Нашақорлықпен күрес күшейеді

Қарағандыда бір ай ішінде үш жылға арналған нашақорлықтың алдын алудың Жол картасы әзірленеді. Сонымен қатар,  өңірдегі тәжірибе алдағы уақытта бүкіл республикаға таратылатын болады. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай өткен республикалық Аналар кеңесінің семинарында айтылды.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Салауатты сана» жобасы аясында жүзеге асуда. Осы жоба аясында Қарағандыда жастар арасында нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу мақсатында фронт-кеңсе жұмысын бастады.

Жоба аясында лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық және есірткіге тәуелділік сынды әлеуметтік мәселелер қамтылған.

Фронт-кеңсе облыстық Жастар ресурстық орталығының базасында ашылды. Мұнда нашақорлықпен күреске және денсаулыққа жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған тренингтер, кездесулер, акциялар мен форумдар ұйымдастырылады.

Жаңа фронт-кеңсе Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай өткен республикалық Аналар кеңесінің семинарында таныстырылды.

– Қарағанды облысы нашақорлық проблемаларын шешудің орталығына айналады. Мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылық пен есірткі қылмысына қатысты мамандарды даярлайтын Ішкі істер министрлігінің академиясы, сондай-ақ адамның қанындағы кез келген есірткі затын анықтай алатын бірегей зертханасы бар медицина университеті жұмыс істейді, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының  республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаи.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев нашақорлықпен күрес отбасынан және қоғамнан басталатынын атап өтті. Кездесудің басты мақсаты –  нашақорлыққа қарсы нақты шараларды әзірлеу.

– Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде есірткі –  ұлт денсаулығына төнген тікелей қауіп екенін айтты. Бұл дертпен күрес ауруханаларда да, соттарда да емес, ең алдымен отбасында, мектепте, бала тұлғасы қалыптасатын ортада басталады.

Басты қару – жаза емес, дұрыс бағдар қалыптастыру: рухани даму, спорт, шығармашылық пен мейірім. Өңірде Футбол академиясы салынуда, шахмат қозғалысы дамып келеді, «Кітап оқитын ұлт», «Тұлпар мініп, ту алған» жобалары жүзеге асырылуда, Community-орталығы ашылды, гранттық бағдарламалар мен «Жасыл ел» қозғалысы жұмыс істейді. Мұның бәрі жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың ел үшін маңыздылығын сезінуге көмектеседі, –  деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Анастасия Щегорцова нашақорлықпен күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті ғана емес, ол ұлттық құндылықтарды сақтау, отбасыны нығайту және жастарды тәрбиелеу екенін атап өтті.

Қарағанды облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Ольга Смирнова ең өткір мәселелердің бірі – дәріханалық нашақорлық пен оны жоюға бағытталған мемлекеттік бақылау шараларын көтерді.

– Денсаулық сақтау жүйесі үшін ерекше сын-тегеурін – рецепт  арқылы берілетін дәрілердің дәріхана желісі арқылы қолжетімділігі. Оларды медициналық мақсатсыз пайдалану халықты жасырын түрде есірткіге тәуелді ету нысандарына айналды. Ең осал топ – жасөспірімдер мен жастар. Аналар кеңесінің бастамасымен 2023 жылғы сәуірден бастап «Трамадол» есірткі құралдары тізіміне енгізілді. Келер жылы шамадан тыс қолданған кезде қатты тәуелділік тудыратын басқа да дәрілерді сол тізімге енгізу жоспарланып отыр, – деді Ольга Смирнова.

Бұдан бөлек, Қарағанды облысында «Жасыл сертификат» жобасы іске қосылды. Ол тәуелділік тудыратын рецепт арқылы берілетін дәрілердің дәрігердің нұсқауынсыз сатылуына қоғамдық бақылауды қарастырады.

Семинарға Президент Әкімшілігінің, Бас прокуратураның, ІІМ-нің, Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктерінің өкілдері, Мәжіліс депутаттары, аналар кеңесінің мүшелері, ҮЕҰ және сарапшылар қатысты.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ