самал жел бетіңнен сипап өткендей, сол әсем қатпарлы таулардың арасында жүргендей әсер аласың.

Мыңғыш Әбілқасов станоктік картина, пейзаж, портрет саласында еңбек етті. Қай жанрда да болмасын оның жұмыстарында толық сюжеттік қимыл кездеспейді. Себебі оның ойлары ішкі динамикаға құрылған. Бұдан суретшінің кескіндемелік пластиканың бойындағы әсерді көрсететін толыққандылықты бұзбауды мақсат ететінін ұғыну қажет. Суретшінің жер мен аспан, дала мен ағаш, қала мен адам сияқты бойына шынайылықты жинақтаған қарапайым желіні ұстануы адам мен тіршілік арасындағы қарым-қатынастың негізін анықтау, заттар мен құбылыстардың ішкі сырына қанығу арқылы рухани түсінік табуы деп ұғынамыз. Композициялық құрылымның бірқалыпты ырғағы, көзтартатын кеңістік тереңдігі өмірдің жалғасын, мәңгілік тіршілігін байқатады. Табиғат құбылыстарын бейнелеуде суретші, табиғаттың таңғажайып сұлулығын ерекше бейнелейді. Аспан кеңістігінде, айналаның түлеуі мен құлпыруын бейнелеуде ыстық ықылас ниетін айқын аңғарамыз.

Табиғат – мәңгілік, адам және табиғат біртұтас. Ол тіпті табиғаттың дағдылы құбылыстарының таңғажайып сұлулығын ерекше сергек қабылдап көрерменіне тамаша жеткізе алатын еді.

Кеңес үкіметі кезінде суретші көп елдерді, талай жерлерді аралады. Түркия, Қырым, Швеция, Болгария, Қытай, Үнді, ГДР елдерінде болып тамаша туындылар, дүниелер өмірге әкелді.

Қазақстанның әсем табиғатын, Жер жаннаты Қарқаралыны, әсем Бурабайды, Баянауылды, Балқаш өңірін бейнелеген туындылары қаншама.

Туған жері Жаңаарқада болып «Қара шаңырақ» деп аталатын тамаша туынды жазды,  онда  өзінің туып өскен үйін кенепте майлы бояумен үлкен сүйіспеншілікпен бейнелеген. Шығарма көлемі сонша көлемді болмағанымен мұнда суретшінің қасиетті қара шаңыраққа деген сағынышы, әке-шешесіне деген жүрек жылуы, туған жерге деген шексіз махаббаты жатыр.

Мыңғыш  Мәуленұлы артына өшпес мұра қалдырып кетті. Сондықтан да суретшінің өзі бүгінде бақилық болғанымен, оны өнер сүйер қауым ешқашан ұмытпақ емес. Жарқын жүзіңізді ешқашан жадымыздан шығармаймыз. Біздің музей қорында суретшінің әртүрлі техникада орындалған 19 жұмысы бар. Біз әрдайым Мыңғыш Мәуленұлының шығармаларын көрмелерде көрсетіп ол кісінің ақтаңгер суретші болғанын мақтанышпен айтып отырамыз. Мыңғыш Әбілқасовтың өмірі мен өнері қай жағынан болсын көпке үлгі. Қарағанды өңірінің жыршысы, Қазақстанның қылқалам шебері атанған суретшінің қолынан шыққан өнер туындылары қай уақытта да Қазақстан музейлерінің төрінен орын алып, ұрпақтан-ұрпаққа қызмет ете берері сөзсіз. Суретші 2013 жылы 70 жасында дүниеден өтті, марқұм биыл 81 жасқа толар еді.

Құрметті қарағандылықтар және қала қонақтары! Хас шебердің осындай жанға рухани азық сыйлайтын керемет туындыларын көреміз десеңіздер, көрме ақпан айының 27 жұлдызына дейін жұмыс жасайды. Келіңіздер, көріңіздер!

Мейрамгүл ЕЛУБАЕВА,

Мәдениет саласының үздігі.

Қарағанды облыстық

бейнелеу өнері музейі

басшысының орынбасары

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *