Жер беті сызу мен суретке толы. Соларды сөйлететін жандар бар. Бодықов Сейфолла Жамауұлы соның бірегейі. Ол – өнертанушы, дизайншы, көпсалалы бейнелеу өнерінен жоғарғы білім беру өкілі. Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің бейнелеу өнері және дизайн кафедрасының аға оқытушысы, ҚР Ұлттық дизайн академиясының академигі, Қазақстан және Еуразия дизайнерлер одақтарының мүшесі, ҚР Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығының «Өнер» бағыты бойынша сарапшысы және дизайн және бейнелеу өнері саласы бойынша АРТА (Аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігі) мамандандырылған І категориялы сарапшысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, А.Байтұрсынұлы атындағы төсбелгі иегері, ҚР еңбегі сіңірген қызметкері, құрметті дизайнер деген атақтары бар.
Әдебиеттің көркем сөзбен жеткізе алмағанын жеткіземін, өмірді жанды қозғалыста беретін театр мен синеманың да айта алмағанын айтамын, түрлі эффектімен көрсете алмағанын көрсетемін дейтін өзгеше бір әлем – сурет пен дизайн, мүсін мен сәулет салалары. Кейіпкеріміздің өмірі мен өрнегі, болмысы мен тұрмысы осы әлемге тікелей қатысты. Түбірі сурет болғанымен, суретші бояушы да, әрлеуші де емес. Оның мәні де, маңызы да бөлек. Сурет өнері, жалпы алғанда, бейнелеу өнерінің ішіндегі бір тармағы. Суретші, кескіндемеші, портретші, пейзаж жазушы, зергер, мүсінші, дизайншы деп кете береді.
Со-н-а-ау ежелгі дүниеге өтсек, көненің қатпарларын ақтарсақ, Ұлы Даланың байтақ төсінің түрлі қиырынан бабаларымыздың қиялы мен қарекетінен туындаған талай туындыны көреміз. Қазақстан петроглифтерімен де әйгілі. Мыңжылдықтар тереңінен бүгінге дейін жеткен балбал тастар, өрнекті де жазулы ыдыстар мен басқа да тұрмыстық бұйымдар, қазақ ойкуменінің әр түкпірінен табылған «Алтын адамдар», небір нәзік әшекейлер бабаларымыздың қолынан шыққан. Еурокіндікшіл зерттеушілер бұларды қазақ даласына сырттан келген бөтен мәдениеттердің туындысы ретінде көрсеткісі келді. Бүгінде археологиялық, лингвистикалық, мәдениеттанымдық және басқа да зерттеулер олардың Ұлы Даланың тұрғындарының төл мәдениетінен өрілгенін дәлелдеп шықты. Қазақ қолөнері дербес өнер саласы ретінде емес, оның тұрмысымен тығыз астасқан дүние ретінде дамыған. Қазақ қолөнері тек көру үшін, сезу үшін, эстетикалық ләззат сыйлау үшін ғана емес, сонымен бірге белгілі бір қызметті атқару үшін жасалған. Олар тұрмыста, соғыста, салтанатта, қайғыда, түрлі жоралғы мен рәсімдерді атқаруда қолданылған. Бабаларымыздың қолөнері күнделікті өмір салтымен бірге өрілгені соншалық, өрнегі мен өнері, өрмегі мен өмірі қыздың бұрымындай бірге өрілген.
Кейіпкеріміз сан салалы бейнелеу өнеріне айтарлықтай еңбек сіңірген. Осы істің теориясын, тарихы мен тәжірибесін, оқытуы мен әдістемесін бір кісідей меңгерген. Ол жалаң найза ұстап, оқшау шауып жүрген жеке батыр емес, алдыңғы буын ағаларымен, өз қатарластарымен, кейінгі буын шәкірттерімен тізе қоса, бірлесіп, нәтижелі еңбек етіп жүрген жан. Үлкен шоғырдың ішіндегі жарық жұлдыздың бірегейі десек, қателеспейміз.
Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Жарық стансасының теміржол бекетінде туды. Өнерлі ортада өсті. Әкесі Жамау Бодықұлы да өнерден қара жаяу емес-тін. «Көрінбеген көп қырым, айтылмады бір сырым» – деген сөзі қалған. Суырып салмалығы, әншілігі, күйшілігі, ептеген суретшілігі болған әке ұрпағына жақсы үлгі көрсетті. Қолына қарындаш алса, ақ қағазға жібек жалды сәйгүліктердің бейнесін салатын. Балаларын домбыра үнімен оятатын. Анасы Серікқызы Мамыр өте ақылды, дана жан екен. Артық айтқандық емес, ауыл адамдары ақыл-кеңес сұрап отыратын дейді көзін көргендер. Баланы жасынан өнерге баулу бұл отбасының өмір салты болды. Дастарқан басында әрбірі өз өнерін көрсететін. Бұл шаруа істеп жүрген кезде де жалғасатын. Он екі баласы да еңбекке бейім болды, өмірде өз жолдарын тапты. Сейфолла – сегізінші төл.
Суретшілікке келуіне әсіресе Райхан апасының әсері зор болды. Бала кезінен мектеп ішін безендірумен, қабырға газетін көркемдеумен айналысты. Содан ағасы Сәкен салған жолмен Жезқазған педагогика институтының көркем-сурет факультетіне түсті. Онда Б.И.Ижанов, Е.С.Асылханов, С.Ә.Аманжолов, Б.Майлин т.б. педагог-суретшілерден тәлім алды. Бірінші курста белгілі суретші, ағаш оюшы А.Т.Кишкаревтен үйрену үшін Қарағандыға бірнеше рет арнайы келгені бар. Екінші курстан соң әскерге шақырылды. Кеңес Одағының әр қиырынан келген суретшілермен қатарласа жүріп, әскери казармаларды, асханаларды, мәдени ошақтарын безендірумен айналысып, бұл істің қыр-сырына қанықты. Шрифт, каллиграфия өнерімен айналысты. Атақты суретшілердің туындыларының көшірмелерін жасады. Көшірмеші түпнұсқа иесінің ойын да, түр-түсті көруін, сурет салу әдісін, қылқалам ұстау мәнерін үйреніп, құпиясын ашқандай болады. Дегенмен, бұл үлкен мектеп болды.
Әскерден соң оқуды Қарағанды педагогика институтының инженерлік-педагогика факультетінде жалғастырып, 1990-жылы бейнелеу өнері, сызу және еңбекке баулу мұғалімі мамандығын алды. Бейнелеу өнерінің ұстаздары суретші С.К.Калмаханов, өнертанушы-ғалым Л.Р. Золотарева, пейзаж жанрының шебері, кескіндемеші Ю.В.Камелин, суретші-кескіндемеші Е.С.Айтуаров, график-суретші М.С.Аманбаев, қолданбалы өнер шебері Р.С.Сәбитов сынды педагог-суретшілер мен өнертанушылардың алдынан өтті. Кезінде кескіндеме, графика саласына маманданған-тын. Жезқазғанда екі жылда кәсіби-сурет бағдарламасы бойынша, кескіндеме, сурет, композицияны оқуға тиіс болса, Қарағандыдағы үш жылда басқа бағдарламаны игерді.
«Ер Төстік» эпосына линогравюра жанрында иллюстрациялар сериясын жасаған дипломдық жұмысы жоғары бағаланды. Оқытушылық қызметке алды. Әуелі кескіндеуден дәріс оқыды. Одан соң заман ағысына сай бейнелеу өнерінің басқа да жанрларын игеруге тура келді. Компьютерлік графикамен, одан соң дизайншылық өнермен айналыса бастады. Кеңестік кезеңде дизайн сөзі буржуазиялық сипаттағы сөз деп танылып, көркем жобалау, көркем конструкторлық деп аталып келген екен. Тек 90 жылдардың екінші жартысынан бастап, сәйкес мамандық дизайн деген төл атауына ие болыпты. Сол кезде дизайн пән ретінде енгізіліп, 2000 жылдардан бастап, жоғарғы білім саласында мамандық ретінде таныла басталған. Біреулер жаңадан қашса, Сейфолла соның орбитасына шықты. Содан бері дизайнға бет бұрды.
Туындының (картинаның) эстетикалық қыры бірінші орында, ал дизайнда эстетика мен функционалдық бірге жүреді. Дегенмен соңғысы басым.
Кәсіби өсу жолындағы ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аспирантурасы ерекше орынға ие. Оны 17.00.04 – өнертану мамандығы бойынша бітірді. Өнертану саласында ғылыми шыңдалуына еліміздің бейнелеу өнері саласындағы тұңғыш өнертану ғылымдарының докторы Райхан Ерғалиеваның жетекшілігімен өтті. Сонымен қатар, этнограф-жазушы Ақселеу Сейдімбек, өнертану кандидаты Халима Түсіпбекова, этнограф-суретші Қалиолла Ахметжанов, Кеңес Одағы халық суретшісі Қанапия Телжанов, сәулетші-ғалым Бек Ыбыраев және әдебиет тарихшысы Бейбіт Мамыраевтармен жалпы мәдениет пен өнер жайлы көп сұқбаттасып, пікірлесті. Солардан өнертану, өнер тарихы, өнер теориясының тарихы, құрылымынан бастап, шығармашылық үрдісінің әдістемесін және әдіснамасын, тіптен белгілі туындылар сипаттамасын беріп оны қалай талдауды, ішкі дүниесіне үңілуді үйренді, ой-өрісіне шабыт алды.
Оқытушылық жұмыстың өзіндік қызығы да, шыжығы да жетерлік. Негізгі міндетің – алдыңдағы жас буынға сапалы білім беру. Жиі өзгеретін оқу бағдарламасына сай түрлі оқу-әдістемелік құралын, жетіспейтін оқу құралдары мен оқулықтарды әзірлеу, дәріс оқу, үлкенді-кішілі аудиториямен жұмыс істеу, жастардың зейінін баурап, меңгере білу оңай емес. Бірі сеніммен, енді бірі күдік-күмәнді көзімен үркектей, енді бірі мүлде сенбей, сынай қарайды. Бұл қызмет жеке шығармашылыққа мұрша келтіре бермейді. Тіпті сурет салғаны көрсеткіш ретінде есептелмейді. Содан көбі оны тастап кетеді. Бұл болса бір өнердің екі қырын да қатар ұстап келеді. Негізі өнер тарихы және теориясы пәнін, осылармен ұштастыра дизайн, материалдық мәдениет және дизайн тарихы деген пәндерді беріп келеді. Осылардың оқу-әдістемелік негізін өзі әзірлеген. Ол жай оқытушы ғана емес, бейнелеу өнерінің тарихына тереңдеп енген, жаңа түрлерін меңгерген. Қытайда «мың ұстаз – мың тәсіл» деген мәтел бар екен. Жоғарғы білім саласына арнаған отыз жылдан астам уақыт ізденіске толы. Ұдайы әдіс-тәсілін жетілдірумен, жаңа заманауи әдістерді игерумен болды. Қазақша да, орысша да дәріс оқыды. Осы жылдар ішінде оның да өзіндік әдіс-тәсілі қалыптасты.
Осы жылдар ішінде түрлі дәрежедегі көрмеге бірлі-жарым туындыларын жіберіп жүрді. Аталмай қалған кезі, жүлдесіз келген күні жоқ деуге болады. Халықаралық «Атамекен» сәндік-қолданбалы өнер фестивлінің (Астана, 2007) және өнер симпозиумы «ТURK DUNIACY» (Анкара, Түркие, 2011) қатысты. Осы шара шеңберінде Гази университетінде өнер факультетінде заманауи өнер бойынша дәрістер және шеберлік сабағын өткізді. Халықаралық Еуразиялық дизайн мектептерінің дәстүрлі өтетін фестивалдарында ІІ-ші (Алматы-2012), ІІІ-ші (Стамбул-2013), ІV-ші (Ыстықкөл-2014) қатысу сертификаттарының иесі. Плакат өнері байқауының халықаралық жюри мүшесі (Гази университеті, Анкара, Түркие-2014). Халықаралық «Шырайлы Шымқала» (ОҚО, 2016) пленэр-фестиваліне қатысты. Бірнеше туындысы Анкарада Түркиенің Гази университетінің, Ташкентте Өзбекстан көркемөнер академиясының, Бішкекте Қырғызстан көркемөнер академиясының қорларына алынған. Жомарт жан біраз этюдтік жұмысын шетелдік достарына сыйлап жіберген. Олар жеке коллекциялар құрамында Еуропа елдеріне жеткен. Әртүрлі көлемдегі елу шақты кескіндемесі, графикасы, көптеген фототуындылары бар.
Сейфолланың қолтаңбасын «Көзқарас» (1999); «Натюрморт» (1999); «Шерубай-Нұра» (2021); «Шығыс әуені» (1999); «Таңсәрі» (2001); «Композиция» (2011, сақталған жері – Анкара) туындыларынан байқай аламыз. Әріптестері оның талғамының жоғарылығына, қолтаңбасының өзгешелігіне, композициялық ойының күрделілігі мен сонылығына, дүниеге деген көзқарасының тереңдігіне, бояуының қанықтығына, кадр мен объективті көру өткірлігіне, қалам сермеуінің нәзіктігі мен шабытының еркіндігіне назар аударады, тәнті болады, оны лирик суретші деп атайды. Мерейтойлық көрмесін әріптестерінің ұсынысымен фотоөнерге арнады.
Оқытушылық қызмет жыл сайын бір нәрсені қайталау, білгеніңді механикалық тұрғыдан бере салу емес. Бұл жұмысқа жаныңды бересің. Жастарға көркем көзқарас, белгілі бір дәрежеде дүниетанымдық идеялар сіңіресің. Бейнелеу өнері сырттай қарағанда қолданбалы және тікелей табысқа әкелетін дүние тәрізді. Олай емес. Сыртқы көзге түсер жылтыры мен сезімді қозғар әсерінің тасасында талай тылсым дүние жатыр. Өнер жолына түскен талай таланттың көзі тірісінде танылмай, тірлігі кедейлік пен жоқшылықтың тертесіне жегілгенін білеміз. Олар аш-жалаңаш жүрсе де өнерге деген адалдығынан айнымай, өзімді өзім ашамын, жан дүниемді сыртқа көрсетемін деген үміттің отына арбалып әлде алданып өтті. Олардың қиын да тауқыметті тағдырын зерделей отырып, олардың өмірі ауыр болса да, еңбегі бекер болды дей алмаймыз. Ол еңбектердің көбі бүгінде әлемдік дейгейдегі мұражайларда. Адам баласының эстетикалық тәрбиесіне, жалпы мәдениетке қызмет етіп тұр.
Бейнелеу өнері саласында оқытушының уақыты студенттердің жұмысын түзеу, көмектесу, солармен бірге пленерге шығу, көрмелерге дайындаумен өтеді. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген сөздің мәні терең, салмағы ауыр. Күн өткен сайын ұстаздық қызметтің жүгі ауырлап, құны артып келеді. Алайда оны бағалау кемшін. Ұстаздың жеке шығармашылыққа уақыты да, күші де қалмайды. Оған бұйыратыны таңертеңгі және кешкі мезгіл, демалыс сәттері.
Бейнелеу өнерінің өзіндік бір ерекшелігі бар. Мәселен, осы өнерге берілген суретші шеберханасына кіріп алып, өзге дүниені ұмытып, ойына келген, қиялына қанат бітірген шығармасын сала береді. Кейін реті келгенде көрмеге қойып, көрермен назарына ұсынады. Көрме белгіленген уақыттан соң жабылып, туындысы иесіне қайтарылады. Егер оған өнертанушылар назар аударып, сипаттама берсе – игі, бермесе, ол еңбек те, иесі де елеусіз қалмақ. Осы бағытта талмай еңбектенетін өнертанушы маман аз.
Өнертану саласына ертеден тұрақты қалам сермеп жүргендердің ішінде мәдениеттанушы, педагогика ғылымдарының кандидаты, еңбегі сіңген профессор Л.Р.Золотареваны ерекше атап кеткен жөн.
Қазақстан бейнелеу өнерінің даму үрдісіне баға беріп, әрбір суретшінің шығармашылығына кәсіби деңгейде талдау жасап жүргендер ішінде кескіндемеші, график, публицист Жеңіс Кәкенұлының орны бөлек. «Ақ зер» кітабы оқырман ықыласына бөленген. Жеңіс қарағандылық суретшілер А.Бегалин мен М.Аманбаевқа мақала арнаған. Сейфолла Жеңістің шығармашылығымен жақсы таныс, маман ретінде ерекше құрметтейді.
Секеңнің де қаламынан бейнелеу өнері мен дизайн саласы бойынша жүзден астам ғылыми, ғылыми-әдістемелік еңбектер шыққан. «Қазақстан кәсіпқой бейнелеу өнері тарихы», «Ортаны жобалау», «Сәулеттік жобалау негіздері», «Сәулеттік дизайн нысандарын жобалау», «Сурет», «Кескіндеме», «Композиция», «Визуалды өнер» оқулықтары мен оқу құралдарын және т.б. түрлі оқу-әдістемелік кешен, әртүрлі пәндерге арналған оқу-әдістемелік нұсқаулар, мультимедиялық презентациялары мен элекрондық дәрістері оқырман сұранысын өтеп келеді.
Ол кәсіпқой бейнелеу өнерінің Қарағандыда негізін салушы В.А.Эйферт, А.В.Фонвизин бастаған отыздан астам өнер адамының өмірі мен қызметіне кәсіби сипаттама берді. Өзі А.Билык, Ю.Гуммельден бастап, көптеген танымал суретшінің шеберханасында жиі болды. «Атақты суретші П.Реченскиймен студент кезімде тығыз араластым. Жақсы адам еді, шеберханасында еркін жүрдім» деп еске алады. Осы қатарда Райымқұл Есіркеев және оның балалары Қуаныш пен Мейрам да бар. Қуаныш Есіркеев қондырғылық кескіндеме саласында зор табыстарға жеткен. Жерлес суретшілердің ішінен Айбек Бегалин әлемге танымал болды.
Бүгінге дейін суретшілік және бейнелеу өнері шығармашылық еңбек деген ортақ атаумен қамтылып өзіндік ерекшеліктері ескерілмей, басқасын айтпағанда, соған сәйкес халықаралық қатынастардың сапасына да әсер етіп жүр екен. Бүгінде парламентте осы саладағы мәселелер көтеріліп жатыр.
Сейфолла: «Бізде білім беру саласында эстетикалық тәрбие, білім беру жүйесі дұрыс қалыптаспаған, адамдарымыз рухани сусындау үшін Лувр, Эрмитаж, Дрезден музейі тәрізді шетелдік мәдени ошақтарды аралайды. Алайда, төл мәдениетіміздің бастауында тұрған ежелгі сақ-скиф өнері, дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнерімізді неге ұмытамыз? Мұның себебі неде? Орта білім саласында бейнелеу өнері қосалқы пән санатына түскен. «Суретші болуың міндетті емес, алайда, көркемөнерлік білімді болуың керек» деген нақыл ұмытылған» дейді.
Оның ерекше атайтын адамының бірі – ұстазы, белгілі кескіндемеші Юрий Камелин. Онымен талай пленэрде бірге болған, пейзаж салуды үйренген. Тағы бір ұстазы танымал график-суретші Манат Аманбаев бұдан үлкен үміт күтіпті.
Сейфолланың шәкірттері мектептерде, жоғарғы оқу орындарында, көркемөнер колледждерінде көркем-еңбек бейнелеу өнерінен сабақ беріп, біразы еркін шығармашылықта дизайн, фотографика саласында жүр. ҚазБСҚА және «TURKSOY» (2002-2015 жж. аралығында) ұйымдастырған көптеген республикалық және халықаралық байқаудың, өнер фестивалдарының жүлделерін иеленген.
Көзінің ағы мен қарасындай екі баласы да өнер жолында. Арыстаны Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі, ТМД көлемінде визажшы-дизайншы ретінде аса танымал шебері. Аружаны да өнерлі, эстрада жанры бойынша «Қарағанды даусы-2024» жасөспірімдер арасындағы Гран-При иегері.
Кейіпкерімді тоқсаныншы жылдардың басынан бері білемін. Содан бері Сейфолланың сымбаты мен сырбаз мінезіне сүйсініп жүрген жайым бар. Кәсібіне адал, өз ісінің шебері, жақсы да жайсаң жан ретінде танимын, сыйласамын. Шындығында Секең көп сөзге жоқ, біртоға адам. Алайда мен үшін ашық. Жалықтырмай әңгіме айта алады, зейін қойып тыңдай да алады. Әңгімесінің кейіпкерлері ылғи жақсылар. Өзіне келгенде тым сараң. Туындылары да үнсіз сөйлеп, жүректі тербейді. Өзгенің суретінің қыры мен сырын ашады, түсінеді, сөйлетеді.
Қаламымның қарымы жеткенше, мен де оның жақсы қырларын оқырманға жеткізуге ниет еттім. Жақсыны білмекке деген.
Болат СЫЗДЫҚ,
заң ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор,
Журналистер Одағының мүшесі