Жалпы қандастар үшін мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлық мол. Ай сайынғы шәкіртақыдан тыс тегін жатақхана ұсынғандар да бар. Оқуға түсу жағынан да жеңілдіктер қарастырылған. Солардың ішінде, Өзбекстандағы қаракөздеріміз қазақ еліне келіп білім алуға ниетті. Сондай қалалардың бірі – Ташкент облысы, Шыршықта қалың қазақ тұрады. Шаһарда 5 қазақ мектебі жұмыс істейді. Білім ордаларының әрқайсысы сырттағы ағайынға кемі 200 гранттан бөліп отыр. Осындай ауқымды білім көрмесінің ұйымдастыруымен ұйытқы болған жандардың бірі – Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының «Жастарға білім беру және олардың тәлім-тәрбиесі бойынша» бөлімше басшысы, білім және ғылым бөлімі меңгерушісінің орынбасары Клара Садырбаева.
Ұлт жанашыры болып жүрген Клара Қондыбайқызы білім саласында қызмет атқарып жүрген көп жылдар өтті. Осы уақытта қаншама студенттің еліміздің жоғары орындарынан білім нәрін татуына зор үлес қосқан тұлғалардың бірі. Осындай білім көрмесі биыл да жалғасын тауыпты. Осынау көрмеге біздің Қарағанды жоғары оқу орындарының өкілдері де қатысқанын айта кетейік.
– Өзбекстан Республикасында бүгінгі күнде 376 қазақ мектебі жұмыс жасайды. Сондықтан да мұнда жасап қазақ баласы осы қазақ мектебінде білім алып жатқанына қуанышпен айта аламын. Мұның барлығы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың белгісі деп есептейміз, – дейді білім саласының үздігі Клара Садырбаева.
Бұл шараның өтуіне мұрындық болып жүрген «Отандастар қорын» да айта кеткен жөн. Әрине, «Отандастар қоры» Президенті Данияр Қадыровтың, оның белді өкілдері Дидар Болат, Талғат Кенжебекұлының еңбегі зор.
– Қазақстан Үкіметі жыл сайын қандас жастарға квота бөледі. Соны игеру мақсатында еліміздің ЖОО алып келіп, қандас жастарға ақпараттық қолдау көрсетеміз, – дейді «Отандастар қорының» өкілі Талғат Кенжебекұлы.
Сондай-ақ, түзілген меморандумға сәйкес оқу көрмесі Науаи облысы Зарафшан қаласында да жалғасын тапты.
Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ