Қарағандыда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында қаланы абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстары жалғасуда. Маңызды бағыттардың бірі – жаңбыр және еріген суларды бұруды және су басудан қорғауды қамтамасыз ететін нөсер кәрізін қалпына келтіру және тазалау. Бүгінгі таңда осы жылға жоспарланған 6 жолдың 4,5 шақырымы тазартылды.
Қарағандыда жабық үлгідегі нөсер желілерінің жалпы ұзындығы 120,3 км құрайды. 2022-2024 жылдар аралығында 19,4 км желі тазартылып, 9,8 км ашық арықтар қалпына келтірілді. Өткен жылдың өзінде 9,1 км ашық арна тазартылды.
Әрбір су тасқыны кезеңінен кейін инженерлік жоспар жасалады, оған проблемалы учаскелер енгізіледі. Осы деректер негізінде профилактикалық және қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылады. Сондай-ақ су бұру жөніндегі шаралар, әсіресе бұрын су басқан аймақтарда көше-жол желісін қайта жаңарту және жөндеу жобаларына міндетті түрде енгізіледі.
Қазір бұрын су басқан Методическая көшесінде (Кемеровская көшесінің қиылысында) жұмыстар жүргізілуде. Мұнда коллектор тазартылады және жабын плиталары ауыстырылады. Сондай-ақ Университетская мен Мұқановтың қиылысында диаметрі 1000 мм коллектор қолмен тазартылады – ол бірнеше көшеден су ағынын қабылдайды.
23-шағынауданда негізгі коллектор тазартылды, бұл 2025 жылғы су тасқыны кезеңінде су басудың алдын алуға мүмкіндік берді. Қазір орамішілік нөсер қабылдағыш құдықтарды тазалау жұмыстары жалғасуда.
Барлық жұмыс кезең-кезеңмен, бекітілген жоспарлар шеңберінде жүргізілуде.
Ерік РЫМҒАЛИЕВ