Өнегелі өмірдің үлгісі

Еңбегімен еліне танылған жандар ешқашан «мен мықтымын» деп сөзбен алға шаппайды, олардың істеген ісін халқы біліп, көріп құрметтейді. Сондай азаматтың бірі – Қарқаралы ауданына қарасты Нұркен ауылының өркендеуіне және ауылдың біте қайнаған қауырт шаруашылығына , саналы ғұмырының 55 жылын арнап, үлесін қосқан, өр тұлға, еңбекқор жан Оразхан Оспанов.

– Ата-анасы бар жандардың бақытты екенін бала кезден көкейімізге түйіп өстік. Иә, біз әке мен ананың тәлімін көріп, мерейлі махаббат пен сыйластық салтанат құрған шаңырақта өмірге келген отбасымыз. Балалық шағымыз Қарқаралының Нұркен елді мекенінде өтті. Ата-анамыздың арқасында ертеңгі күнімізге еш уайым, алаң болмапты. Отбасында «Үлкенге –  құрмет, кішіге – ізет» деген ұранмен, біріміз киген киімді киіп, бір нанды бөліп жеп, бауырмалдықта өскен көп қазақ отбасыларының біріненбіз. Қазірде өз қолымыз өз аузымызға жеткен, өз алдымызға дербес тұлға болсақ та, әлі күнге ата-анамызға сол бала күнгідей еркелеп, мәре-сәре болып, бас қосып жататын сәттеріміз аз емес. Осының бәрі ата-анамыздың ұяда берген тәлімі мен тәрбиесі, балалары үшін көп жылдар аянбай еңбек етіп, тер төккендерінің арқасы деп білемін. Есімізде, бала күнімізде әкеміз жұмысқа кетерде дүкеннен тәттіге немесе шырынға тапсырыс беретінбіз, тапсырыс келгенше тапжылмай күтетін едік.  Әкеміз үйге кірген бойда алдынан жүгіріп шығатын едік, ал анамыз қазанына дәмді етіп бауырсақ, түрлі тәттілер әзірлеп алдымызға тосатын. Әкеміздің мінезі жұмсақ, пейілі кең, көңілі дархан, ал анамызшыншыл, әділетті, жауапкершілігі мол, бар жылы-жұмсағын балаларына сақтап отыратын жан. Кейде көшеден ата-анамызды танитын замандастарыкөріп, «Оқайдың баласысың ба» дегенде, кеудемізді еріксіз шаттық кернейді, ел  сіздердей жандардың балалары болғанымызды мақтан тұтады екен ғой, – дейді Оразхан ағамыздың қызы Алуа.

Оразхан ағамызды адалдығы мен таза көңілі үшін барлық ауыл тұрғындары құрметтеп, қошемет көрсетіп жатады. Жұбайы Гүлшара  отбасының тірлігі мен жұмыстағы қызметін қоса алып жүрген, еті тірі, пысық, барлық  балаларына талапшыл жан. «Анамыздың бойында бала кезден қыздарын тәрбиелеуде өсек сөзге үйір етпеген,әрі тыйып отыратын тектілік қасиеті жатыр» – дейді Алуа Оразханқызы.

1969 жылы шілде айында олар шаңырақ көтерді. Еңбек жолын Оразхан радист, ал  жұбайы Гүлшара кітапханашы болып бастады. 1970 жылы Оразхан аға радиотехник, одан кейінгі жылдары совхоздың бас диспетчері болып қызмет атқарды. Ал, Гүлшара апай осы жылдары клубта үйірме жетекшісі болып, кейіннен клуб меңгерушісі болып жұмыс жасады. Көркемөнерпаздар үйірмесіне жетекшілік ете отырып, ауданда өтетін байқауларда жүлделі орындарға ие болып, жиі кеңшар, одан аса аудан әкімшілігінің марапаттарына ие болған. 1976 жылдан бастап зейнет жасына дейін кәсіподақта  бухгалтер-кассир болып еңбек етті.

– Өнегелі өмірдің үлгісін көрсетіп келе жатқан, тәлім-тәрбиесімен санамызға сәулесін шашып, тамырын тереңге жайған бәйтеректей жайқалған ардақты әкеміз бен анамыздың қашан да бойындағы асыл қасиеттерді ұрпағына сіңіріп, жақсылық пен адамгершілік көрсеткен біз үшін орны бөлек, аса қадірлі жандар. Осындай үйлестікте біз алты бауыр өмірге келіп, қазірде Алланың қалауы, одан кейінгі ата-анамыздың батасымен біраз биіктерді бағындырып жүрген жайымыз бар. Бәрімізде дерлік екі жоғары білімнен бар, – дейді Алуа Оспанова.

Отбасының тұңғышы Қымбат – мектеп-гимназия басшысы, Бағдат – кәсіпкер, Ғалимат  мемлекеттік қызметкер, Дархан мен Алуа – білікті  заңгер, Әсем – ЖОО-да аға оқытушы. – Қазіргі жеткен жетістіктеріміз ата-анамыздың біз үшін жасаған еңбектерінің арқасы деп білеміз. Отбасын асырау, ұрпағын жеткізу қамымен ата-анамыз ой-қырдан асып, күн-түн демей қызмет қылды. Ата-анамыз бізге өмірдің қилы кезеңдерінде бағыт беріп, шамшырақ болған, тоңғанда жылу сыйлаған қамқор жандар. Талай жылғы бейнетті өмірді артқа тастап, бүгінде ата-анамыздың бірлесіп, өмір сүріп, отау құрғандарына да ширек ғасыр — 55 жыл толыпты. 55 жылда еңселерін түсірмей, бізді адам қатарына қосқан, мәуелі  қос бәйтерегіміз бола білген ата-анамызға мәңгі қарыздармыз. Балаларыңыз өмірдің бір сатысына көтерілсек, соның алғашқы баспалдағында Сіздер тұрсыздар. Бізге бүгінімізді жасап берген, болашағымызды бағдарлап, жол сілтеген ата-анамызға басымызды  иіп алғыс айтамыз. Сіздер барда біз әрдайым сәбиміз, алаңсызбыз және кеудеміз қуанышқа толған бақытты жандармыз. Біздің бағымызға Алланың амандығында, баға жетпес байлығымыз болып, ұзақ ғұмыр кешсеңіздер екен деген тілегімді мына жолдар арқылы жеткізгім келеді, – дейді мақтанышпеп ұлағатты отбасы иелері Оразхан ағамыз бен Гүлшара апайымыздың балалары.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *