Әрбір адамның өмірінде бақытты кездесулер бола береді, олардың кейбірі бұдан соң адамның өмір жолын айқындап беруі мүмкін. Инженерлік ғылымның атасы Әбілқас Сағынұлы Сағыновпен танысуым менің тағдырымда сондай айтулы оқиға болды.
Мектепті бітіргеннен кейін мен ҚарПТИ-ге, «Автомобиль көлігі» мамандығына түспек болдым, бір күні әкем мені политехқа алып келді де, университеттің корпусын көрсетіп, оқу орнының ректорымен таныстырды. Әңгімелесу барысында Әбілқас Сағынұлы маған металлургия саласының «Қара және түсті металдарды құю өндірісі» мамандығы бойынша құжаттар тапсыруға кеңес берді. Өйткені политехникалық институттың ректоры ретінде болашақта қандай бағыттың өмірде көбірек қажет болатынын ол кісі жақсы білген ғой.
Менің тағдырым Қарағанды политехникалық институтына түскеннен бастап бүгінгі күнге дейін осы көрнекті адаммен тығыз байланысты болды.
Институтта оқып жүрген кезімде мен Әбілқас Сағыновтың сеніміне лайық болуға тырыстым да үздік оқыдым, сондықтан екінші курстан бесінші курсқа дейін лениндік стипендиат атандым.
Ә.С.Сағынов студент жастардың өміріндегі проблемаларға бей-жай қарамай, қызығушылық танытып, жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жұмыс істеуге дайын интеллектуалды және кәсіби дайындалған мамандарды қалыптастыру мақсатында мені сол кездегі институт парткомының идеологиялық жұмыстарына жауапты етіп тартып, студенттер арасында патриоттық, адамгершілік, тәрбие жұмысын жүргіздірді, өнеркәсіптік өндірісте, білім беру саласында, ғылымда немесе басқару сияқты кез келген салада еңбек етуге байлып шығарды.
Әбілқас Сағынұлының бастамасымен және оның басшылығымен мен Бүкілодақтық көрмеге экспонаттар – қалыптау автоматтары мен дәл құю машиналарының қолданыстағы модельдерін дайындадым. Бұл еңбегім КСРО ХШЖК-нің алтын, күміс және қола медальдармен аталып өтілді. Осы және басқа да әзірлемелер кейінірек маған Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын алуға мүмкіндік берді.
Мен әрқашан Әбілқас Сағынұлының назарында жүрдім, ол кісі менің жетістіктерімді бақылап, 1975 жылы ҚарПТИ студенттерінен Мәскеуге сапар шегетін облыстық делегация құрамында, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30 жылдығына арналған шараларға қатысуға кеңес берді, онда мен Жеңіс Туының жанында суретке түстім. Бұл құрметке тек үздік студенттер ғана ие болатын. Мен үшін бұл өте жоғары құрмет еді.
Ректор ретінде жұмысының алғашқы күндерінен бастап-ақ ол кісі институттың ғылыми-педагогикалық кадрларын даярлауға әрқашан үлкен мән берді. Әбілқас Сағынұлы әрдайым Қарағанды политехникалық институтының түлектері аспирантураны бітіріп, диссертацияларын сәтті қорғағаннан кейін оқытушылық жұмысқа өзінің политехына оралуы үшін еліміздің белгілі жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруға тырысты. Оның жас мамандарға риясыз қамқорлық жасауы, олардың күш-қуатын дұрыс бағытқа салып отыруы ол кісінің ерекше дара қасиеті еді. Әбілқас Сағынұлы институт оқытушылары мен қызметкерлерінің шығармашылық өсуі үшін ерекше қолайлы ахуал жасай білді. Ол кісі маған үнемі көмектесіп, тәлімгер болды. Ол менің ғылымға деген қабілетімді бірінші болып тани білді және 1977 жылы университеттен кейін Мәскеу автомобиль жасау институты (МАСИ) аспирантурасының күндізгі бөліміне оқуға жіберді.
Оның дана қолдауы мен жанашыр басшылығының арқасында мен доцент, профессор болдым, докторлық диссертация қорғап шықтым.
Жұмыс бастылығына, қолының ешқашан бос болмайтындығына қарамастан, ол кісі өте мұқият және бәріне уақыт тауып, туған әкесіндей қамқорлықпен қарайтын сезімтал жан болды. Институттың әрбір қызметкері мен студенттері әрқашан баға жетпес кеңесін алу үшін ол кісінің алдына бір барып шығуға тырысатын.
Мен де әрқашан сол кісіге еліктедім, ол кісіден үлгі алдым, бар қасиеттерін өзімнің бойыма сіңіргім келді. Тау қозғалса да қозғалмайтын орнықты, парасатты, іскер, ұйымшыл, көреген, алда не болатынын болжай білетін, жаңашыл және барлық прогрессивтік істердің бастамашысы, батыл қадамдарға баратын, өте таза адам еді.
1982 жылы Мәскеуде кандидаттық диссертациямды мерзімінен бұрын қорғап, Қарағандыға келдім, сол кезде Әбілқас Сағынұлы мені ҚарПТИ-дің қабылдау комиссиясындағы жауапты хатшының орынбасары етіп тағайындады. Ол кезде жауапты хатшы Г.Г.Пивень болатын, ол кісінің басшылығымен бұл жұмысты мен 4 жыл істедім. Ол кезде ҚарПТИ-дің Петропавл, Жезқазған, Павлодар, Балқаш, Целиноград және Көкшетау қалаларында филиалдары болған еді. Мен бұл филиалдарға математика (жазбаша және ауызша) және физика пәндерінен қабылдау емтихандарына қатысу үшін бірнеше рет бардым. Сол кезде институтқа 16 мыңнан астам студент қабылданатын.
Ә.С.Сағыновтың зиялылығын, адамдарға деген құрметін еске алып, алғыс сезімін жасырмайтын түлектерінің Қазақстан мен Ресейдің ірі қалаларын айтпағанның өзінде түкпір-түкпірінде болмаған, жұмыс істемеген жерлері жоқ шығар.
Бұған қоса Әбілқас Сағынұлы – талантты публицист және айтулы ғалым еді. Оның ғылыми еңбегіне көз салсақ, 500-ден астам монография мен ғылыми мақала, 50-ге жуық авторлық куәлік пен патенттер, басқа да жұмыстары бар.
ҚазКСР ҒА академигі, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте иегері, 33 жыл бойы оқу орнын тұрақты басқарған профессор Ә.С.Сағынов Қарағанды политехникалық институтының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан адам. Социалистік Еңбек Ері атағы Әбілқас Сағынұлына 1971 жылы жоғары білім беруді дамытудағы және білікті маман кадрлар даярлаудағы зор еңбегі үшін берілді. Ә.С.Сағынов бұрынғы Кеңес Одағында осындай жоғары атаққа ие болған төрт ректордың бірі. Осы кезеңде институт бұрынғы Одақтың барлық жоғары оқу орны арасында екінші орынға ие болды және оқу-педагогикалық және ғылыми-зерттеу қызметіндегі жоғары көрсеткіштері үшін бірнеше рет құрметті марапаттарға ие болды. 1976 жылы ҚарПТИ КСРО-ның Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Бұл үкіметтің ең жоғары наградасы болатын. Сол жылы ЖОО-ның аты ҚазКСР-нің Алтын Құрмет кітабына жазылды. Ә.С.Сағынов басшылық еткен жылдары Қарағанды политехникалық институты (1976 және 1981 жылдары) ҚазКСР-нің Алтын Құрмет кітабына екі рет жазылды.
Өңірдің тау-кен өндіру кәсіпорындарын кадрлық және ғылыми қамтамасыз етудегі Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті ғалымдарының үлесіне зор баға беру қажет. Университет 120 мыңнан астам инженер дайындады және олар Қазақстан Республикасының түрлі саласында табысты еңбек етті және қазіргі кезде де жұмыс істеп жатыр. Көптеген түлек Қазақстандағы және ТМД елдеріндегі бірлестіктерді, шахталарды, зауыттарды, университеттерді, фирмалар мен компанияларды басқара отырып, ірі әкімшілік және шаруашылық басшы қызметкерлерге айналды.
Институт әрдайым ғылыми-зерттеу жұмыстарының үлкен ауқымды көлемін орындады. Ә.С.Сағынов институттың оқу-зертханалық және ғылыми-зерттеу базасын дамытуға үнемі назар аударды. Оның ұсынысы бойынша және тікелей басшылығымен өнеркәсіп мәселелерін шешу үшін бірнеше салалық мақсатты және тау-кен зертханаларының проблемалары сәтті жұмыс істеді.
Әбілқас Сағынұлының бастамасымен жоғары білікті ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау үшін «Геотехнология», «Тау-кен машиналары», «Тау-кен қысымы мен маркшейдерияның геомеханикалық көріністері», «Өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі» мамандықтары бойынша докторлық және кандидаттық диссертацияларды қорғау жөніндегі ғылыми кеңестер ашылып, қазіргі уақытқа дейін жұмыс істеп келеді, оларда 400-ден астам ғалым кандидаттық және докторлық диссертация қорғап шықты.
Менің өмірлік ұстазыма деген өзімнің ризашылығымды білдіруге қалай айтсамда сөз жетпейтін сияқты болып тұрады. Әбілқас Сағынұлының көп жылғы қызметінің ең жақсы нәтижесі бүгінде республиканың және ТМД аумағындағы ең үздік университеттердің бірі болып саналатын Қарағанды политехникалық университетінің ұлан-асыр жетістіктері болса керек, онда біздің еліміздің өнеркәсіп, саясат және бизнестің ірі мамандары қалыптасқан.
Бүгінде Әбілқас Сағынұлының ұлы істерінің ізбасарлары ұстазының еңбегіне зор құрмет көрсете отырып, Орталық Қазақстандағы жоғары техникалық білім мен ғылымды ұйымдастырушы, Қарағанды көмір бассейнінің, Қарағанды қаласының қалыптасуы мен дамуына белсене қатысушы, бәсекеге қабілетті инженерлік кадрлар даярлау ісіне баға жетпес үлес қосқан көптеген шәкірттердің тәрбиешісі және тәлімгері ретінде еске алады.
Аристотель ИСАҒҰЛОВ,
Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ
аппарат басшысы, т.ғ.д., профессор,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
