Оқушы Қазақстан чемпионы атанды

Қарағандылық жоғары сынып оқушысы Диана Сульгите тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті бұзылған спортшылар арасында өткен шахматтан Қазақстан чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Жүлде үшін елдің 16 өңірінен келген 120-дан астам қатысушы бақ сынасты.

Турнир Тараз қаласында рапид және классикалық партиялар форматында, швейцар жүйесі бойынша өтті. Әрбір қателік жүлделі орыннан айыруы мүмкін еді. Диана жарыс жолын сенімді өтіп, қыздар арасында үздік атанды.

Он бірінші сынып оқушысы Қарағанды қаласындағы №2 арнайы мектеп-интернатта білім алады және шахматпен бес жылдан бері айналысады. Осы уақыт аралығында ол қалалық және облыстық турнирлерде бірнеше рет жеңіске жетіп, өткен жылы Қарағанды облысының чемпионы атанған.

– Бізде мүгедектер спорты мектебімен келісім бар. Олардың жаттықтырушылары біздің тәрбиеленушілермен жұмыс істейді. Диана шахматпен айналысуды өзі қалады. Оның ойлау қабілеті аналитикалық, математика мен информатиканы жақсы көреді. Диана өте мақсатшыл, қабілетті, – деді №2 мектеп-интернатының директоры Эльмира Амандықова.

Ұлттық додаға дайындықты «Чатуранга» шахмат орталығы мен Қарағанды облыстық шахмат федерациясының жаттықтырушылары қамтамасыз етті. Дианамен жеке түрде федерацияның вице-президенті Салтанат Тоқташ және жаттықтырушы Татьяна Гаршина жұмыс істеді.

Енді чемпион қыз Испанияда өтетін халықаралық жарыстарға дайындалады.

Ерік РЫМҒАЛИЕВ