Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Нұра ауданы тұрғындарымен кезекті рет кездесіп, өңірде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды талқылады. Ашық диалог барысында жолдарды жөндеу, мектептер мен медицина нысандарын жаңарту, сапалы интернет пен ұялы байланысты қамтамасыз ету сияқты маңызды мәселелер көтерілді.
Ахмет ауылында жол жөнделіп, енді республикалық трассаны жарықтандыру жоспарланып отыр. Аудан әкімі Бақытжан Мұқановтың айтуынша, орталықтандырылған сумен жабдықтау деңгейі 95,7%-ға жеткен. Аққолқа, Бестамақ, Топаркөл ауылдарына тұщылатқыш станциялар орнатылып, көпжылдық мәселе шешімін тапты. Жараспай, Құланөтпес және Қантай ауылдарында су желілері салынып, аудан көрсеткішін 100%-ға жеткізу көзделуде. Сонымен қатар, Жараспай – Нұра тас жолын жөндеу биыл басталмақ.
Көбетей ауылында 1 100 басқа арналған еуропалық стандарттағы сүт-тауар фермасы ашылды. Облыс әкімі:
– Жастар туған жерінде қалып, жұмыс істеп, табыс табуы үшін осындай жобалар маңызды. Мұнда 60 жұмыс орны ашылады, – деді.
Фермада барлық үдеріс автоматтандырылған, голштин тұқымды сиырлар сатып алынған.
Егіс алқабы 342 мың гектарға ұлғайып, майлы және жемшөп дақылдары артты. Суармалы егіншілік дамып келеді. Облыс әкімі бірнеше шаруашылықты аралап, аграршылармен кездесіп, жоспарларын тыңдады.
Нұра кентінде 14 пәтерлі Дәрігерлер үйі ашылады. Бұл жас мамандарды тартуға ықпал етпек. Сонымен қатар, Ізенді ауылында көптен күткен фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) салынып жатыр. Ауданда 10 медициналық нысан бой көтеруде.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Ізенді мен Қайнар ауылында жол және су жүйесі жаңартылуда. Аудан орталығында Өнер үйі салынып жатыр. Nura Nomad Next этнолагері биыл 250 баланы қабылдап, көшпенділер мәдениетін насихаттамақ.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Зарлық Мақсұтов жайылым тапшылығы мәселесін көтерді. Бұл бағытта пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жұмыстары жүріп жатыр:
– Мұндай кездесулер проблемалық мәселелерді бірлесіп шешу үшін өте қажет, – деді ол.
Облыс әкімі тұрғындарды жеке сұрақтар бойынша да қабылдады.