Қарағанды облысында еңбек адамдарының еңбегін дәріптеп, кәсібіне адал жандар мен еңбек әулеттерінің өнегелі жолын ұлықтауға ерекше мән беріліп келеді. Өңірдің өндіріс орындары мен кәсіпорындарында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, өз ісінің майталманы атанған қарапайым жұмысшылар мен түрлі сала мамандары – қоғамның басты тіректерінің бірі.
Еңбек әулеттерінің дәстүрін жалғастырып, ата-анасының жолын қуған ұрпақтар да бүгінде өз мамандығын мақтан тұтып, ел дамуына үлес қосып келеді. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, кәсібін өмірлік ұстанымына айналдырған азаматтарды қолдау, олардың еңбегін бағалау және әлеуметтік тұрғыдан қолдау – қоғамдағы еңбек адамының мәртебесін арттырудың маңызды бағыты.
Осындай еңбекті, отбасылық құндылықтарды және ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін игі бастамалардың бірі – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы. Байқауға қатысқан көптеген жанұя еңбекқорлықты, мамандыққа адалдықты, өзара сыйластықты және отбасы құндылықтарын өмірлік қағидасына айналдырған. Олардың арасында еңбек әулеттерінен шыққан, қарапайым еңбегімен елге үлгі болған, өз мамандығының нағыз иелері мен майталмандары бар.
Қарағанды облысында «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының өңірлік кезеңі өз мәресіне жетіп, үздіктері анықталды. Биыл өңірдің қалалары мен аудандарынан 100-ден астам отбасы байқаудың іріктеу кезеңіне қатысып, өздерінің өнегелі өмір жолын, берік отбасылық дәстүрлерін, толайым жетістіктері мен қоғамдық бастамаларын көпшілік назарына ұсынды. Солардың арасынан облыстық кезеңге 26 отбасы жолдама алды.
Байқаудың Бас жүлдесі Қарағанды қаласынан қатысқан Кернебаевтар отбасына бұйырды. Олар отбасы мүшелерінің арасындағы берік сыйластық пен өзара қолдауды, ұрпақтар сабақтастығын, белсенді азаматтық ұстанымды және ұлттық әрі отбасылық құндылықтарға деген құрметті өмір салтына айналдырған жанұя ретінде танылды. Енді Кернебаевтар отбасы республикалық кезеңде Қарағанды облысының намысын қорғайды.
Бірінші орынды Нұра ауданынан келген Пішенбаевтар отбасы иеленді.
Екінші орын Осакаров ауданын таныстырған Пята отбасына берілді.
Ал үшінші орын Қарқаралы ауданынан қатысқан Бейсенаевтар отбасына бұйырды.
Байқау қорытындысын шығару барысында қазылар алқасы отбасылық дәстүрлердің сақталуы мен сабақтастығына, ұрпақ тәрбиесіне, қоғамдық белсенділікке, балаларға көрсетілетін тәлім-тәрбиеге, сондай-ақ отбасының ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен дамытуға қосқан үлесіне баса назар аударды.
– Бүгін «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысып, берекесі мен бірлігі жарасқан отбасылардың қуанышын бірге бөлістім.
Осындай шараларға қатысқан сайын отбасының адам өміріндегі орнының қаншалықты маңызды екенін тағы бір түсінесің. Бір-біріне сүйеу болып, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, еңбегімен жетістікке жетіп жүрген отбасылардың әңгімесін тыңдау ерекше әсер қалдырды.
«Мерейлі отбасы» – бұл отбасыдағы сыйластықты, ата-анаға құрметті, бала тәрбиесін және ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін жақсы дәстүр.
Әр шаңырақта күлкі, түсіністік пен береке болсын. Отбасыларымыз аман, мерейіміз үстем болсын! – дейді «Әділет» партиясы Қарағанды облыстық филиалының жетекшісі Бекзат Алтынбеков.
«Мерейлі отбасы» – жыл сайын өнегелі отбасылардың басын қосып, олардың өмір жолы арқылы сыйластық, мейірім, жауапкершілік пен бірліктің қадірін дәріптейтін тағылымды байқау.
Оның басты мәні – кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді кеңінен насихаттап, жақсы тәжірибені ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге жол ашу.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ
