Артында өшпес із, мол мұра қалдырған қылқалам шебері Манай Хахашты еске алуды мұрат еткен көрме Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде ашылды.
Манай Хахаш 1958 жылы Моңғолия Республикасы, Хобда аймағы, Хобда ауылында туған. 2025 жылдың қазан айында Қарағанды қаласында дүниеден өтті.
1966-1976 жылдары 10 жылдық орта мектебін. 1976-1980 жылдары Ұлан-Батыр қаласы педагогикалық институтының Сурет-сызу факультетін көркем сурет мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Хобда аймағы Драма театрында суретші болып бастаған. Ал 1992 жылдан бастап, оның өмірі мен тағдыры Қазақстанмен біте қайнасты. Қарағанды облысына қоныс аударған сәттен бастап, барша шығармашылық ғұмырын ата қонысына арнады.
Манай Хахаш кескіндеменің бір ғана жанрымен шектелмеді. Ол тақырыптық композициялармен қатар, әсерлі пейзаждар жазып, зиялы қауым өкілдерінің, тарихи тұлғалардың портреттерінен тұратын бірнеше картина жазған. Ол портрет жазуға аса ыждағатпен, үлкен жауапкершілікпен қараған суретшілердің бірі.
1992-1997 жылдары «Ұлы тұлғалар сериясы», «Шортанбай», «Бұқар жырау», «Абай Құнанбаев», «Сәкен Сейфуллин», «Жақып Ақбаев», «Ағыбай батыр», «Арғын Нұрбай батыр», атақты күйші «Аққыз» және басқа да еңбектері жарық көріп елдің ықыласына бөленген.
Суретшінің қолынан «Орталық Қазақстан» газетінің 22 редакторының портреті және «Егемен Қазақстан» газетінің 43 редакторының портретін туындаған.
«Өнері өшпейтін. Өнегесі өлмейтін тұлға» атты көрмеде ұстаз, бейнелеу өнерінің құрметті ардагері педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР суретшілер Академиясының корреспондент мүшесі, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық, зерттеу университетінің еңбек сіңірген қызметкері Жүрсін Балкенов, Қарағанды әдістемелік орталығының білім бөлімі басшысының орынбасары Ермек Ерғанат, Болашақ академиясының профессоры Құрманғазы Сембиев. Қарағанды қалалық білім бөлімінің әдіскері Айдана Қайсарқызы беріледі, Білім беру саласының ардагері Жангелді Сағынтайұлы сөз сөйлеп, суретшіні еске алды.
Сонымен қатар суретшінің жары Алмагүл апамыз бен балалары, туған-туыстары ортаға шығып қылқалам шеберінің отбасындағы өмірінен сыр шертіп, асқартауды еске алды.
– Кез-келген шараны ұйымдастыру бір-екі адамның ғана қолынан келмейді, Көрмені бастан аяқ ұйымдастырып жүгіріп жүрген тарихшы, журналист Манай ағамыздың досы Төлеу Ерғазы Қадашұлына алғысымызды білдіреміз. Манай ағамыздың шығармалары Шет орта мектебінен, Болашақ академиясынан, Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінен, «Орталық Қазақстан» газетінен, №6 мектептен, Қарқаралы, Ақтоғай ауданынан және отбасылық архивтен әкелінді, – деп атап өтті Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейі басшысының орынбасары Мейрамгүл Елубаева.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ
