Оқыту, дамыту және әріптестік

Қарағанды облысында өткен форумда жұмысшы мамандықтарының келешегі және техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды. Іс-шара өңірдің жетекші оқу орындарының бірі – Теміртау жоғары политехникалық колледжінің базасында ұйымдастырылды. Форумға қатысушылар заманауи өндірістерге қажетті білікті мамандарды даярлау, колледждердің коммерциялық әлеуетін арттыру және білім мен бизнестің өзара ынтымақтастығын нығайту жолдарын қарастырды.

Білім мен тәжірибенің өзара сабақтастығы – кәсіби даярлықтың басты қағидаты екені атап өтілді. Қатысушылардың пікірінше, болашақ – заманауи технологияларды меңгерген, жаңашыл ойлайтын мамандардың қолында. Сондықтан колледждер мен кәсіпорындар арасындағы серіктестікті одан әрі күшейту аса маңызды.

– Білікті кадрларды даярлау – өңір экономикасының негізгі басымдықтарының бірі. Қазір жаңа мамандықтар атласы бекітіліп, ол аймақтағы техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғыртудың негізіне айналды. Дегенмен жыл сайын жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың дамуына байланысты жаңа міндеттер туындап отыр, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Форум барысында инновациялық жобалар таныстырылды. Теміртау жоғары политехникалық колледжінде заманауи зертханалар ашылып, жақын уақытта Жасанды интеллект орталығы мен Су шаруашылығы орталығының іске қосылуы жоспарланып отыр. Сонымен қатар оқу орны халықаралық әріптестікті де дамытып келеді – Қытаймен бірлесіп электромобильдер мен дрондарға қызмет көрсету орталығы ашылған.

Форум қорытындысында қатысушылар кәсіби-техникалық білім беруді дамыту жөніндегі нақты ұсыныстар мен кадр даярлау жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсынымдар қамтылған қарар қабылдады.

Шара соңында техникалық және кәсіптік білім беру саласының үздік педагогтары мен әлеуметтік серіктестер марапатталды.