Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Нұра ауданының тұрғындарымен кездесті. Нұралықтарды жолдарды жөндеу, абаттандыру, ТКШ, денсаулық сақтау мәселелері толғандырды. Жергілікті тауар өндірушілер оларға елордада өнімдерін сатуға көмектесуді сұрады.
Қолдау аяққа тұруға, тұрақты клиенттерді табуға мүмкіндік береді – бұл әсіресе бизнесті дамытуға грант алған немесе бюджеттік бағдарламалар есебінен қаржыландырылған ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін өте маңызды.
– Нұра ауданында сүт және нан-тоқаш өнімдерінен, жартылай дайын тағамдар, пластикалық терезелерге, төсеніштер мен кір сабындарына дейін өнім шығаратын жас кәсіпкерлер көп, – дейді Ермағанбет Бөлекпаев. – Логистикалық жағдай жақсы екенін, елордаға жақын орналасқанын ескерсек, оларға өз тауарларын Астанада сатуға, «жасыл дәліз» құрып беруге қалай көмектесуге болатынын ойластыру қажет. Бұл биылғы жылдың басты міндеттерінің бірі.
Сондай-ақ, биыл ауданда «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы бойынша Ізенді және Ақмешіт ауылдарының жолдарында орташа жөндеу жасалады.
Нұра кентінде 600 орындық Өнер үйі мен жайлы мектептің құрылысы басталады. Мыңбаева, Тассуат, Мұзбел, Ізенді, Шұбаркөл, Құланөтпес, Жанбөбек, Қарой, Алғабас ауылдарында ФАП, дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт пайда болады.
Оң өзгерістерді нұралықтардың өздері де атап өтті.
– Біздің Ахметауыл ауылында, мысалы, өткен жылы жолдардың 90 пайызы жөнделді. Бұрын олардың жағдайты өте нашар болатын. Бізге жаңа су мұнарасы орнатылды. Қазір электр қуаты өшкен кезде де сумен қамтамасыз етіліліп отырамыз, – деп атап өтті кездесуде жергілікті өзін-өзі басқару қоғамдастығының өкілі Серік Белгібеков. – Мен кездесуге тұрғындар атынан алғысымды білдіріп, жобамызды таныстыру үшін келдім. Келесі жылы біздің ауылдағы ескерткіштердің аумағын абаттандырғымыз келеді. Біз барлық жұмыстарға демеушілік жасауға дайынбыз, бірақ жобаны іске асыру кезінде бізге жұмыс күшін беріп, көмектесуіңізді сұраймыз.
Өткен жылы барлығы сегіз ауылдағы жолдар жөнделді. Бүгінгі таңда елді мекендердің 90 пайыздан астамы интернетпен қамтамасыз етілген.
Биыл Қантайда су құбыры желілерінің құрылысы басталады, Құланөтпесте, Балықтыкөл, Талдысайда су құбыры желілерін қайта жаңарту басталады, ал Қарақаска, Бестамақ және Аққолқа ауылдарында модульдік су тазарту кешендерін орнату жоспарлануда.
Өткен жылдың қорытындысы мен биылға көзделген жоспар жайлы аудан әкімі Бақытжан Мұқанов айтып берді.
– Облыс әкімінің қолдауымен «Сарыарқа» ӘКК-мен бірлесіп Баршын ауылының жанында ЖҚС ашу мәселесі шешілді. Ол 3 мыңға жуық адам тұратын оннан астам елді мекенге қызмет көрсетеді, – деді Бақытжан Мұқанов. – Су құбыры желілерін реконструкциялау, жолдарды жөндеу, тұрғын үй құрылысы, елді мекендерді абаттандыру жұмыстары жалғасады.
Өңір басшысының аудан тұрғындарымен кездесуі жеке қабылдаумен аяқталды.
Барлық мәселелер бойынша Ермағанбет Бөлекпаев өз орынбасарлары мен басқарма басшыларына тапсырма берді.