Мектеп оқушыларының санасына білімнің негізін ұялатып, жас жеткіншектердің әрі қарай дамуына себеп болған, өмірі өнегелі, ұлағатты ұстаздардың орыны ерекше
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы, қазіргі Тоқтар батыр ауылына қарасты МТС (машина, трактор жөндейтін шеберхана) ауылының тумасы. Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтының түлегі, орыс тілі мен әдебиетінің маманы Хасенова Марияш Қабжанқызы 1969 жылы жоғары білімді маман ретінде өзі оқыған мектебіне, мамандығы бойынша ұстаз болып орналасты.
– Сол кезде мектеп директоры Тасқымбай Байдүйсенов деген өте тамаша білімді ұстаз басшылық жасап, жас мамандарды ұстаздың қыр-сырына баулып, шыдамдылыққа үйретті. Одан кейін Сәулехан Әбдірахманов, Сағымбай Сапаров,Тәпенов Манат Ахметұлы деген білімді азаматтар басшылық қызметті атқарып, мектебіміздің көркейіп өсуіне көп ықпал жасады. Тәжірибелі ұстаздар да өмірден алған тәлім-тәрбиесін жас ұстаздарға үйретуден жалықпай, қамқорлық көрсетіп жүрді. Атап айтсам, Күләш Қасымқызы, Бибігүл Сүлейменқызы, Майра Әбдірахманқызы сияқты тамаша, білікті ұстаздарға еліктеп, арқа сүйеп ауыл балаларына білім мен тәртіп шапағатын сыйлауға тырыстық, кейіннен өзім де жас ұстаздарға тәлімгер болдым, – дейді бізбен сұхбатында «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері Марияш Қабжанқызы өткен өмір жолына шолу жасап, есіне алды.
«Жақсының жүзі жарқын» дегендей, осындай жаны жаздай шуақты, жаңаша көзқарасты, парасатты Марияш ана сонымен бірге мейірімді әже. Олжас баласы мен сүйікті келіні Аяжан мен сүйкімді немересі Аяжан жақында ғана аяулы анасының мерейлі 80 жасын құрметтеп, дүркіретіп той жасап, көпшіліктің алғысы мен батасын алды. Ашық жарқын бауырмал мінезіне орай, бірге қызмет атқарған мұғалімдер мен шәкірттері, көршілері де алыстан келген туыстары да ұстаздың өнегелі өмірі туралы жақсы тілектер айтып, риза болды.
Барлық саналы ғұмырын осы оқу ағарту қызметіне арнаған ұстаз бойындағы асыл қасиеттері шәкірттерінің бойынан табылып, қаншама жылдар өтсе де ұстаздың адами, тәрбиелі қасиеттерін білім нәрімен сусындатқанын айта жүруі белестер биігіндегі сыйласымда жатса керек-ті. Мектеп директорының орынбасары қызметін де, көп жылдары абыройлы атқарды. Бірнеше мәрте аудандық, облыстық оқу басқармалары мен бірге Республикалық Білім министрігінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Марияш Қабжанқызы, сонымен бірге еліміздің тұңгыш ғарышкері Тоқтар батыр ағамыздың кластасы, қазір де жиі хабарласып тұрады.
Әрбір тұлғаның өмір жолы, қызмет атқарған өнегелі істері ерекше есте қалатындай болмақ. Өз кезінде мектеп оқушыларын пәнге қызықтырып, келешек өмір жолдарында орыс тілін де білуі, таза сөйлеп, сауатты жазу керек екендігін тілге тиек етіп тәрбиеледі. Қоғамдық әртүрлі жұмыстардың бел ортасында болып, белсенділік танытып, ұйымдастырып жүрді.
«Білімі мықты елдің, ұрпағы білікті болады» демекші, ұстаз дегеніміз – білгенін үйретуші ғана емес, ол өз бойындағы тұнып тұрған өнегесін, білімін асқан қамқорлықпен, адамгершілік әдептілікпен өзгеге дарытушы. Тағылымды, жақсы үлгідегі, қызығушылық өмір жолдары бар осындай адамдардан, біздің өркениетті елдердің өрелі биігінен желкілдеп өсіп келе жатқан жастарымыз білім әлеміне терең бойлап, өнегелері шуақ болып құйылады деген жылы жақсы ойдамыз.
Ал, біз өмірі өнегелі ұстаз ана Мариям Қабжанқызына, Алланың берген жасын жасай беріңіз деп, денсаулық пен қажымас күш-қуат тіледік.
Рымтай ШӨКЕЙҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Қарағанды қаласы
