50 мыңға жуық жұмыс орны құрылады

Жұмыссыздықпен күрес – әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Биыл облыста 50 мыңға жуық тұрғынды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін жергілікті билік түрлі механизмді қолданбақ. Мәселен, шағын және орта бизнес кәсіпорындарын 95 мыңнан асыру арқылы жұмыс орны көбейтілмек.

Шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекеттік қолдау елеулі серпін беріп отыр. Мысалы, былтыр облыста кәсіпкерлік нысандарына 985 грант және шағын несие берілді. 2 мыңға жуық шағын және орта бизнес жобасы қаржыландырылды. Ал бизнеске енді келген 4,5 мың жас азамат кәсіпкерлік қыр-сырына үйрететін курстарға жолдама алды. Нәтижесінде, жаңадан 2 777 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі ашылды. Кәсіпкерлік нысандарын көбейту Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасында негізгі міндеттердің бірі ретінде көрсетілген еді. Осылайша көзделген меже 30 пайызға асыра орындалды. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өзінің сөзінде айтты.

– Биыл да алдымызда тұрған міндет ауқымды. Барлығы 601 грант пен шағын несие беру, 1,7 мың шағын және орта бизнес жобасын қаржыландыру, жаңадан 49 мыңнан астам жұмыс орнын құру, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес кәсіпорындарының санын 95,2 мыңға дейін көбейтіп, жұмыспен қамтылғандарды 222,7 мың адамға жеткізу керек. Бұдан бөлек, жастарды жыл сайынғы жұмысқа орналастыру көрсеткіші бойынша міндеттемелер 2 есеге жуық артық орындалуға тиіс, – деді әкім.

Индустрияландыру картасын жүзеге асыру да жұмыспен қамтуға көмегін беруге тиіс. Биыл карта шеңберінде 13 нысан салынады. Жаңа өндіріс ошақтарына 3 мыңға жуық маман керек. Сондықтан облыс билігі білім ордалары және жұмыс берушілермен бірге кадрларды дайындауға көңіл бөліп отыр.

Аталған мәселе билік өкілдері, колледж және кәсіпорындар басшыларының қатысуымен өткен кеңесте талқыланды. Кеңесте арнайы жұмыс тобы құрылғаны белгілі болды.

– Бүгінде жұмысшыларға қойылатын талаптар өзгеріп келеді. Кадр даялауда заманауи еңбек нарығының қажеттіліктерін барынша ескеруіміз қажет. Сондықтан сыртқы талдау жасайтын жұмыс тобын құруға тапсырма бердім. Осы жұмыс тобының жұмыс нәтижесі бойынша стратегия құрамыз, – деді жиында аймақ басшысы.

Қазір аймақта 54 колледж бар. Олардың 34-і техникалық мамандықтарға оқытады. Нақты айтқанда металлургия, машина жасау, IT-индустрия, құрылыс, көлік салалары бойынша маман даярлайды.

Сонымен қатар колледждерде жаңа мамандықтар ашылмақ. Бұл жұмыс берушілердің сұранысын қанағаттандыру мақсатында қолға алынады. Мәселен Теміртаудағы жоғары политехникалық колледж арнайы кокс өндіретін кәсіпорынға маркшейдер, техник-гидрогеолог даярлайды. Ал Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі бұйымдарды химиялық тазалау және бояу мамандығы бойынша техникалық бақылаушыларды оқытады.

Бұдан бөлек «полимерлік өндіріс технологиясы», «жылжымайтын мүлікті басқару», «газбен жабдықтау жүйелерін монтаждау және пайдалану», «тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің инженерлік жүйелерін монтаждау және пайдалану», «ет және ет өнімдерін өндіру» сынды жаңа мамандықтарға оқыту бойынша колледждер лицензиялар алуды жоспарлап отыр.

Кадр даярлауға кәсіпорындар да белсенді атсалысып келеді. Олар оқу орындарын материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етіп, студенттердің кәсіпорында тәжірибе жинауына, дуальді оқыту жүйесіне белсене үлес қосып отыр.

Қазір облыста инвестициялық жобаларға сәйкес кадр қажеттілігін анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Содан кейін, 1 қыркүйекке дейін колледждердің әрбір түлегін жұмысқа орналастыру мәселесі жан-жақты қамтамасыз етілуі керек.  Мамыр айының соңына дейін инвестициялық жобаларды ескере отырып, кадрларға қажеттілікті анықтау қажет. 1 қыркүйекке дейін колледждің әрбір түлегін жұмысқа орналастыру пысықталуы тиіс. Осылайша қолына диплом алған маманның жұмыссыз қалуына жол берілмейді.

Сондай-ақ облыста мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға айрықша назар аударылып келеді. Қазір облыстағы бірқатар кәсіпорын мүгедектерді жұмысқа қабылдауға дайын. Бұған мемлекеттік бағдарлама ықпал етіп отыр. Яғни, мүгедек жанды жұмысқа қабылдаған кәсіпорынға мемлекет тарапынан субсидия төленеді. Жыл санап бағдарламаға жұмыс берушілер тарапынан да қызығушылық артып келеді. Мәселен, былтыр 12 арнайы жұмыс орны құрылса, биыл олардың саны екі есеге артты.

– Биыл облыста мүгедектігі бар адамдарға 26 арнайы жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінге дейін жұмыс берушілер тарапынан 10 өтініш түсті. 8 адам жұмысқа орналасты. Олардың қатарында көру, есту қабілеті нашар адамдар бар. Бағдарламаға қатысу үшін тұратын жері маңызды емес. Олар қазір әртүрлі салаларда жұмыс істеп жатыр. Өндіріс, қызмет көрсету, білім беру орталықтарында табысты еңбек етуде, – дейді Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Нұржан Сыздықов.

Бағдарлама аясында арнайы жұмыс орнын құруға кеткен шығындарды мемлекет көтереді. Яғни, арнайы құрылғыларды сатып алу және орнату шығындары өтеледі. Және мемлекет мүгедектердің жалақысының бір бөлігін төлейді.

Орталық директоры келесі жылы жұмыс берушілер тарапынан түсетін өтініштер саны көбейетініне сенімді. Себебі бағдарламаның тиімділігімен қатар түрлі қолдау шарасына қол жеткізуде жеңілдіктер қарастырылған.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *