Қазақ халқының дарқан даласында өнерді өмірінің өзегіне айналдырған, бойына бірнеше өнердің қасиетін тоғыстырған азаматтар әрдайым ел жадында сақталады. Сондай өнерлі жандардың бірі – жас кезінен-ақ өнерге жақын болып, аспаптардың құлағында ойнап, әсем әуенімен жүректерді тербеген, әншілігімен ел ықыласына бөленген, көркем сөздің қадірін білген Жақаев Алшағыр Көрпешұлы.
Алшағыр Көрпешұлы – табиғатынан талантты, ізденісі мен еңбегін қатар ұштастырған, халықтың рухани қазынасына өзіндік үлесін қосқан жан. Оның бойындағы өнерге деген сүйіспеншілік бала кезінен қалыптасып, уақыт өте келе үлкен шеберлікке ұласқан. Домбыраның қоңыр үнін сөйлетіп, мойнына асынған гитараның әуезді сазымен ән арқылы көңіл күйді жеткізе білген, сөз өнерінің мәйегін терең түсінген азаматты ел арасында «сегіз қырлы, бір сырлы» деп бағалауы бекер емес.
Өнер – адамды биіктететін, ұрпаққа жол көрсететін асыл мұра болса, сол мұраны бойына сіңіріп, айналасына шуақ сыйлаған Алшағыр Көрпешұлының өмір жолы кейінгі буынға өнеге боларлық тағылымды тарих.
Әлбетте, мен автор ретінде кейіпкерім жайлы қалам тербегенде, ең алдымен оның шыққан тегіне тоқталуды жөн көремін. Себебі адамның тегі – оның кім екенін, қайдан тамыр тартқанын, ата-баба жолын танытатын маңызды белгі. Тарихы мен тегін білу арқылы кейіпкердің болмысын, өмір жолын тереңірек аша түсуге болады.
Алшағыр Көрпешұлының шыққан тегі Қожа елінен. Онымен сұхбат құрған кездегі әңгімесі бойынша үлкен атасы Иман қожаның боз айғыры жоғалып (тұрағы: Ақтоғай, Жәмші, Имек) Бектауатаға қарай іздеу салып барады. Жолай, екі аттылы әскер кейпінде көзіне көрінген періштелер:
– Қожеке, ассалаумағалейкум! Біз Алланың хабаршыларымыз, сізге әмір ете келдік, сізді алып кетеміз, – десе керек. Бабасы сәл ойланып:
– Менің бір өтінішім бар. Атымның басын ауылға бұрайын, жан жақтағы балаларымды жинап бақұлдасайын, сосын мені жұма намазының үстінде алсаңыздар, – деген екен.
Сол мезет періштелер ғайып болып, Иман қожа бабамыз Имекке келіп, болған оқиғаны елге жеткізеді. Ел арасы болған соң, түрлі әңгімелер де өрістейді.
Қасиетті жұма туып, ғұсыл дәретін алып, аппақ киімін киген бабамыз жұма намазының батасын жасайды. «Аллаһу әкбар» деп бетін екі алақанымен сипаған бетте, отырған жайнамазына қисайып жан тапсырған екен. Қабірін қаздырып, бар шаруасын өзі реттеп қойған бабасы осылай жер қойнына тапсырылыпты.
Қабір басына келген бес жігіт:
– Осы кісіні әулие дейді, өлгеннен кейін қалай болар екен? – деп күректерін сайлап, жас қабірді ашпақшы болады. Барған бетте, бірінші жігіт күректің сабындай тесікті көреді де:
– Қожекең мұнда жоқ – деп күрегін тастап, ауылға қарай қашады. Қалған төртеуі қабірді ашып, ішінде кешегі жерленген мүрденің жоқтығына көз жеткізеді. Кейіннен сол төрт жігіт әртүрлі жағдайда ажал құшады, соңдарында тұқым да қалмайды. Әруақты қастерле, залалыңды тигізбе деген осындайдан айтылса керек.
Иман қожа Жәмші ауылына қарасты Имек бөлімшесіндегі Жылыкөң деген жерге жерленген. Иман қожадан: Қасым қожа, Қасен қожа, Жақай қожа, Жақып қожа, Нақу қожа тарайды.
Көрпеш Жақайұлы біраз жылдар мектепте ұстаздық етіп, оқушыларға еңбек сабағынан дәріс береді. Кейін өнерге деген жақындығы мен музыкалық қабілетінің арқасында Мәдениет үйінің директоры қызметіне тағайындалады. Себебі домбыра шертіп, күй тартқан, баянды серік еткен өнерпаз жан еді.
Көрпекеңнің жеке бастамасымен Мәдениет үйі жанынан домбыра оркестрі құрылып, өнердің өрісі кеңейе түседі. Өнерлі отбасының негізінде отбасылық ансамбль де дүниеге келеді. Бұл ансамбль тек аудан көлемінде ғана емес, бүкіл республикаға танымал ұжымға айналды десек, артық айтқандық емес. Ішкі істер саласы қызметкерлері арасында өткен аудандық, облыстық байқауларда жеңімпаз атанып, Шымкент қаласында ұйымдастырылған республикалық байқауда лауреат атағына ие болады.
Ансамбль құрамында анасы Аманбала ән салса, Алшекең бастаған бауырлары ән айтып, түрлі аспапта ойнап, би өнерін де көрсетті. Олардың қатарында мың бұралған биімен көрерменнің көзайымына айналған жиендері Маржан да болды.
Көрпекең мен Аманбала анамыз алты бала – үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы. Бүгінде жұбайының көзі кетіп, жасы сексеннен асса да Аманбала ана әннен қол үзбей, өнерге деген сүйіспеншілігін жалғастырып келеді.
Алшағыр Көрпешұлы 1963 жылдың 26 маусымында Жезқазған облысы, Ақадыр ауданы, Ақшатау кентінде дүниеге келген.
Сұхбат барысында ол өзінің дүниеге келген сәті туралы әкесінен, үлкендерден естіген ерекше естелігін былайша баяндап берді:
– Жарық дүниенің есігін ашар сәтте біздің отбасымыз Ақшатау кентінің қазақ ауылында тұрып жатқан екен. Анам ауруханаға түсіп қалады. Үлкен атамыз Жақай жалғыз ұлынан алғашқы немересін күтіп, үйдің алдында алаңдап отырған көрінеді. Жаздың жаймашуақ, ыстық күні екен. Сол отырған күйі бір мезет көзі ілініп кетсе керек.
Түсінде алдынан аппақ киім киген, ақ сақалды қария көрініп:
«Қожеке, өмірге Алшағыр деген немерең келді!» – депті. Осы сөзді естігендей болып оянған атам: «Алшағыр келе жатыр! Алшағыр келе жатыр!» – деп дауыстап жіберген.
Үйдегілер мен көрші-қолаң бұл сөзге аң-таң болып: «Ол кім? Алшағыр деген кім? Қайдан келе жатыр?» – деп бір-бірінен сұрап, таңырқап қалады. Кейін мән-жайға қаныққан соң, қуанышпен сүйіншілесіп, бұл ерекше жағдайды жақсы ырымға балаған екен.
Анам ауруханадан шыққаннан кейін, үлкендер ақылдасып, азан шақырып, есімімді Алшағыр деп қойған екен, – деп әңгімесін аяқтады.
Осындай балалық шақтан басталған ерекше есімнің өзі Алшағыр Көрпешұлының өмір жолында өзіндік бір сырлы белгі болып қалғандай.
Балалық шағы қасиетті Ақшатау топырағында өткен Алшағыр Көрпешұлы алғашқы білім нәрін С.М.Киров атындағы орта білім беру мектебінен алды. 1970 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1980 жылы оқу орнын ойдағыдай аяқтап, еңбек жолының алғашқы баспалдақтарына қадам басты.
Жас жігіттің алғашқы еңбек тәжірибесі 1980-1981 жылдары Геологиялық барлау партиясы мекемесінде пробщик қызметінен басталды. Өндіріс орнындағы жауапты еңбек оның бойында тиянақтылық, төзімділік және еңбекке деген адалдық қасиеттерін қалыптастырды.
1981-1983 жылдары азаматтық борышын Қиыр Шығыстағы әскери бөлімдердің бірінде өтеп, Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарды. Әскери тәртіп пен жауапкершілік мектебі оның өмірлік ұстанымдарының қалыптасуына үлкен әсер етті.
Әскери қызметтен кейін Алшағыр Көрпешұлы құқық қорғау саласына бет бұрып, 1984-1993 жылдар аралығында Жезқазған облыстық Ішкі істер басқармасы жүйесінде қызмет атқарды. Бұл жылдары ол заң талаптарын терең меңгеріп, тәртіп пен әділдік қағидаларын басты бағыт еткен кәсіби маман ретінде шыңдалды.
Білімге деген құштарлығы оны үнемі ізденіске жетеледі. 1992 жылы Алматы қаласындағы КСРО ІІМ арнайы орта милиция мектебін сырттай тәмамдап, заңгер мамандығын иеленді. Ал 2007 жылы Қарағанды қаласындағы «Болашақ» институтын сырттай бітіріп, юриспруденция саласы бойынша бакалавр академиялық дәрежесін алды.
2001-2017 жылдары Қазақстан темір жолы жүйесінде қызмет атқарып, заңгер және кадр ісі жөніндегі менеджер лауазымдарын абыроймен атқарды. Теміржол саласындағы жауапты жұмыстарды атқара жүріп, кәсіби білімімен, іскерлігімен және адаммен жұмыс жасаудағы тәжірибесімен ерекшеленді.
2017-2021 жылдары Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақадыр кентіндегі Шабал Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығында қызмет етіп, мәдениет саласының дамуына өз үлесін қосты. Мәдени іс-шараларды ұйымдастырумен қатар, кадр мәселесіне де жауап беріп, руханият пен қоғамдық байланысты нығайту жолында еңбек етті.
2022 жылы Қазақстан халық санағын өткізу жұмыстарына белсене араласты. Сол жылдың 15 ақпанынан 29 маусымына дейін «Электржабдықтау» ЖШС мекемесінде кадр маманы қызметін атқарды.
2024 жылдың желтоқсан айынан бастап қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, ел игілігі жолындағы бастамаларға атсалысып келеді. 2025 жылдың 13 маусымы мен 31 желтоқсаны аралығында Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қарағанды облысы бойынша департаментінде нұсқаушы қызметін атқарып, мемлекеттік маңызы бар жұмыстарға үлес қосты.
2026 жылдың 28 сәуірінен бастап Қарағанды облысы, Шет ауданы, Босаға ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Қазіргі таңда ауыл мәдениетін дамыту, халықпен рухани байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында жемісті еңбек етуде.
Алшағыр Көрпешұлының тұлғалық болмысын айқындайтын тағы бір қыры – оның өнерге деген ерекше сүйіспеншілігі. Жастайынан музыкаға жақын болып, аспаптардың құлағында ойнап, әншілік пен көркем сөз өнеріне ден қойған ол мәдени ортада өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған. Өнерді өмірінің бір бөлшегіне айналдырып, шығармашылық қабілетін елмен бөлісе білді.
Еңбек пен өнер жолындағы жетістіктері де елеулі: 1984 жылы Бүкілодақтық фестивальдің І-дәрежелі медалінің иегері; 1986 жылы Бүкілодақтық фестивальдің ІІ-дәрежелі медалінің иегері; 1988 жылы «Советтік милицияның үздігі» төс белгісімен марапатталған; 2018 жылы өнер мен мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін «Өнерге қосқан үлесі үшін» төс медалімен марапатталған; 2018 жылы «Қазақстан Таланттары» дамыту шығармашылық орталығының «Мәдениет майталманы» төс медалінің иегері атанған.
Алшағыр Көрпешұлы – тек өз ортасына сыйлы азамат қана емес, өнерді өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған жан. Сөз саптауы ерекше, ойы терең, тыңдаушысын баурай білетін шешендігімен елге танылған ол – сөзі сырлы, өнегесі мол, өрнекті асаба. Әрбір жиынның сәнін келтіріп, ақжарма тілегімен, жүрекке жетер жылы сөзімен көптің көңілінен орын тапқан.
Оның бойындағы тағы бір ерекше қасиет – әншілік өнері. Көмейіне бұлбұл ұялағандай әсем дауысымен ән салған Алшағыр мырза халықтың рухани қазынасын қадірлеп, өнер арқылы адам жүрегіне жол табуда. Жез таңдай әнші атанған ол ұлттық өнердің құндылығын кейінгі ұрпаққа жеткізуде өзіндік үлесін қосып жүр. Бүгінде оның орындаушылық қоржынында 60-қа жуық ән бар. Қазақтың белгілі композиторларының жүрекке жақын, халық сүйіп тыңдайтын «Атамекен», «Арыс жағасында», «Қайықта», «Кешікпей келем деп ең», «Құстар», «Армандастар», «Өзіңді аңсап», «Махаббат мұңы», «Ақ тілек», «Сыңарымсың», «Толағай» секілді көптеген әндерді өзіндік нақышымен, ерекше сезіммен орындап келеді.
Мен де оған өзімнің «Әке тілегі» және «Ақадырым» атты екі әнімді авторлық құқығымен орындауға берген болатынмын. Ол бұл шығармаларды үлкен ықыласпен орындап, ел арасында кеңінен насихаттап жүр. Әндері тыңдарман жүрегінен орын тауып, халықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленуде.
Азаматтық болмысы, мәдениетке қосқан үлесі, ел арасындағы беделі мен өнегелі өмір жолы бағаланып, Алшағыр Көрпешұлы Шет ауданының «100 есімі» атты танымдық жинағына енді. Бұл – оның аудан тарихындағы орны мен елге сіңірген еңбегінің айқын көрінісі.
Жақаев Алшағыр Көрпешұлының өміріндегі елеулі белестердің бірі – 1986 жыл болды. Осы жылдың 14 маусымында ол өмірлік серігі, ақылшысы әрі отбасының ұйытқысы болған Әмірқұлова Гүл Қайырқұлқызына үйленіп, шаңырақ көтерді. Өмірлік зайыбы Шет ауданы, Қарабұлақ ауылының тумасы. Мамандығы медбике бойынша медицина саласында еңбек етіп, соңғы он жылдан астам уақыттан бері әлеуметтік маман ретінде қызмет атқарып, сол жерден зейнетерлікке шықты. 1986 жылы ерлі-зайыптылардың отбасыларына қуаныш сыйлап, Гүлбахрам атты қыздары дүниеге келді. Осы күндер кейіпкеріміздің өміріндегі ең қымбат, жүрекке жылы естеліктердің бірі болып қалғаны анық.
Қызы Гүлбаһрам академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Аудит және есеп» мамандығы бойынша тәмамдаған. Бүгінде ол кәсіпкерлік саласында өз ісін дамытып, еңбектеніп келеді.
Өмірлік жары Айдос Әділбайұлы да жоғары білімді, білікті маман. Ол Алматы қаласындағы М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын бітірген. Теміржол саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, жауапты басшылық қызметтер атқарған. Қазіргі таңда Айдос Әділбайұлы да кәсіпкерлік бағытта табысты еңбек етіп, отбасының берекесі мен ел игілігіне өз үлесін қосып келеді.
Бүгінде олар мектеп жасындағы Әліби, Нұрәли, Мәриям, Нұрислам және Айтуар есімді балаларының тәрбиесіне ерекше мән беріп, ұрпағын білімді, тәрбиелі, елжанды азамат етіп өсіру жолында еңбек етуде.
Әңгімемізге өзек болып отырған кейіпкеріміздің өмір жолы – өнерді серік еткен, отбасы құндылығын биік қойған, туған елінің абыройын асқақтатуға үлес қосқан азаматтың тағылымды ғұмыры.
Алшағыр Көрпешұлының азаматтық белсенділігі қоғамдық-саяси жұмыстардан да көрініс тапты. 2001 жылдан бастап саяси қоғамдық өмірге араласып, партия мүшесі ретінде түрлі қоғамдық міндеттер атқарды. Әр жылдардағы сайлау науқандарына қатысып, сенімді өкіл, бақылаушы және сайлау округі төрағасы ретінде сайлау үдерістерінің заңдылығы мен әділ өтуіне үлес қосты.
Жақаев Алшағыр Көрпешұлының өнермен өрілген өмірі – адал еңбек пен үздіксіз ізденістің, кәсіби шеберлік пен өнерге деген сүйіспеншіліктің үйлесімді көрінісі. Құқық саласында да, мәдениет бағытында да өзіндік із қалдырып жүрген ол елге қызмет етуді басты мұрат еткен, қоғамның дамуына үлесін қосып келе жатқан азамат.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
