Мысшылар шаһарындағы мүгедек жандарға қамқорлық

Мысымен аты шыққан Балқаш қаласында мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі ұдайы назардан түскен емес. Шаһарда біліктілігімен көзге түскен мамандар жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдар баршылық. Қазір облыстың түпкір-түпкірінен келген, сал ауруына шалдыққан және туа бітті ақауы бар балаларға оңалту көмегі көрсетіліп келеді. Бұл орайда қоғамдық ұйымдардың, үкіметтік емес бірлестіктердің рөлі ерекше.  

Бір жарым жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді қабылдайтын орталыққа жүгінушілер жетерлік. Орталық нысаны ретінде Балқаш-1 станциясында екі қабатты ғимарат қайта жаңартылды. Инженерлік коммуникациялар толығымен ауыстырылып, үй-жайларда қолжетімді орта қағидаты бойынша күрделі жөндеу жүргізілген. Баспалдақтарға арнайы көтергіштер орнатылған.

Орталық осы уақытқа дейін қаладағы жүйке жүйесі ауыратын, тірек-қимыл аппараты зақымданған және басқа да кемістігі бар бала мен жастарға әлеуметтік оңалту қызметін көрсеткен. Кейбір науқастардың денсаулығы жақсарған. Айталық, қимылсыз жандар жүріп, сөйлей алмайтындардың тілі шыққан. Заманауи үлгіде жабдықталған ғимарат оңалту, әлеуметтік-мәдени, спорттық сабақтарды кешенді түрде жүргізуге, қызмет сапасын арттыруға жол ашып отыр.

Балаларға арналған оңалту орталығының басшысы Дина Жамбекованың айтуынша, орталықта қызметкерлер толық қамтылған. Педиатр, ортопед-травматолог, реабилитолог, психолог, невропатолог, логопед, дефектолог, музыка, дене шынықтыру мұғалімдері және басқа мамандар бар. Жаттығу терапиясы, физиотерапия, массаж бөлмелері жабдықталған. Монтессори бөлмесі қарастырылған. Ыстық ванна мен тренажерлер, гальванизация және электрофорез, магнитотерапия және тағы басқа аппараттар бар. Жатын бөлмелерде функционалды кереуеттер қойылған. Пациенттерге күніне бес рет ыстық тамақ беріледі. Орталық 30 орынға есептелген. Көрсеткіштер бойынша балалар алты айға дейін осында ем ала алады. Оңалту кешені медициналық, әлеуметтік және педагогикалық тұрғыда тегін қызмет көрсетеді.

– Оңалту орталығының негізгі мақсаты – психологиялық-коррекциялық тәрбие үрдісі балалардың санасын, ой-өрісін дамытып, жеке тұлға ретінде қалыптастыруға әсерін тигізу. Өзіне-өзі сенуі, мінез-құлқын өзгерте білу, өзін белгілі бір ортада ұстау дағдыларын меңгертуге күш саламыз. Қоғамға араласып, құқықтарының қорғалуына мүмкіндік туғызамыз. Оларды еңбекке үйретіп, өмірге икемді тұлға етіп қалыптастыру жұмыс жасаймыз. Мұндай балаларды тәрбиелеу, оқу үрдісі білімдік, тәрбиелік, дамытушылық мақсатты көздейді. Түзете-дамыту жұмысы және құжаттандыру құқықтық кеңесті қосқанда 8 бағыт бойынша іске асырылады. Олардың ішінде негізгі бағыттар педагогикалық-психологиялық оңалту, медициналық-сауықтыра оңалту, әлеуметтік-педагогикалық кеңес жолға қойылған, – дейді орталық басшысы Дина Жамбекова.

Орталықта бұған дейін Теміртау, Приозерск қалаларынан және Ақтоғай ауданынан тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық аурулары бар балалар болған көрінеді. Қазіргі уақытта Теміртау қаласынан бір бала осымен екінші рет орталыққа жүгініп, мамандардан тиісті қызмет түрін алуда. Бұл туралы балаларға арналған оңалту орталының әлеуметтік мәселелер бойынша директордың орынбасары Гүлжанат Саматқызы айтып берді.

– Бұл жерде балаларды сауықтыруға, психикалық, эмоциялық жағдайын жақсартуға барлық жағдай жасалған. Бейімдеу бойынша жақсы мамандар еңбек етеді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға көңіл бөліп, ата-аналарғада қолдау білдіреді. Каникул кезінде 20 бала орталықта болды. Біздің арнайы ұйымдастырылған көлік оқитын балаларды үйінен алып кетіп, және кешкілік жеткізіп тастайды. Қазір орталықтағы балалардың үлкені 17 жаста, ал кішісі 4 жастағы бала. Әзірге, алыстан келген балалар арасында Теміртаудан бір бала бар. Қалғаны жергілікті жерден. Орталықта бес рет тамақ беріледі. Ал осында түнейтін балалар үшін 6 рет ас беріледі, – дейді Гүлжанат Саматқызы.

Ғимарат сыртында спорт және ойын алаңы, мәдени шаралар өткізу үшін сахна орнатылған. Орталықта музыка бөлмесі, сондай-ақ арнайы жабдықталған спорт бөлмесі де қарастырылған екен. Өйткені қимыл-қозғалысы бұзылған жандар аяққа тұрып кету үшін мәдени шарамен, спортпен айналысып, арнайы жаттығуларды жасауы қажет. Бұл олардың қан айналымын жақсартып, бұлшық еттеріне жан кіргізеді. Емделушілер үшін спорт бөлмесінен бөлек, ұсақ моторика дамыту бұрышы да қарастырылған.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *